Республика күнінің қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысында Алаш қайраткерлерінің қазақ халқына сіңірген ерен еңбектерін еске алып, ұрпаққа танытқан айтулы іс-шара болды. Осы шараның аясында алдымен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Ғасырлар тоғысындағы Солтүстік Қазақстан: тарих және қазіргі заман» атты республикалық ғылыми-теориялық семинар ашылды. Оның жұмысына қатысу үшін Алматы мен Астанадан, Қостанай мен Көкшетаудан белгілі ғалымдар, зерттеушілер, қоғам қайраткерлері Сабыр Қасымов, Аманжол Күзембайұлы, Серік Негимов, Жандарбек Мәлібеков, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Гүлнәр Мұқанова, патриоттық тамаша әндердің авторы, композитор Жоламан Тұрсынбаев және т.б., сондай-ақ жергілікті өлкетанушылар мен зерттеушілер қатысты.
Өңірдің тарихы кешенді түрде зерттеледі
Жиынды Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек ашып, сөз сөйледі. Алғашқы болып «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның» құрылуына тікелей ұйытқы болған қоғам қайраткері, заңгер Сабыр Қасымов сөз алып, комиссия мүшелігіне тартылған республика ғалымдарының 2,5 млн құжатты ақтарып, кеңестік жүйенің қылмыстарын ашқанын және солардан қорытынды жасап, жазықсыз жапа шеккендердің бәрін толық ақтау жөніндегі заң жобасын дайындағанын айтты. Сонымен бірге ол Солтүстік Қазақстан өңірі Алаш қозғалысының бір орталығы болғанын, алайда соның зерттелуі кешеңдеп жатқанын ескертті.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов өзінің сөзінде Ботай мәдениетінің маңызына тоқтала келіп, «Ол біздің мақтанышымыз. Ботай мәдениеті біздің әлемдік өркениетке қосқан үлесімізді айғақтайды. Ботай мәдениеті қазақтардың сол заманнан өз жерінде отырғандығының дәлелі. Сондықтан тарихшылар өздерінің зерттеу әлқиссасын Ботай кезеңінен бастау керек», деді.
«Солтүстік Қазақстанның топонимикалық және ономастикалық мәселелері» деген тақырыпта баяндама жасаған профессор Зарқын Тайшыбай өздерінің 800 беттік жинақ шығарып, облыстағы барлық жер, су атауларының қазақшасын жаңғыртқандарын жеткізді. «Алайда соны қалпына келтіруде жергілікті билік әлі күнге самарқаулық танытып отыр», деді ғалым. Оның сөзін жалғастырған А.Байтұрсынов атындағы Қостанай университетінің профессоры Аманжол Күзембайұлы: «Бізге бабаларымыз архив қалдырған жоқ, тарихымыздың дерегін жазған жоқ, бізге қалдырғаны жер-су атаулары. Атау кімдікі болса – жер де соныкі. Осы бағытты ұстап біз Қостанай өңірі топонимикасының 5 томдығын шығардық. Бұл қазіргі жерімізде қазақ болмаған деген ұшқары пікірлерге соққы беретін маңызды құрал», деді әңгімені әріден қозғап. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек Қабылдинов 1752 жылы Ресей патшалығы «Новоишимская» шекаралық белдеуін (халық арасында «Қасірет белдеуі» атанған) жүргізгенге дейін қазақ жерінде орыс патшалығының бірде-бір бейбіт елді мекендері болмағанын айтты. «Бұл жерлер жылдың төрт мезгілінде шаруашылық талабына сәйкес рулар арасындағы өзара келісіммен тек қазақтың мекендеген атақоныстары. Осы жерлерге шекаралық бекіністер мен қорғандар салудың өзі біреудің атақонысын тартып алуға бағытталған отаршылдық саясатты жүзеге асыру ғана болатын», деп ол өзінің сөздерін тарихи деректерді көрсете отырып, баяндап шықты.
Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл ұлттық тарихтың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатқаны туралы баяндады. «Жаңа тарих жаңа көзқараспен жазылатын болады», деді ол өзінің сөзінде. Сонымен бірге білікті кадрлардың тапшылығын да айтып өтті. Мәселен, бізде шағатай тіліндегі жазуларды оқи алатын ғалымдар жоқ екен.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Гүлнәр Мұқанованың баяндамасы 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргіннің себептері мен салдарына арналды. Патша құлап, елде сегіз айдай Уақытша өкімет басқарған демократиялық ахуал орнағанда көзге түскен барлық ұйымдар мен қозғалыстардың бәрі 15 жылдан кейін ұлтшылдық сипат алды. «Тіпті оның алдында құрылған «Алқа», «Табалдырық», «Жас азамат» сияқты әдеби-көркемдік бағытты ұстанған ұйымдар мен үйірмелер де ұлтшылдардың ұйымы деп бағаланып, оның басқарушылары мен мүшелері қуғынға ұшырады. Ал «Алаш» партиясы мен «Алаш Орда» өкіметіне мүше болғандар 20-шы жылы берілген рақымшылыққа қарамай, бірден жаулар қатарына қосылды», деді ол.
Жуырда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының филиалы ашылған болатын. Соның директоры Нұрболат Әбуов те баяндама жасап, «аймақ тарихшыларының басты міндеті – өңірді тарихи тұрғыдан кешенді түрде зерттеу болып табылады. Сонымен қатар біз тарихшыларға табылған материалдардың бәрін жүйелеп, бір-бірімен байланысын табуды міндеттейміз», деді шешен.
Ертесіне семинарға қатысқан барлық ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар мен зерттеушілер 1918 жылы Алаш қайраткерлері қатысқан форум өткен жерде ашылатын стелланың ашылуына қатысу үшін 150 шақырым жердегі Жамбыл ауданына сапар шекті.
Арыстар бас қосқан алаң
1917 жылдың ақпан айында патша өкіметі құлап, ұланғайыр империяның барлық шегінде демократиялық қана емес орталықсыздандыруға бағытталған түрлі саяси күштер, ұйымдар, партиялар бас көтергенде қазақтың оқыған азаматтары да елдің талан-таражға түсіп, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпеуі үшін Алаштың ақ туын көтеріп, елді бір орталыққа үйіруге тырысты. 1917 жылдың 21-28 шілдесі аралығында Орынборда болған Бірінші жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясы құрылып, онда басқа да 14 мәселемен қатар бұрынғы Ресей империясының орнында құрылатын парламенттік-федеративтік республиканың құрамында Алаш автономиясы құрылатыны жарияланды. Осыдан кейін Алаш партиясының бағдарламасы Ресейдің құрылтай жиналысының қарсаңында жарияланып, оған қатысқан елу шақты партияның арасында депутаттық орынның саны бойынша (43 адам) 8-ші орын алды. Сол жылдың желтоқсан айында болған Екінші съезде Алаш автономиялы республикасы жарияланып, оның ресми атауы «Алаш-Орда» деп аталды. Барлық қазақ өлкесінде оның облыстық, ояздық комитеттері құрылды. Алашордаға орталықта және облыстарда басшы және мүше болғандардың бәрідерлік ақын-жазушылар ғана емес қазақтың оқыған азаматтары – дәрігерлер, мұғалімдер, заңгерлер, инженерлер, ғалымдар, тілмәштар, журналистер сияқты кілең білімді, қоғам қайраткерлері болды. Белсенді қызмет атқарған екі жылдай уақыттың ішінде Алаш қайраткерлері маңыздылығы бүгінгі күнге дейін жойылмаған істер атқарды. Соның ішінде Қазақстанның шекарасын белгіледі. Оқу-ағарту жұмыстары саласында қыруар еңбектер атқарды. Қазақ тілінде математика, тарих, география, педагогика мен психология, медицина, тіл білімі және басқа ғылым салалары бойынша кітаптар, оқулықтар жазылды. Орыс тілінде шыққан кітаптар қазақшаға біліктілікпен аударылды. Бірнеше орта деңгейлі мамандар даярлайтын (медицина, ветеринария, агрономия, бухгалтерия) және Қазақтың ағарту институты, педагогикалық институты сияқты жоғары білім беретін оқу орындары ашылды. Қазақ даласында жүздеген қазақ мектептері, интернаттары ашылып, жас ұрпаққа есіктерін айқара ашты. Осының бәрін кешегі басқыншы өкіметтің баспалдақтарында қызмет істеп, шовинистік саясатты бастарына сіңіріп қалған кертартпалар мен әпербақан «қызыл комиссарлармен» айқаса жүріп жасап жатты.
