• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Президент 20 Қазан, 2022

Президент: Халықтың бірлігі - Қазақстан егемендігінің кепілі

269 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының жұртшылығымен кездесу барысында барша қазақстандықтарды бірлікке шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ғасырлар бойы Жетісудың берекелі жері түрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің тоғысқан орны болды. Бүгінгі таңда Жетісу облысы біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған «әртүрліліктегі бірлік» іргелі қағидатын іске асыруда. Бұл біздің баға жетпес байлығымыз және стратегиялық артықшылығымыз», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлем жоғары геосаяси турбуленттілік пен жаһандық сын-қатерлер кезеңіне аяқ басты.

«Бүгін әлем жоғары геосаяси турбуленттілік пен бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер кезеңіне аяқ басты. Қақтығыстар мен соғыстар көбейіп, елдер арасында сенімсіздік күшейе түсті. Осындай күрделі кезеңде халқымыздың бірлігі, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайту ерекше маңызға ие. Бұл еліміздің одан әрі ілгерілеуінің, сондай-ақ Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтаудың, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты», деді Қ.Тоқаев.

Бұл ретте Президент Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын атап өтті.

«Елімізде бірлік болса, төрт құбыла түгел болады. Халықтың бірлігі - Қазақстанның егемендігі мен дербестігінің кепілі. Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Бізде өмірдің барлық салаларында реформалардың ұзақ және қиын жолы бар. Барлық азаматтардың елді жаңғыртуға қатысуы біздің реформаларымыздың табысты болуының қуатты факторы болатынына сенімдімін. Бұл жұмысқа Қазақстан халқы Ассамблеясы пайдалы үлес қосуда», деп түйіндеді Мемлекет басшысы.