Ел мен елді жалғаған «Теңіз-Новороссийск» мұнай құбыры Қазақстан-Ресей арасындағы экономикалық байланыстың нығаюына тың серпін берді
Ел тәуелсіздігінің, сонымен бірге, көршілес Ресей Федерациясымен арадағы интеграциялық байланыстың отандық экономиканы өркендетуге тікелей септігі тигені жасырын емес. Осы ретте алдымен «Теңіз-Новороссийск» құбыр жобасын айтуға болады. Қазыналы қазақ жеріндегі әйгілі «Теңіз» кенішінен бастау алып, Қара теңіз жағалауындағы Новороссийск айлағына дейін созылған 1511 шақырымдық мұнай құбыры жобасын іске асырудың негізі 1992 жылы қаланып, Каспий құбырлы өткізгіш консорциумы құрылды. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы және Оман сұлтандығы арасында келісім жасалды. Мұны мұнайшылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төл жобасы деп атайды. Бұл — шындық. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен, табандылығымен іске асырылған нақ осы жоба арқылы «Теңіз» кенішінің «қара алтынын» әлемдік рынокқа төтелей шығаруға жаңа дәліз ашылды. Дегенмен, бел-белесті қуалап, ел мен елді бір-біріне жалғаған төте құбырдың дені Ресей жерімен өтетіндіктен, көрші ел басшыларын келіссөзге көндірген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысына сапарының бірінде бұл жоба туралы былай деп еді: – Атырау — қарқынды өркендеп, өсіп келе жатқан аймақтардың бірі. Әлі де қарқынды даму үдерісі жалғаса береді. Облыс экономикасын көтеру, мұнай кеніштерін игеру үшін «Шеврон» компаниясын елге инвестиция салуға әкелдік. Себебі, жеріміздегі мол мұнайды игеруге өзіміздің технологиямыз болмады. Осы инвесторды әкелмесек, жердің астындағы мол байлық жата беруі мүмкін еді. Сондықтан шетел инвестициясын көптеп тарттық. Мұнайды өндіргеннен кейін оны шетел рыногына сату жолдарын іздеу керек болды. Сол себептен, Қара теңізге тікелей мұнай құбырын тарту жобасын қолға алдық. Әрине, бұл оңай жоба болмады. Алты жыл бойы Ресей басшыларымен келіссөздер жүргіздік. Расында да солай. Ресейдің сол кездегі президенті Борис Ельцинмен алты жыл бойы аянбай келіссөз жүргізген Елбасының табандылығы өз жемісін берді. Бастапқыда төрт кезеңге бөлініп жүргізілетіні бағдарланған жобаның 4 миллиард АҚШ долларына бағаланған жалпы құнынан Ресейдің Астрахань облысы мен Қалмақ Республикасы, Ставрополь, Краснодар аймақтары бюджеттеріне түсетін салық мөлшері көңілге қонымды болатынын әуелгіде бағдарлай алмаған көрші ел басшылары, енді, бұл жобаның өздеріне тиімді болғанына көз жеткізіп отыр. Құбырдың қазақстандық бөлігінде 45 миллион доллардың жаңғырту жұмыстары жасалды. Бірнеше жерде құбыр бойымен сырғыған мұнайдың қысымын анықтайтын қондырғылар орнатылды. Қазір «Теңіз» кенішінен басталып, Ресейдің жоғарыда айтылған бірнеше өңірлері аумағымен Қара теңіз жағалауына маңдай тіреген құбыр бойымен мұнай тасымалданғалы 10 жылдан асты. Тиімді тұстары жоқ емес. Ең бастысы, қазақ мұнайының шетел рыногына жету жолының ұзақтығы едәуір қысқарды. Мұны шетел рыногына бағыт алған «қара алтын» жолына кесе-көлденең тартылатын, сапасына кері әсер ететін кедергілердің азаюы тұрғысынан айтып отырмыз. Жоба бойынша бұл құбырмен 40 жыл бойына үздіксіз өнім тасымалдауға мол мүмкіндік болатынына болжам жасалған. Өйткені, Қазақстанда таяу жылдары өндірілетін мұнай көлемі күрт көбеймек. Әсіресе, «Теңізшевройлдың» екінші буын аталатын жобасы іске қосылғаннан кейін «Теңіздің» берер өнімі еселеніп шыға келді. Енді бұл кәсіпорын келешек кеңею жобасын іске асырғалы отыр. Сол кезде «Теңіз» кенішінен алынатын «қара алтын» және еселене түседі. Бұған қоса осы құбырмен Қарашығанақ газ конденсаты кенішінің шикізаттық мұнайы да үздіксіз тасымалдана бастады. Оның үстіне, Атырау облысының Астраханьмен шекарадағы «Құрманғазы», «Хвалынское» «Имашев» кеніштерінен өнім алынғанда оны тасымалдаудағы басты бағыт ретінде осы құбыр алдымен таңдалатыны дау тудырмайды. Себебі, осы кеніштерге ең жақын аралықпен өтетін бірден-бір