Кейін халықтың қара нөпір қалың тобы – жұмысшылар мен шаруаларды өз жағына алдамшы ұрандармен тартып, биліктің бәрін жеке-дара басып алған большевиктер партиясы барлық демократиялық үдерістерді жойып, азаматтық соғыста жеңіп, «пролетарлық диктатура» орнатқанда ақтар жағында қолға қару алып күреспесе де жақтады деген сылтаумен басқа партиялардың бәрін халыққа жау санап, алдымен қоғамдық-саяси өмірден аластатты, одан әрі қызыл әпербақандық тіпті күшейіп, олардың басшыларын ғана емес қатардағы мүшелеріне дейін атып, асып, ақырғыларын 37-38-дің «қызыл қырғынында» жойды. Осы қырғындарда ұлтымыздың білімді қайраткерлерінің тек саусақпен санарлығы ғана аман қалып, негізгі қаймағы түгел құртылды. Әйтеуір, большевиктер қатарына енген қазақтың ауылдағы қожа-молдалардан шала оқыған белсенді жастары ғана аман қалды. Компартия олардың басына бұрынғы оқығандардың бәрі жау, олар тек байлардың мүддесін, яғни үстем тапты ғана жақтайды дегенді сіңіріп, білімді қазақтарға айдап салды.
«Алаш Орда» өкіметі құрылғанда оны қорғау үшін, Ресейдің сапырылысқан әскерінен елді аман сақтап қалу үшін әскери жасақ, қарулы күш (милиция) құру туралы Екінші съезде арнаулы қаулы қабылданған. Бұл туралы «Алаш Орданың» сайланған төрағасы Әлихан Бөкейхан былай деп жазған: «Съездің бұл шешімі қазақтар мекендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына (яғни қазақтар үшін жат-таптық жіктелу) жол бермеу мүдделерінен туындады…».
Осы мақсатты орындатуға Алаштың белсенді қайраткерлерінен 1918 жылы елдің басты-басты жерлеріне делегациялар аттандырады. Соның бірі – Қызылжар өңіріне келген Міржақып Дулатов бастаған делегация. Оның жиналысы осы өңірге танымал бай, Қорғанның коммерциялық банкінің ірі акционері, мектеп және медірессе ашқызған меценат Әлти қажының ауылында болды. Бұл байдың қыстауы Қызылжардан 150 шақырым жердегі баласы Сәдуақас болыс болып отырған Аққусақ деген құйқалы жерде болатын. Осы оқиғаны қазақтың болашақ әйгілі жазушысы Сәбит Мұқанов өз көзімен көрген. Өзінің «Өмір мектебі» кітабының екінші томында Бәкен деген кейіпкерінің аузымен ол Әлтидің алашордашыларды қалай қарсы алғанын былай баяндайды: «Әлти былайғы жұртқа: «Ауылдан келген жабайы қонақтарды сендер күтіңдер, оқыған азаматтарды өзім күтейін» депті. Азамат саны жүзге тарта кісі екен. Соларды Әлти қажы өзінің жазғы үш үйіне бөліп түсіреді де шаһар ғұрпын істеп, асты әркімге жеке ыдыспен бергізеді. Сонда осы үйдің сандықтарынан бұрын ешкім көрмеген нешетүрлі кәрлен шәшкелер мен фарфорлық қымбат тәрелкелер дюжиналап шығыпты. Қызылжардан, Омбыдан келген азаматтар «апырай, қазақта да мұндай мүлік болады екен» деп аузын ашып, көзін жұмады. Кешке қонақтар жатарда теңдеп буған кілемдерден ине-жіптен жаңа шыққан асыл көрпе-жастықтар алынып, жүзден аса қонаққа мол жетті...». (А-ты., «Өмір мектебі»., 1976 ж., 15-16 бб.).
