Отандық өндірісті қолдау маңызды. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, елімізде жасалған өнімдер сапамен бірге тасымал мәселесін шешеді, ал тасымалдың тиімділігі өнімнің бағасына әсер ететіні белгілі. Яғни жергілікті өнімнің өтімділігі нарықтағы басты қажеттілік болып саналатын үнем мен пайда тұрғысынан ұтымды болары анық.
Ақтаудағы «Шыны пластикалық құбырлар зауыты» ЖШС 2003 жылы «Mаңғыстаумұнайгаз» АҚ қажеттілігін қамтамасыз ету үшін салынған зауыт болатын. Алайда араға бір жыл салып өз алдына іргелі зауыт болып қайта құрылды. Өндірістік әлеуеті зор Маңғыстау өңірінде шикізат өндіріп қана қоймай, түрлі кәсіпорындарды өркендету өте маңызды, әсіресе өндіріске қолдау көрсету бағытындағы кәсіпорындардың сапалы өнімі сұранысқа ие болуы қажет. Сондықтан «Шыны пластикалық құбырлар зауыты» ЖШС қазақстандық нарықта бәсекеге қабілетті, сапасы мен сенімділігі жағынан үздік үлгілерден кем түспейтін, тұтынушылардың талаптарына жауап беретін өнімді тұрақты өндіру мен сатуды қамтамасыз етуді стратегиялық мақсаты етіп қойды.
Кәсіпорын Қазақстандағы мұнай мен газ өндірістері және шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктерге арналған түрлі диаметрлі, нақтырақ айтсақ, жұмыс диаметрі 63-тен 500 мм-ге дейін, жұмыс қысымы 30-дан 152 атм-ға дейін төзімді шыны талшықты құбырлар өндіреді.
Әдетте пластик бұйымдарға қарағанда темірден жасалған құралдар әлдеқайда сапалы, шыдамды болып келеді деген түсінік бар. Темірдің төзімділігі талассыз. Алайда мамандардың айтуынша, кей жағдайларда пластиктің де өзіндік артықшылықтары болады. Мысалы, шыны талшықты құбырлардың темір құбырлардан артықшылығы ретінде қызмет ету мерзімінің ұзақ мерзімге – 25 жылға дейін төтеп беретіндігі, тотығуға қарсы 100% қорғанысы, химиялық агрессивті орталарға және парафиндік шөгінділерге төзімділігі, құбырлардың салмағының жеңілдігі және құрастырудың оңайлығы айтылады.
– Мұнайлы Маңғыстаудағы кен орындарында және еліміздің өзге өңірлерінде бүгінге дейін біздің зауыттан шыққан шыны талшықты құбырлар 4 650 шақырымнан астам жерге төселіп, мұнайшылар осы жылдар ішінде болат құбырлармен салыстырғанда шыны талшықты құбырлардың артықшылығы көп екеніне көз жеткізді. Компаниямыз шығарған шыны талшықты құбырларды еліміздің кен орындарында пайдалану миллиардтаған қаржы үнемдеуге жол ашады. Ал құбырлардың сапасы ұзақ мерзімді қолданысқа кепілдік береді. Бұл кепілдіктердің кілті – заманауи технологияларды, жаңартылған құрал-жабдықтарды пайдалану, ұлттық стандарт талаптарына сәйкестік және жоғары сапалы шикізат, – дейді зауыт басшысы А.Айтқұлов.
Металл құбырларды шыны талшықты құбырларға ауыстыру кен орындарындағы құбырлар апатын азайтумен бірге экологиялық жағдайды жақсартады. Осы үдеден табылу үшін кәсіпорын басшылығы сапа мәселесін басты назарда ұстап келеді. 2010 жылдан бастап зауытқа сапа менеджменті, қоршаған орта менеджменті және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау менеджментінің интеграцияланған жүйелері, 2018 жылдың мамыр айынан бастап еңбекті қорғау және қауіпсіздікті басқару жүйесі енгізілді. 20 жылға жуық тарихы бар кәсіпорын зауытта өндірілетін құбырды толық құрастыруға қажетті барлық фитингтермен қамтамасыз етеді. 2019 жылы зауыт өнімдері өндірістің өңдеуші секторындағы «Қазақстанның үздік тауары» атанып, серіктестік «Сапа үздігі» болып танылды. Бұл кәсіпорынның әрдайым сапа мәселесін басты назарда ұстайтынының дәлелі.
Қазіргі таңда кәсіпорынның өнімділігі жылына 590 шаршы метр құбырды құрайды. Сұранысты қанағаттандыру мақсатында кәсіпорын өндірісті кеңейту бағдарламасымен жаңадан цех салып жатыр. Бұл цехта диаметрі 100 мм шыны талшықты құбырларды өндіру жоспарланған. Зауыт 250-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысқа негізінен жақын маңдағы ауыл тұрғындары орналасады, қазір зауыт жұмысшыларының 57 пайызы – Мұнайлы және Түпқараған аудандарының тұрғындары. Серіктестік басшылығының айтуынша, жұмысшылар өміріне назар аудару ұмыт қалған жоқ. Үздік жұмысшылар мен инженер-техникалық қызметкерлерді марапаттап, жұмысшыларды тегін тамақпен, ауыз сумен қамтиды, ұжымдық шарт аясында материалдық көмек көрсетіледі, атаулы мерекелерге сыйақы беріледі. «Шыны пластикалық құбырлар зауыты» ЖШС өз қаражаты есебінен жаңадан қабылданған қызметкерлерді оқытып, қызметкерлердің біліктілігін арттыруды жолға қойған.
Нарықтың өз заңы мен талабы бар – сапа, үнем, тиімділік. Отандық өнімді қолдану тұтынушыға осы үш қажеттілікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ел экономикасын көтеруде өз кәсіпорындарымыздың, өндірушілеріміздің орны зор. Сондықтан ауқымды өндіріске үлкен мақсатпен үлесін қосып, алдына биік жоспарлар қойған шағын ұжымның жұмысы – Қазақстан экономикасына қосылған зор көмек. Сондықтан отандық өнімді қолдау – елді қолдау болмақ.
Маңғыстау облысы