Күздің басында Абай облысының аумағында дала өрті болып, тілсіз жау халықты біраз әбігерге салған еді. Төтенше жағдай кезінде арнаулы қызметтермен бірге өртті сөндіруге жергілікті азаматтар да жұмылған болатын.
Сын сағатта мүдіріп қалмай шұғыл әрекет ете білген жанның бірі – Тоқтамыс ауылдық округінің тұрғыны Ербол Рахин. Дала өртін сөндіруде Абай ауданының азаматы қайтпас қайсарлығымен танылды.
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев дала өртін сөндіруде көрсеткен ерлігі үшін Ербол Рахинге «Ерлігі үшін» медалін тапсырды. «Тұтқиылдан келген апатқа тайсалмай қарсы тұрып, сын сағатта ерен ерлік жасайтын Ербол сынды азаматтар барда қандай да болсын қатерге төтеп беретінімізге сенімдіміз. Сондықтан сіздің ерлігіңіз бен отаншылдық ұстанымыңызға мың алғыс», деді Н.Ұранхаев.
Биыл қыркүйек айында Абай ауданының Тоқтамыс ауылдық округінің алқаптарында дала өрті болып, мың гектарға жуық аумақты жалын шарпыған еді. Өртті сөндіруге 168 адам мен 27 техника жұмылдырылды. Тілсіз жаумен күресте Тоқтамыс ауылының тұрғындары да белсенді атсалысқан-ды.
Ербол Рахин өртпен арпалысып жүрген кезде лаулаған от жан-жағын шарпып, жалынның ортасында қалып қояды. Жылдам әрекет ету арқылы ол төтенше оқиға орнынан аман шығады. Алайда оның екі қолы мен тізесін күйік шалған еді.
Абай облысы