• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Қазан, 2022

Ырыздық мол

249 рет
көрсетілді

Былтыр қуаңшылықтан іш тартып қалған ақмолалық диқандар ерте көктемде қарабұйра танапқа тұқым сіңірген кезде көңілдерінің қобалжулы екенін жасыра алмаған. Көктен иіп, жерден берсе екен дескен олар. Биыл сол игі тілектеріне орай мол өнім жинады.

Жаз жауын-шашынды болды. Күз де жайлы. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуларына қарағанда, дән тамырлана бастағанда аса қажетті ылғал мол түскен. Бір өкініштісі, барлық ауданда бірдей емес. Егін шығымының ала-құла болуы да осыдан. Орта есеппен 11,6 миллиметрден 68,2 миллиметрге дейін жаңбыр жауған. Көктен игені сол емес пе?! Ылғал көлемі жылдағы деңгейден тиісінше 33,3 және 57,4 миллиметрге көп.

– Биыл егіннің 75 пайызы немесе 3,4 млн гектар алқап өнімді жақсы берді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшы­сы­ның орынбасары Еркеш Әленов. Жауапты науқанды күні бұ­рын межелеген мерзімде аяқта­дық. Біздің облыстың диқандары 5 млн 455 мың тонна алтын астықты қамбаға құйып алды. Өткен жылмен салыстырғанда, гектар берекесі өте жақсы, 11,7 центнерден айналды.

Сөз арасында шаруаның тап-тұйнақтай етіп атқарылуына өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының материалдық-техникалық базасы, машина-трактор паркі жақсаруы себепші болып отырғанын айта кетелік. Биылғы егін орағына 8,7 мың астық жинайтын комбайн қатысса, оның 4,4 мыңы – жоғары өнімді жаңа комбайндар.

Ағымдағы жылы ақық дән аялаған диқандар жалпы құны 35 млрд теңге болатын 1 025 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Бұл – өте үлкен күш. Мұн­дай жетістікке жету ең алдымен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көл-көсір қамқорлықтың нәтижесінде мүмкін болып отыр. Қуатты техникалар өнген дәнді жерде қалдырмауға септігін ти­гізіп, еңбек өнімділігін арттырды. Осындай күштің жемісі болар, кей жылдары сүмбіленің ақ жауынына тап болып, ақ қармен арпалысып егін бастыратын көрініс биыл қайталанған жоқ. Танап басынан алтын астықты 4,8 мың жүк көлігі қырманға, қырманнан қоймаға тасымалдады.

Ораққа шалғы түскен уақытта біршама жауын жауған. Диқандар астық ылғалды болар ма екен деп қауіптеніп еді. Бойында ылғалы мол астықты кептірудің салмағы элеваторлар мен астық сақтайтын кәсіпорындарға түсуі де ғажап емес болатын. Егін орағы қарқын алған кезде аспан шай­дай ашылып, ылғалды дән дала төсінде-ақ кеуіп үлгерді. Мол астықты лицензияланған 70 а­стық қабылдау кәсіпорны қабыл­дады. Олардың қамбасына 4,7 млн тонна астық сияды. Оған ірі ауыл шаруашылығы құры­лым­дарының жалпы көлемі 2 млн тон­налық астық қоймасын қос­са­ңыз, жалғыз түйір дәннің далада қалмайтынын түйсінуге болады.

Ел ырыздығын жинауға жұ­мыл­ған жұртқа мемлекет тара­пы­нан дер кезінде орасан зор қол­дау көмек көрсетілгенін жоғары­да айтып өттік. Сәл ғана нақ­тылайтын болсақ, жауапкершілігі мол күзгі науқан кезінде қажетті 83 мың тонна жанар-жағар май дер кезінде жеткізілді. Соның нәтижесінде ешбір техниканың қаңтарылып тұрмағаны анық.

Өңірдегі өзге аудандардан оқ бойы озып шыққаны – Сандықтау. Бұл ауданда да егін орағы уақтылы аяқталды. 314,8 мың гектар жерге дәнді дақылдар тұқымын сіңірген ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күзгі егін орағы кезінде ұйым­шылдықтың үлгісін көрсете білді. Бұл аудандағы гектар берекесі 20 центнерден айналды. Өңірдегі ең үздік көрсеткіш!

– Бұл қоңыр күздегі еселі еңбектің ғана нәтижесі емес, жыл бойы тынымсыз атқарылған істің шарапаты, – дейді аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков. Егіннің 53 пайызын бөлектеп орсақ, қалғанын тікелей бастырдық. Аудан диқандары келер жылдың егісі үшін де қам жасауда. 52 мың тонна сапалы тұқым қамбаларға құйылды. Астықпен бірге екінші нан есебіндегі 501,5 гектарды құрайтын алқапқа егілген картоп та, көкөніс те жиналды. Мал азығы да назарда болатын. Осы орайда, 300 тонна сүрлем да­йындалды, 52 мың тонна сабан жеткізілді. Қазір аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдары сүдігер жырту үстінде.

Тұқым демекші, облыс диқан­­дары жоғары өнікті 532 мың тонна тұқым дайындап алды. 2 млн тон­надан астам алтын астық­ты ла­йықты бағасымен сату көзде­ліп отыр. Нандық қасиеті жоғары Ақмо­ла өңірінің бидайы­на биыл да сұ­раныс мол. Қазір Иран, Тә­жік­стан, Қытай, Ресей мен Өзбек­станнан өтініштер түсіп жатыр.

– Егер үшінші сұрыпты би­дай­дың нандық қасиеті 23 пайыз болуы талап етілсе, биылғы көр­сеткіш 28 пайызға жетіп отыр, – дейді Еркеш Әленов. Бұл – соңғы жылдардағы тамаша көрсеткіш.

Өткен жылы гектар берекесі 9,1 центнерден айналған болатын. Биылғы көрсеткіш 11,7 центнерге жетіп отыр. Мамандар гектар берекесінің артуы – егіншілік мәдениетінің жақсаруынан десіп отыр.

Жаңа технологияға иек арт­қан шалғайдағы Жақсы ауданы да 463 мың гектардан 523 мың тонна астық жинап, ел игілігін молайтуға өз үлес­терін қосты. Жақсының жалпақ даласындағы «Қаражон», «Новокиенка», «Труд», «Қима Агро», «Тарас» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тіктері көш бастады.

Ырыздықты молайтқан дархан даладағы еңбек ерлерінің іс-қимылы кейінгі жасқа өміршең өнеге. Ырысы молайған өлкенің ынтымағы еселене түседі.

 

Ақмола облысы