• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Медицина 20 Қазан, 2022

Тұмау аурудың өршуіне әкелуі мүмкін – маман

424 рет
көрсетілді

Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Берік Қайкенов онлайн брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта ел бойынша маусымдық аурулар кезеңі жүріп жатыр.

29 қыркүйектен басталған ЖРВИ мен тұмаудың ағымдағы эпидемиялық маусымында Астана қаласының тұрғындары арасында ЖРВИ-дың 7 мыңға жуық жағдайы, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 4 мыңнан астам жағдай анықталған.

«Адамдардың көпшілігі тұмауды аса ауыр аурулардың қатарына жатқызбайды. Алайда тұмау кезінде балалар, қарт адамдар, сондай-ақ жүрек пен өкпенің созылмалы аурулары бар адамдар үлкен қатерде болады. Тұмау әсіресе жоғары қауіп тобындағы адамдарда ауыр аурудың дамуына және өлімге әкелуі мүмкін екенін ұмытпауымыз керек», деді Берік Қайкенов.

Оның айтуынша, бір ай ішінде елордада жүкті әйелдер арасында ЖРВИ мен тұмаудың 542 жағдайы тіркелді. Тәулігіне 18 өтініш келіп түссе, оның 3-еуі ауруханаға жатқызылды. 15 жүкті әйел амбулаториялық бақылауда.

«Қазіргі уақытта Астанада ЖРВИ-мен сырқаттанушылық өсуде, біз оны ауруханаға жатқызылған жүкті әйелдер мен балалардың санынан байқап отырмыз. Егер қыркүйек айының соңында ауруханаға күніне 3-4 әйел түссе, қазір орташа ауыр жағдайы бар 14-тен 16-ға дейін жүкті әйел ауруханаға жатқызылады. Тыныс алу жеткіліксіздігі мен пневмонияның белгілері байқалмайды. Барлық пациенттер COVID-19-ға тексеріледі және оң нәтиже жоқ», деп атап өтті басшы орынбасары.

Сондай-ақ Берік Қайкенов тұрғындарды аурудың алғашқы белгілерінде өзін-өзі емдеумен айналыспауға шақырып, тұрғылықты жері бойынша емхананың фильтр кабинеттеріне жүгіну керектігін атап өтті.