Алматыда өткен халықаралық қонақ үй форумында аталған сегменттің ойыншылары, тәуелсіз сарапшылар деңгейінде ішкі туризмді дамыту жайы талқыланды. Биыл бесінші рет ұйымдастырылған форумға Франция, БАӘ, Грузия, Пәкістан, Ресей, Өзбек- стан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстанның қонақ үй бизнесі индустриясының сарапшылары қатысты.
Жиын барысында коронавирустан кейінгі саланың ахуалы, сондай-ақ ішкі туризмді дамыту мәселелері ашық айтылды. Бірер жыл бойы шетелге саяхаттау мүмкіндігінің шектеліп қалуынан елішілік туризмге назар аударыла бастағаны белгілі. Енді саяхатшылардың беталысын ішкі туризмнің пайдасына бұру ғана қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді экономиканың табысы мол саласына айналдыру үшін кешенді және мазмұнды жұмыс жүргізу қажеттігін, шетел тәжірибесінен үлгі алуға болатынын, көрме-презентация, форумдар мен буклеттер мәселені шешпейтінін жиі айтады.
Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің болжамы бойынша 2022-2032 жылдар аралығында бұл салада жаңа бетбұрыстар болады. Әлемдік экономикадағы туризм және саяхат индустриясы жылына орта есеппен 5,8 пайызға өсіп келеді. Халықаралық ұйымның мәліметтері туризм арқылы 126 млн қосымша жұмыс орны ашылатынын көрсетеді. Мұның бәрі туризм индустриясын қалпына келтіру трансформацияның жаңа мүмкіндіктеріне айналатынын көрсетеді.
Қазақстандағы туризм индустриясы өкілдерінің баяндауынша, жыл басынан бастап елімізге келген туристер саны артқан. Егер 2021 жылы олардың саны 7 млн-ға жуық адамды құраса, жылдың соңына қарай 8 млн-ға жетеді деген болжам бар. Алматы кластері 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында елдегі ең танымал туристік бағыт болды. Жыл басынан бері Қазақстанға келген шетелдік туристердің жартысы, ал отандық туристердің үштен бірі Алматыға ат басын бұрды. Екінші орын – Астана қаласы мен Ақмола облысының еншісінде. Бұл өңірлерге елге келген әрбір бесінші турист, яғни Қазақстанға ат ізін салған барша туристің шамамен 22 пайызы келген. Батыс пен шығыс өңірлер бағытында да өткен жылдармен салыстырғанда өсім бар.
Көрші Ресейде ішінара мобилизция жарияланған соң Қазақстанда ішкі-сыртқы бағыттағы пойыз бен ұшақ билеттері қымбаттап, пәтерақы және қонақ үй жалдау құны да күрт өсті. Елімізде осы ретте қонақүйлердің бағасын тежейтін бақылаушы орган жоқ екені белгілі болып қалды.
Visit Almaty туристік ақпараттық орталығы директорының орынбасары Бауыржан Пазылқайырдың айтуынша, жылдың алғашқы жартысында Алматы мен Астана қалаларындағы қонақ үйлердің орташа толу көрсеткіші 38,4 пайыз болса, маусым айында 80 пайыз, ал тамыз айында 90 пайыздан асып жығылған.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының жүйелік шараларды жүзеге асыру департаментінің директоры Тимур Қожубеков дәл қазір туристерге арналған жатын-жайларды 205 мыңнан 220 мыңға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл бәсекелестік ортада бағаның деңгейін сұраныс қалыптастырады. Мемлекет ел ішіндегі кейбір бағыт бойынша жолдама құнын субсидия арқылы арзандата алады, ал сыртқы бағыттағы билет бағасына араласуға міндетті емес, оған құзыры да жоқ. Қазір қонақ үй бизнесін барлық өңірде субсидиялаудың қажеті шамалы. Ақтау, Астана, Алматы бағытында біршама өсім бар. Енді шығыс, орталық және солтүстік аймақтардағы қонақ үй бизнесін аяғынан тік тұрғызуға назар аудару керек.
Жиында мемлекеттің қонақ үй бизнесіне ел ішіндегі инвесторларды тартуға мүдделі болып отырғаны айтылды. Қазақстанда eqonaq ақпараттық жүйесі енгізілді. Соның көмегімен елге келетін туристерді онлайн бақылауға болады. Т.Қожубековтің айтуынша, бұл жүйе шетелдіктерді тіркеуге және бизнес-процестерді оңтайландыруға мүмкіндік берді. Сарапшы мемлекет бұдан өзге де қолдау шараларын көрсетуге дайын екенін жеткізді. Атап айтқанда, қонақ үй құрылысы шығындарын, жеңілдетілген несиелеу және инвестициялық преференциялардың 10 пайызын мемлекет төлейді. Инвестор кем дегенде 600 млн теңге салуға дайын болса, мемлекет оған преференциялар беруге дайын.
