Орал қаласындағы «Jas talap» өнер-білім орталығы аз уақыт ішінде өнерлі балаларды магниттей тартатын мықты мүйіске айналған. «Бізді мұншалық танымал еткен – коронавирус пен карантин», деп күледі орталық жетекшісі Ернар Жақсыбаев.
«Біздің «Jas talap» өнер-білім орталығы 2021 жылдың қаңтар айында ашылды. Бұл коронавирусқа байланысты карантин кезі еді ғой. Сабақтың бәрі онлайн, қашықтан өтіп жатты. Халық бір жылға жуық карантиннен әбден шаршаған кезі. Әсіресе балалардың әбден іші пысқан уақыт. Әу баста өз балам Мансұрға видеоблогерліктің қыр-сырын үйретіп, қаладағы танымал балалардан сұхбат ала бастап едім. Кейін бізді көрген таныстарым, баламның достары «бізге де үйретші» деп жалынды. Осылайша, мектеп оқушыларына арналған жекеменшік орталық дүниеге келді», деп еске алады Ернар.
Ернардың өзі сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Мобилографиямен кәсіби түрде айналысады. Мемлекеттік мекемелердің ақпарат парағын жүргізіп, коммерциялық жарнама жасаудан да тәжірибесі көп. Мөлдіретіп өлең жазатын хоббиі бар. Онысы инстаграм парағында үзбей жарияланып жатады. Қазіргі заманның ең керекті дағдысы – әлеуметтік желіні әбден меңгеріп алған, ұршықша иіреді.
«Jas talap» үйірмесін ашар кезде Жандос Бақтығалиев есімді режиссер жігітпен пікір бөлісіп, ортақ мәмілеге келіпті. Құрманғазы атындағы Орал саз колледжін актерлік шеберлік және режиссура мамандығы бойынша бітірген Жандос та өз ісіне жан-тәнімен берілген екен. «Jas talap»-қа келген балалардың өнерін ұштап, аз уақыт ішінде сахна ұжымына айналдырып жіберген.
– Карантиннің әсері шығар, сол кездері әлеуметтік желі ерекше белсенді дамыды. Әсіресе YouТube арнасынан қазақша контент іздеушілер көп болды. «Jas talap» өнер-білім орталығындағы «Актерлік шеберлік», «Жас видеоблогер» және «Компьютерлік графика» үйірмелері өзара тоғысып, балалар киносын түсіруге кірістік, – дейді Ернар.
Жасталаптықтардың алғашқы бейнеөнімі – «8а» деп аталады. Бұл – қызығы мен шыжығы қатар жүріп жатқан бір сыныптың оқиғасы. «Сериалдың атауын ырымдап әдейі осылай алдық: 8 саны – шексіздіктің белгісі, «а» әрпі – әліпбидің басында тұр. Осылайша, «Jas talap»-тың ғұмыры таусылмасын, әрдайым алда жүрейік» деп бастап кеттік», дейді Жандос.
Бір қызығы, кино түсіру үшін мектеп табу қиын болды. Өйткені мектеп ғимаратының бәрі карантинге жабылған. Әйтеуір ретін тауып, келісіп, түсірілім жұмысы басталған. Міне, қызық! «8а» фильмі алғашқы сериясынан-ақ көрермен көңілінен шықты! Жүздеген пікір жазылған. Бүгінде дәл осы серияны қараған адам саны 121 мыңнан асыпты.
Міне, екі жылға жетпейтін уақыт ішінде «Jas talap» өнер-білім орталығы онға жуық бейнеөнім түсіріп, көрермен назарына ұсынды. Ең бастысы, бұл фильмдер – бастан аяқ отандық өнім: сценарийін жазушы да, ойнаған актерлері де, түсірушілер де, режиссер де – жасталаптықтар.
– «Кілт» деген қойылым қойып, №38 мектеп-гимназияда өнер көрсеттік. Тәрбиесі қиын балалар жөнінде «Қателік» деген фильм түсіре бастадық. Видеоблогерлермен «Қадам» деген қойылым түсірдік. «Біздің класс» атты веб-сериалды телефонмен түсіріп жүрміз. Өз күшімізді байқап, көңілге сенімділік орнаған соң республикалық деңгейдегі шараларға шықтық, – дейді Ернар Жақсыбаев.
Осылайша, Орал қаласында құрылған шағын ғана «Jas talap» өнер-білім орталығы ұжымы биылғы наурыз айында Шымкент қаласына, жазда Қызылордаға жол тартты. Шымкенттегі сайысқа оралдық 11 өрен телефонға тәуелді болып қалған баланың ата-анасын тыңдамай, достарынан ажырап қалып көрген қиындығын, қалыпты өмірге қайта оралуын сомдап шыққан. Дәл бүгінгі күннің хикаясы емес пе?! Дәл осы «Music Drive» өнер байқауында үйірме мүшесі Бекарыс Бақтығали поэзиялық шығарманы мәнерлеп оқу сайысынан 1-орынды жеңіп алған.
Қызылорда қаласында А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет сарайында өткен «Жібек жолы» бірінші республикалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық байқауында да «Jas talap» орталығының ұжымы «Актерлік шеберлік» байқауынан жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Ал Ералы Қанғали мәнерлеп оқу сайысынан бас жүлде алып, Алматы қаласына жолдама жеңіп алған. Бекарыс Бақтығали мен Саида Аққобан жүлделі бірінші орынға шыққан.
Міне, осындай жетістіктерден кейін жасталаптықтар Оралда танымал жұлдыз болып келеді. Қазір оларды мектептерге, кітапханаларға жиі кездесуге шақырады. «Жазғы демалыс кезінде біздің балаларды оқушылар лагерьлеріне тегін демалуға шақырып жүрді. Бұл екі жаққа да тиімді: біз бірер күн демалып жүріп, сол лагерьдің тыныс-тіршілігі туралы бейнероликтер түсіреміз, әлеуметтік желіде жарнама жасаймыз», дейді Ернар.
Жақында «Jas talap» студиясы түсірген тұңғыш толықметражды фильмнің тұсауы кесілмек. «Қолғанат» деп аталатын бұл фильмде актерлік шеберлік үйірмесіне қатысатын барлық ұл-қыз қамтылған. Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әртістері де қолұшын берген. Алғашында фильм жасталаптықтардың өз күшімен басталса, кейін облыстық халық шығармашылы орталығы қолдау көрсетті. Ұзақтығы бір сағаттай болатын фильмнің тұсаукесер салтанаты да өнер жанашыры Мәулет Жұбатов бастаған халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өтпек.
– «Қолғанаттың» сценарийін алты ай жаздым. Жалпы, түсірілуімен қосқанда 18 айдай уақыт кетті. Дәл қазір тағы бір фильмнің жобасын жасап жатырмыз. Жылдың соңына дейін түсіріп, көрерменге ұсынып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Балалар жылын әдемі қорытындыласақ деген жоспарымыз бар, – дейді Жандос Бақтығалиев.
Бүгінде смартфон мен әлеуметтік желі – үлкен-кішінің ажырамас серігіне айналғаны шындық. Сондықтан оны жөнімен қолданып, жақсы мақсатқа пайдаға асырған жөн ғой. Оралдық «Jas talap» өнер-білім орталығы дәл осы жұмысты сәтті атқарып жүр дер едік.
Батыс Қазақстан облысы