Қарағандыда «Armanǵa jol - 2022» жартылай марафоны елдің әр түкпірінен желмен жарысып жүрген желаяқтарды жинады. Республика күніне арналған шара, тіпті халықаралық сипат иеленді. Күздің дымқыл күніне қарамастан 3 мың адамның жүгіруге ынта білдіруі марафонның ауқымын аңғартса керек. Еліміздің өңірлерін айтпағанда, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан желаяқтарының ат терлетіп арнайы келуі марафон салмағын арттыра түскен-ді.
– Бүгін жартылай марафонға Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан қатысушылар бар. Сырттан қатысушылардың барлығы дерлік 21 шақырым қашықтықтағы жүгіруге өтініш берді. 21 шақырымға 163 қатысушы тіркелді. Бұған дейінгі марафонда бұл қашықтықта жүгіретіндер саны 60 шамасында еді. Ал қазір көбейгенін көріп отырмыз. Азаматтардың спортқа көптеп ден қоюы қуантады, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов.
Облыстық жеңіл атлетика олимпиадалық резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің басшысы Нұрлан Түсіповтің айтуынша, марафонға барлығы 3 600 адам тіркелген. Дегенмен марафонда 3000 номер таратылған. Ауа райының күрт суытуы да бұған ықпал етсе керек. Қатысушылардың жасына келсек, ең үлкені 80-нен асса, ең кішісі 8 жаста.
Сонымен таңертең сағат 10-да Қарағандыда орталық көшелер автокөлік қозғалысына жабылып, желаяқтарға жол босатылды. Тәуелсіздік алаңында марафонның ашылуы өтіп, марафонды 8-13 жас аралығындағы балалар бастады. Олар екі шақырымды «Балапан» қашықтығын 20 минутта бағындырды. Ұлдар арасында бірінші орынды қарағандылық Виталий Красиков, қыздар арасында Сабина Крышкина алды. Екінші орынды Шығыс Қазақстаннан келген Дмитрий Спасск пен астаналық Медина Мақұлжанова бөлісті.
Жалпы, марафон төрт қашықтықтан тұрды. Оның ең бастысы – «Armanǵa jol» – 21 шақырым. Марафонда бұл қашықтықтың мәре сызығын ерлер арасында Ресейдің Омск қаласынан келген Михаил Куликов бірінші болып кесті. Әйелдер арасында қостанайлық Татьяна Нерознак жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар 350 000 теңгенің сертификатымен марапатталды. Екінші және үшінші орын Алматы, Астана, Ақтөбе желаяқтарына бұйырды. Түрлі қашықтықтағы марафон 4 сағатқа созылды.
– Бүгін мықты жүгірушілер, марафон және жартылай марафон жеңімпаздары жиналды. Олардың қатарында былтырғы жартылай марафонның жеңімпазы атанған алматылық та бар. «Armanǵa jol»-дан басқа қашықтыққа жүгіру тегін. Біз миллион теңгеден астам қаржы жинадық. Қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. 50% – церебральды сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге, 5 % – білім беруге бағытталады, – дейді жартылай марафонның ұйымдастырушысы Руслан Искаков.
Павлодардан арнайы келген Freedom Team жүгіру клубының құрамында 20 адам. Марафонның халықты біріктірудегі ықпалын ерекше атайды клуб жетекшісі.
– Біз 20 адамбыз. Үлкеніміз 43-те, кішісі 23-те. Барлық жастағылар жүгіруге қабілетті. Бұл – бәрімізді біріктіретін, тән мен жанды сергітетін спорт түрі, – дейді клуб жетекшісі Болат Ордабаев.
Сондай-ақ марафонға қатысуға отбасымен келгендер қатарында қарағандылық Жанайдар Зекенов те бар. Жанайдар өзінің марафонға тұрақты қатысушы екенін, отбасымен салауатты өмір салтын ұстанатынын, балаларын да соған тәрбиелейтінін айтады.
– Марафондардың тұрақты қатысушысымын. 14 шақырымдық қашықтыққа жүгіремін. Біз бүкіл отбасымызбен келдік марафонға. Қыздарым Айжан мен Айнагүл екінші рет жүгіреді, – дейді Жанайдар Зекенов.
76 жастағы ақсақал Серік Әбішев жартылай марафонға төртінші рет қатысқан екен. Ақсақалдың айтуынша, отбасы түгел спортқа бейім. Жүгіруден алдарына жан салмайды. Қария барша жұртты спортпен айналысуға шақырады.
– Ұйымдастырушылардың түрлі қашықтықты ұсынғаны жақсы. Мен «Достық» жарысында жүгіремін. Бүкіл отбасым жүгіруге ден қойған. Марафондарға балалар да, немерелер де қатысады. Қазақстандықтарды спортпен шұғылдануға шақырамын, – дейді Серік Әбішев.
Қарағанды облысы