«Біз әуе-темір жол тасымалдаушыларына ықпал ететін уәкілетті орган емеспіз. Бұл жұмыспен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті айналысады. Баға белгілеу әлі де кәсіпкерлердің құзырында. Мемлекет тек субсидия бере алады. Менің білуімше, өткен маусымда мемлекет кейбір рейстерді субсидиялауға қаражат бөлді», деді Т.Қожубеков.
Ішкі туризмді дамытуда мемлекеттік қолдау да маңызды. Елімізде бұл бағытта мемлекеттің субсидиясымен қаржыландырылған бірнеше бағдарлама бар. Бірінші бағдарлама бойынша қарыз алушыға бес жыл мерзімге 6 пайыздық мөлшерлеме болса, екінші «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бес жылға 7 пайызды ұсынады. Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы несиені өтеу мерзімін ұзарту бағыты бойынша Үкіметке ұсыныстар әзірлеп жатыр.
Осы ортада туристік кэшбэк жайлы біраздан бері айтылып жүр. Бірақ кейбір сарапшылар бұл жүйені бүгін-ертең іске қосуға дайын еместігімізді, алдымен туристік қызмет туралы заңға өзгертулер енгізу қажеттігін айтып қалады.
«Үкімет пен Парламенттің қолдауымен кэшбэкті енгізе алатынымызға сенімдімін. Бірақ оның қашан енгізілетіні туралы айта алмаймын. Бұл ұсыныс Премьер-Министр Ә.Смайыловтың қатысуымен өткен Үкімет отырысында мақұлданды», деді Т.Қожубеков.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда «Kids go Free» жүйесі кэшбек жөніндегі бағдарламаның алғышарты деген пікір де бар. «Kids go Free» ел ішінде саяхаттау үшін турпакет сатып алған кезде мемлекет кәмелетке толмаған балалардың әуе билеттерінің құнын 100 пайызын субсидиялайды. «Kazakh Tourism» агенттігінің мәліметінше, балалар әуе билеттерінің толық субсидиялануы арқылы қазақстандық отбасыларға ел бойынша турлар үштен біріне жуық бағаға арзандайды.
«Бұл бағыт бойынша отбасы шығынының үштен біріне дейін мемлекет есебінен болады. Субсидияланған әуе билеттері арқылы біз отбасылық демалысқа қол жеткіземіз. Осы уақытқа дейін 600 отбасы бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланды. 19 млн халқы бар Қазақстан үшін бұл көңілге қонымды көрсеткіш емес, бәрі уақыттың еншісінде», деп атап өтті Т.Қожубеков.
Халықаралық сарапшылар да еліміздегі туризмді дамытуға қатысты өз пікірлерімен бөлісті. Мамандар қызмет көрсету саласын ірі қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де дамыту керек деп есептейді, ішкі бағыттағы әуе-теміржол тасымалы, қонақ үй сегментіндегі бағаның кемінде 10 пайызына мемлекет тарапынан субсидия бөлінгенін жөн көреді.
Қазақстанда ішкі-сыртқы бағыттағы әуе билеттері құнының қымбаттығын Пәкістан қонақ үй қауымдастығы төрағасының аға орынбасары Мансур Шах да айтып берді. Ол 30 жыл бұрын әлемнің туристік картасында Түркияға көпшіліктің назары мүлдем аумағанын айта келе, ел билігі әуе-темір жол тасымалы билетін мемлекеттік субсидия есебінен төмендеткенін жеткізді. Теңіз жағасына ел қондырды, іс бастаймын дегендерге кезең-кезеңімен пайызы жеңілдетілген несие берді. Біріккен Араб Әмірліктерінде де осы сияқты қолдау көрсетілді. Ірі әуе компаниялары мен трансферттік хаб құру арқылы жыл сайын миллиондаған туристер ат басын бұра бастады. Туризммен бірге қонақ үй бизнесі, отандық жеңіл өнеркәсіп күре тамырына да қан жүгірді. Сондай-ақ келесі мәселе – 3-4 жұлдызды қонақ үйлерді көптеп салу қажеттілігі. «Дәл осы салаға әзірге жеткілікті капитал салынбаған. Элиталық және қымбат емес, бөлмелері таза, сервисі жақсы, бағасы қолжетімді мейрамханалары бар орташа қонақүйлер сұранысқа ие», деді спикер.
