Ермек Иманзайып Баянауылдың Қызылтау ауылындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы орта мектептің 5 сынып оқушысы. Осы жерде қазақтың біртуар ұлдарының бірі Жүсіпбек атамыз дүниеге келген, Дәндебай дейтін аталары тұрған қыстауы да сол жерде. Оны біз Қарқаралы өңірінде “Қансонар-Қарқаралы-2009” атты бүркітші-саятшылар жарысынан көргенбіз.
Осы жарысқа халқымыздың ұлттық аңшылық, саятшылық өнерін дәріптейтін еліміздің әр түкпірінен 17 бүркіт, бір қаршыға ұстаған сайыпқыран жарыскерлер келген болатын. Біздің облыстан Ермек пен оның әкесі Иманзайып қатысқан. Жалғыз Иманзайыптар отбасы емес, бүкіл Баянауылдың ауылдарында өскен қазақ баласының бәрі аңшы, бүркітші деуге болады. Аудан орталығы Баянауылдан 80 шақырымдай жерде орналасқан Қызылтау ауылдық аумағындағы тау баурайында мыңнан артық ауыл халқы тұрады. Тау бауырында ойнақтап жүрген аң-құс та жетеді. Мал да көп. Тау баурайында өскен ауылдың қай баласы болмасын табиғат сырына қанық, құс пен аңның тілін біледі. Ермек те, оның достары Қызылтаудың бар құпия сырын, қай жерде қандай аң, құс барына дейін жатқа айтып бере алады. Кішкентайынан әкесінен қалмай аңға да шығып, қысы-жазы тау баурайында түлкі, қоян қуып өскен Ермек те кейінірек әкесімен бірге бүркіт ұстап, оны баптай бастаған екен. Әкесі Иманзайып болса бүркітші, Баянауылдың тау-тасын түгел біледі, айтатыны да, білетіні де көп. Ермектің жасы он, он бірлер шамасында, кішкентайынан әкесінен қалыспай таңмен таласа тұрып бүркітін қызықтайды. Иманзайып болса, бүркітшілік жолының әкеден балаға, одан әрі ұрпағына осылай жалғасқан жол екеніне қуанады. Былтырғы бүркітшілер жарысына барғанда Ермектің Қайсар аталатын бүркіті бас жүлдені иеленіп қайтыпты. Бұл жолғы жарыста бүркітшілерге қойылған талаптар мынадай болыпты; алғашқысы – бүркітшінің сыртқы пішіні, түр-тұлғасы, киімі, бесқаруы, жабдықтары болса, одан кейін бүркіттің сынын бағалау түрінде өтіпті. Одан әрі бүркітті қолға шақыру, кедергіден өткізу, құстың еркін самғап ұшуы, шырғаға салу, қоянға салу, түлкіге салу сияқты түрлі шарттары болады. Міне, осы сындардың бәрінен Иманзайыптың ұлы Ермек басып озып, алға шыққан.
-Менің бүркітім Найзақарадан ұлымның бүркіті Қайсар басым түсті.
Біз әкелі-балалы бүркітшілерміз. “Әке көрген оқ жонар” деген осы. Менің бүркітшілік өнерімді, құсбегілік жолымды титтейінен көріп өсті ғой. Қалай енді бүркітші, саятшы, құсбегі болмасын! Қыран құс бүркітті баптау оңай емес. Біліктілік, шыдамдылық өз алдына, құстың тілін таба білу керек. Бүркіттің аты – бүркіт. Ол жыртқыш құс, байқағыш, сезімтал, жүректі, әрі алғыр келеді. Бүркіттің қадір-қасиетін тек қазақ қана біледі. Құсбегі ретінде айтарым, негізінен бүркітті аңға үш түрлі тәсілмен түсіреді. Олар шаншыла түсу, сыпыра түсіру, іліп түсу деп аталады. Ұлымның жолымды қуғанына қуанамын, мақтанамын. Әрі бізден кейін де ата-бабамыздан мирас, мұра болып қалған бүркітшілік жолдың жалғасатынына, оның мәңгі өлмейтін өнер екеніне көзім жетеді. Ұлым Ермек бүркіті Қайсарын аямай ерінбей баптағанының арқасында осындай жеңіске жетіп жүр. Сонау замандарда ұлы Абай атамыз да Шыңғыс тауының етегінде құсбегілік жасап, салбуырынға шығады екен. Ақынның “Қансонарда”, “Бүркіттің сыны” деген өлеңдерін бала кезімізден жаттап өстік өзіміз. Құсбегілік өнер үлкендерден бізге, біздерден балаларымызға дарып, жол осылай жалғаса берсе, ештеңе де ұмытылып қалмайды,– дейді бізбен әңгімесінде Ермектің әкесі Иманзайып.
– Кейде бүркіттің қоянға, түлкіге түспей, сырт айналып кететіні де бар, бұл да олардың мінездерінің тәкаппарлығын байқатады, тояттаған түрлері ғой, кейде олар түлкілердің қарсыласқанына қарамастан алыса кетеді, жемтігін алмай, бәрібір жеңбей қоймайды,–дейді бізге кішкентай бүркітші Ермек те.
Иә, Қызылтаудың тауында бүркіт те көп, аңдардың да түрі-түрі жетеді. Арқарлар да осы тауды мекен етеді. Жартастан жартасқа секірген “Қызыл кітапқа” енген табиғат еркесі арқарларды кім көрінгенге атқызып, қолды етпеу үшін жергілікті аңшылар мен құқық қорғаушылар қызмет етеді. Аң-құсқа толы Баянауылдың әсем көркін сақтау парыз. Қызылтауда түлкі, қоян, қасқыр, қарсақ, арқар, бұлан, сілеусін сияқты аңдардың түр-түрін кездестіруге болады. Дәл осы жерде алыс ауылдардың бірінде қазақтың ұлттық құсбегілік өнерін дамытып баянауылдық Ермек Иманзайып деген болашақ бүркітші, құсбегі бала өсіп келеді.
Біз Ермек Иманзайыптың алдағы жылдары қандай салбурын, құсбегілік, бүркітшілік жарыстар болмасын жеңіс жолынан көрінетініне әбден сенімдіміз.
Фарида БЫҚАЙ,
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы.
Суретте: әкелі-балалы бүркітшілер Ермек және Иманзайып.