құбыр бұл. Демек, аталған кеніштерді игеретін кәсіпорындарға экономикалық тиімділік жағынан оңтайлысы Қара теңіз бағытындағы құбыр болмақ. Сонымен қатар, келешекте Каспийдің қазақстандық секторынан алынатын «қара алтынды» да осы бағытпен тасымалдау нұсқасы таңдалып отыр. Каспий мұнай құбырымен «ҚазМұнайГаз», «Теңізшевройл» секілді ірі компаниялармен бірге, өзге кәсіпорындар да мұнай тасымалдаудың тиімділігіне көз жеткізді. Консорциумның сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, осы құбырмен 2001-2013 жылдар аралығында 440 миллион тоннаға жуық мұнай тасымалданыпты. Соның ішінде әрине, Қара теңіз жағалауы арқылы шетел рыногына экспортталған мұнайдың басым бөлігі Қазақстанның үлесіне тиетіні даусыз. Консорциум басшылары құбырдың механикалық қуаты 2012 жылдан бастап тасымалданатын мұнай көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтудың мүмкіндігі барын айтады. Осы мақсатта консорциумға тиесілі құбырдың өнім өткізгіштік қуатын ұлғайту жобасы іске асырылуда. Бұл туралы консорциумның акционерлері арасында жасалған ортақ келісім бар. Акционерлердің осы келісімі аясында кеңейту жобасының құрылысын 3 кезеңмен жүргізу жөнінде ұйғарым болған. Құбырды кеңейту жобасының алғашқы кезеңі 2011 жылы мұнайлы өңірдегі Атырау мұнай айдау стансасында бастау алды. Соған орайластырыла өткізілген шарада сол кездегі еліміздің Мұнай және газ министрі, бүгінгі «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшысы Сауат Мыңбаев аталған құбырдың Қазақстанда өндірілген мұнайды шетел рыногына төтелей шығаратын бірден-бір бағыт болғанына назар аударған еді. Оның пікірінше, бұл – тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында іске асырылған алғашқы халықаралық маңызды жобалардың бірі. Мұның ойдағыдай жүзеге асуына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ерен еңбек сіңірді. Осылайша, Қазақстан-Ресей елдерінің интеграциялық байланысы тереңдей түсуіне оң ықпалын тигізді. Құбырды кеңейту жобасының Қазақстандағы бөлігін іске асыру барысында Атырау облысының экономикасына 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржылай инвестиция құйылады. Құбыр құрылысына 2000-нан аса адам жұмысқа тартылса, жоба аяқталғаннан кейін 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Ресейдің сол кездегі энергетика министрі Сергей Шматко да бұл жоба екі ел арасындағы ынтымақтастықтың, сенімді әріптестіктің жемісі болды деп есептейді. Консорциум басшыларының мәлім еткеніндей, 5,4 миллиард АҚШ долларына бағаланған кеңейту жобасының бірінші кезегінде 5 мұнай айдау стансасы жаңғыртылып, Қазақстан аумағындағы 88 километр құбырды үлкен диаметрлік түрімен ауыстыру көзделген. Қара теңіз жағалауындағы айлақта мұнай сақтайтын 100 мың текше метрлік үш қазан орнатылмақ екен. Бұл құбырмен тасымалданатын мұнайдың механикалық қуатын жылына 35 миллион тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Ал екінші кезек барысында жаңадан 5 мұнай айдау стансасын тұрғызу арқылы 2013 жылдан кейін құбырмен 48 миллион тоннаға дейінгі «қара алтынды» тасымалдау мүмкіндігі болатынына шек келтірмейді. Үшінші кезекке жоспарланған тағы да 5 мұнай айдау стансасы, оған қоса өнімді сақтауға арналған 100 мың текше метрлік үш қазанды іске қосу жобасы 2015 жылы толық аяқталмақ. Сол кезде Каспий құбыр консорциумы жылына 67 миллион тонна «қара алтынды» Қара теңіз жағалауына сенімді тасымалдай алады. Айтқандай, құбыр бойында іске қосылатын 10 мұнай айдау стансасының екеуі Қазақстан аумағында, яғни Атырау облысында салынбақ. Мұнайлы өңірдің кең қанат жая өркендеуіне серпін берген жобалардың қатарындағы Каспий құбыр консорциумында қазақстандық үлесті арттыруға баса көңіл бөлінуде. Бұл – жергілікті мамандардың қосымша мамандықты меңгеруі, жұмысқа орналасуы. Жергілікті қазынаға түсер салық молайып, экономиканың өркендей беруіне ықпалы тиеді. Тәуелсіз еліміздің мемлекеттілігін нығайту үшін маңызы айрықша бұл жобамен