Ол сондай-ақ ел үкіметі Қазақстанды әлемге тануға бағытталған қадамдар жасап жатқанын, қазақтың мәдениеті, тарихынан әлем құлағдар бола бастағанын да айтып өтті. Бірақ әлі де көп дүние қолға алынуы керек. Инфрақұрылымға инвестиция салып, туризм қызметкерлерін оқыту қажет. Бұл фактор келушілерге ел туралы жағымды әсер қалдыру үшін маңызды.
Осы уақытқа дейін сарапшылар қонақ үй бизнесіне ШОБ-тың мүмкіндігін жұмылдыру жайлы талай рет айтты. Яғни туризм қайда болса ШОБ сонда болуы қажеттігін, тіпті бес жұлдызды қонақ үйлердегі төсек жамылғысынан бастап бір рет қолданатын жеңіл аяқ киімдерді дайындауға отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдерін дайындау керегін ескертті. Қырғызстан, Өзбекстан қонақ үйлеріндегі төсек жамылғысынан бастап, ыдыс аяққа дейін отандық өнімді қолданатынын осы кезге дейін талай рет көргенбіз. Бұл тарапта ұятты екеніміз байқалады.
Грузияның қонақ үй шаруашылығы институты бас директорының орынбасары Ана Абрамишвили елдің туристік тартымдылығының жетістігі қызмет көрсетуде екенін жеткізді. Егер қонақ үй мәзірі отандық өнімдермен толығып жатса, экономиканың күре тамырына қан жүгіреді. Грузия қонақ үйлерінің отандық өнімдермен қамтамасыз етілуі қалыпты жағдай. Өйткені бірінші кезекте отандық өнімдерге назар аударылады. Туризм сегментіндегі тренд – бір рет барған адамдардың қайта оралуына, ұдайы сағынып тұруына басымдық береді, бар мүмкіндігін осы бағытқа жұмылдырады.
«Сала дамуының кілті – жас мамандарды даярлауда. Шетелдік туристер ағынын толық ашып, ұлғайту үшін осы саланың мамандарын даярлаудың маңызы зор», деді Грузиядан келген қонақ.
Аты әлемге танылған алпауыт компаниялар біздің туризм сегментіне келуге асығып отырған жоқ. Бұл елімізге ғана емес, жан-жағымызға да ортақ жағдай. Пандемия осы саланың іскерлік белсенділігіне сызат түсірді.
ТМД елдеріндегі Accor қонақ үйлері желісінің бас директоры Алексис Делароффтың айтуынша, қоғамдық сана пандемияның салдарынан әлі айыққан жоқ. Отандық қонақ үйлер қонақтардың келесі толқынын күзде – көрмелер мен іскерлік іс-шаралар кезінде күтеді. Бұл жыл біраз адамға осы сала үшін жағымды жаңалықтармен жабылады, пандемияға дейінгі деңгейге оралады деп ойлауға мүмкіндік беріп тұр. Ал барынша салқынқанды қазіргі деңгейге миграциялық туризм себеп болып отыр. Оған сеніп қалуға болмайды, біз пандемияға дейінгі көрсеткішке 2023 жылы жетеміз, дейді А.Деларофф. Яғни қазіргі миграциялық туризм аталған индустрияға ет пен терінің арасындағы жел тәрізді болмашы ғана әсер етеді. Бұл кезеңде табысты әртараптандыруға бағыттағандардың ғана бәсі басым болады.
«Біз рекреациялық туристік индустрияда-ақ бизнесті одан әрі дамыту мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Үкіметтің осы салаға дем бергенін қалаймыз», деді ол. Шетелдік сарапшы айтып өткендей, осы бағыттағы сұранысқа ие бағыттардың бірі – лайфстайл үлгісіндегі қонақ үйлер. Бұл – ең алдымен жергілікті тұрғындарға бағытталған инфрақұрылымдық нысандар. Басқа елге келген туристер жергілікті тұрғындармен танысқанды ұнатады. «Бұл бағыт ШОБ пен қонақ үй бизнесінің интеграциясын жылдамдататынын көріп жүрміз. Шығыс Қазақстанның тауларында, Алматы мен Астананың айналасында лайфстайл үлгісіндегі қонақ үйлерге сұраныс басым», деп сөзін түйіндеді А.Деларофф.
АЛМАТЫ