Омбы, Көкшетау, Атбасар, Қызылжардан он мыңдай адам қатысқан Қазақ даласындағы сол жиын қазір аса ірі тарихи оқиғалардың қатарында аталып жүр. Осыдан дәл бір жыл бұрын осы оқиға орнына Алаш мемориалдық кешенін құрып, туристер тартатын киелі орынға айналдырамыз деген шешім қабылданған. Алайда бүкіл облыс көтеруге тиісті айтулы оқиға сиырқұйымшақтанып, әлі күнге жергілікті билік тарапынан жер участогы тұтастай бөлінген жоқ. Сондықтан кешен тұрғызудың орнына 18 млн теңгеге стелла қою туралы шешім қабылданып, ол Қызылжар-Благовещенка автотрассасының бойынан бұрылатын жерге орнады. Оның тұрғызылуына негізгі демеуші болып жүрген Әлтидің ұрпағы, кәсіпкер Нағашыбай Барлыбаев, ал қаржылық көмек көрсеткендер арасында Сабыр Қасымов, Жомарт Омаров, Алтынбек Сапаров, Сүйіндік Жолдасбаев, Жанбота Айтхожина және басқа азаматтар бар. Белгілі мүсінші Қазыбек Сатыбалды орнатқан бұл стелладан Алаш қайраткерлерінің бейнелерін тануға болады.
Бұл мекеннің орысшасы «Петровка», қазақшасы «Бақырілген» аталғанымен, кезінде Аққусақ болысының «Қызылой» деген қыстауы болған. Осыдан бір шақырымдай жерде Әлти қыстауы орналасқан. Бай жылқысының тұяғының санын тексеру үшін «Қызылой» көліне суаттауға жылқы құлағаннан кейін атпен орта тұсына барып, ұзын таяқты суға сүңгітеді екен. Егер су белгіленген межеде болса – жылқының түгел екенін содан білген.
Осы көлдің жағасында Алаш форумының театрландырылған көрінісі болды. Халық оны көлдің дөңінде, құдды амфитеатр сияқты биіктен қарап отырып тамашалады. С.Мұқанов атындағы облыстық музыкалы-драма театры әртістерінің күшімен дайындалған көріністің режиссері театрдың директоры Біржан Жалғасбаев екен. Міржақып Дулатов бастап, жүз шақты пәуескемен форумға келгендердің арасында Омбы облыстық комитетінен Ережеп Итбаев, Айдархан Тұрлыбаев, Қази Торсанов, Қызылжардан Салмақбай Күсемісов, Жұмағали Тілеулин, Көкшетаудан Ерқосай Мұқышев және т.б. арыстар қатысқан. Осы арыстардың бәрінің сөздері, халықты тебіренткен үндері жүз жылдан кейін қайта жаңғырып, халықты ұйытты. «Өзімізді өзіміз қорғай алмасақ бізді ешкім қорғамайды. Анталаған жаудың табанының астында қаламыз. Жанымды сақтаймын деп бұға берсек халық бола алмаймыз», деген жалынды үндер шықты алаштықтардың аузынан. Бүгінгі күні де бұл сөздер өзінің өзектілігін жойған жоқ. Өзін өзі қорғай алатын, ел болып іргесін бүтіндей алатын, қарсы жау келсе қабырғасы бір-бірлеп сөгілсе де қарсы тұра алатын халық қана бақытты өмір сүруге, тәуелсіз, азат ел болуға қақылы деп айтқың келеді.
Осы кеште қонақтарға 300-400 шақырым жол жүріп, Ш.Уәлиханов, Ақжар, Шал ақын, Мамлют, Есіл аудандарынан келген көкпаршылар да өнер көрсетіп, білек пен тақым күштерін сынап додаға түсті. Сондай-ақ қазақша күрестен де облыстық жарыс өткізілді.
Республика күніне арналып Алаш ардагерлерінің атын еске алған осынау дүбірлі жиынның басы-қасында облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Кемел Оспанов, Мәдениет басқармасының бастығы Досбол Әбдірайысов, белсенді азаматтар Ерік Нұрақаев, Жомарт Омаров, Нағашыбай Барлыбаев, Сәуле Мәлікова, Зәуре Қартова т.б. жүрді.
Солтүстік Қазақстан облысы