сонымен бірге, өңірде Елбасының тікелей ұйытқы болуымен отын-энергетика саласындағы стратегиялық маңызы басым Каспий қайраңын игеру, «Теңізшевройлдың» үшінші буын зауыты, газ-химия кешені секілді ірі жобалар іске асырылуына да септігін тигізіп отыр. Қара теңіз бағытындағы төте құбырды кеңейту жобасы Қазақстан-Ресей арасындағы мемлекетаралық қатынастардың одан әрі табысты дамуы үшін, сондай-ақ, бүкіл әлемдегі энергетикалық қауіпсіздікті нығайту тұрғысындағы басым бағытқа ие. Сол себептен біздің отандық «ҚазМұнайГаз» компаниясы құбыр желісін кеңейтуге байланысты келіссөздерге белсене атсалысты. Жалпы, бұл құбырдың ел мен елдің арасындағы экономикалық, іскерлік байланыстардың буынын бекіте түсуге, интеграциялық ынтымақтастықты жандандыра беруге ықпалы өте зор. Оны консорциумның акционерлері де жоққа шығармайды. Өйткені, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен қолға алынған бұл жобаны іске асырушы Каспий құбыр консорциумы өз қызметінде өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздікке баса назар аударады. Соңғы 10 жылдың ішінде Қара теңіз айлағында су бетіне бірде бір мұнай төгілу оқиғасына жол берілмеген. Құбыр бойында бірде-бір апат болмаған. Сол себептен консорциум жұмысы халықаралық ICO:14001 және OHSAS:18001 стандарттары бойынша сертификатталғаны жобаның маңыздылығын айшықтай түседі. Кеңейту жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілгенде өндірістік жарақаттануды азайтудың «Incidents and injuries Free» әлемдік жетекші тәжірибесі қолданылады. Мұндай тәсіл Каспий құбыр консорциумына ірі құрылыс жүргізу барысында жарақаттану көрсеткішін нөлге жеткізу мүмкіндігін беретіндігі және даусыз. Консорциум басшыларының пікіріне сүйенсек, кеңейту жобасы аяқталғанда консорциумның құбырымен тасымалданатын мұнай көлемі Босфор және Дарданелл бұғаздарының есепті өткізу мүмкіндігіне сай болмақ. Сондықтан бұл жоба Бурго-Александруполис жобасына немесе көмірсутектерді Қара теңіз бассейнінен жеткізудің өзгеше баламалы идеяларына сәйкестендірілмейді. Тасымалдау жүйесінің толықтай жүктелуінің басты кепілі – Қазақстандағы кен орындарынан өндірілетін мұнай көлемінің артуы. Консорциум басшылығы осыған үміт артатынын жоққа шығармайды. Өйткені, Қазақстанда таяудағы жылдарда мұнай өндіру көлемі еселене түспек. Мәселен, «Теңізшевройл» –консорциумның ең ірі мұнай жөнелтушісінің бірі. Шетелдік инвестормен бірлескен бұл кәсіпорын жыл сайын өнім өндіруді ұлғайтып келеді. «Теңізшевройлдың» өндірген «қара алтыны» мәселен, биылғы бірінші тоқсанда ғана 6,8 миллион тоннаға жетті. Жыл аяғына дейін кәсіпорынның бұл көрсеткіші одан әрі бірнеше еселеп ұлғаяды. Ал консорциум Каспий теңізінің қазақстандық қайраңынан мұнай өндіру басталысымен қосымша тасымалданатын өнім ұлғаятынына назар аударып отыр. Кеңейту жобасына байланысты құрылыс жұмыстарын Қазақстан аумағында отандық компаниялар іске асыруға тартылуда. Ресейде де солай. Осыған орай қазақстандық және ресейлік кәсіпорындарға, тауар өндірушілерге бірдей басымдық беріледі. Әрине, шетелдік компания ұсынған жабдықтар сапасы жоғары болғанда немесе қажет жабдықтар Қазақстанда, не Ресейде өндірілмейтін болса, мысалы, теңізге шығарылатын айлақ қондырғысына қатысты тапсырыс шарты шетелдік компаниямен жасалды. Осы саясат құрылыс жұмыстарына да қатысты қолданылады. Консорциум құбырдың бастапқы құрылысы кезінде Қазақстан мен Ресейде тәжірибелі компаниялар болмауына байланысты шетелдік орындаушыларды тартуға мәжбүр болған. Қазір отандық кәсіпорындардың әлеуеті артты. Қазақстанда да, Ресейде де мұндай маңызды нысандардың құрылысын сапалы жүргізетін компаниялар жеткілікті. Міне, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы табысымыздың бірінен саналатын “Теңіз-Новороссийск” мұнай құбырының маңызы осылайша арта түсуде. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.
•
24 Мамыр, 2014
Қазақ жерінен Қара теңізге дейін
573 рет
көрсетілді