2022 жылдың қыркүйек айында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 124,66 келі 3 099 алтын құйма сатылды, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық банкке сілтеме жасап.
Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3,6 тонна 104 945 алтын құйма сатылды.
Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 25% – 26 706 дана. Одан кейін 5 грамдық құйма – 22 600 дана (22%) және 20 грамдық құйма – 22 275 дана (21%), 100 грамдық құйма – 21 126 дана (20%), ал 50 граммдық құймадан – 12 238 дана (12%). Алтын құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында көп сатылады.
Айта кетейік, алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.
Бағдарлама басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пунктер жалпы салмағы 417 келі 16 588 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 16%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.
Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапта шығады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап сапа сертификаты да болып саналады.