• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Президент 19 Қазан, 2022

Президент Алматы облысының туристік әлеуетін дамытатын факторларды атады

573 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының жұртшылығымен кездесуі барысында өңірдің туристік әлеуеті зор екенін айтты, деп жазады Egemen.kz.

«Алматы облысы – еліміздегі туристік саланың флагманы. Оның басты бәсекелестік артықшылығы - өлкенің алуан түрлілігіне бай табиғаты. Ұлттық байлықтың – көркем шатқалдардың, жағалау сызықтары мен су айдындарының, ұлттық саябақтар мен қорықтардың заңсыз жекешелендірілуіне жол берілмейді. Үкімет пен әкімдік мұндай фактілерге ерекше назар аударуы қажет», деді Қазақстан Президенті.

Бұл ретте Мемлекет басшысы еліміздің киелі символы - қар барысының санын көбейтіп, сақтау маңызды мәселелердің бірі екенін айтты.

«Іле Алатауы өзінің бірегей жабайы өсімдіктері мен жануарларымен танымал және халықаралық туристерді тарту үшін қуатты магнит бола алады. Халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып, біз тауларымызда еліміздің киелі символы - қар барысының санын көбейтуге күш саламыз. Іле-Балқаш табиғи резерватында жолбарыстарды реинтродукциялаудың бірегей жобасы іске қосылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ұлттық парктеріне келушілер саны 1,5 миллионға жеткені қуантады – бұл рекордтық көрсеткіш», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент өңірдің туристік әлеуетін дамытуға ықпал ететін бірнеше факторларды атады.

«Облыстың туристік әлеуетін арттыруға Танбалы Тас шатқалында Tengri Ultra марафоны және Қапшағай су қоймасында Oceanman жүзу сияқты халықаралық жарыстарды өткізу ықпал етеді. Қазіргі уақытта бұл су қоймасы ауыз сумен жабдықтау, суару, балық аулау, рекреация көзі ретінде пайдаланылады. Үкімет Қапшағай су қоймасының мәртебесін елдің негізгі туристік нысандарының бірі ретінде белгілеуі керек. Туризм аймақтағы ауыл шаруашылығының тұрақты өсуіне де септігін тигізуі мүмкін. Қазақстан сияқты теңізге шыға алмайтын Австрия да тау шаңғысымен қатар шарап туризмін табысты ілгерілетіп, өзінің жүзім шаруашылығына және аграрлық секторына жәрдемдесуде. Бұл біз үшін жақсы үлгі», деді Мемлекет басшысы.