• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Елорда 25 Қазан, 2022

Елордада үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер кілті табысталды

174 рет
көрсетілді

Астанада Республика күніне орай үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер кілті табысталды. Жаңа қоныстанушылар арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедектер, жетім балалар, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Елорда тұрғындары пәтерлерін «Нұрлы жер» бағдарламасы («Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы) бойынша алды. Тұрғын үй бағдарламасын Астана әкімдігі Отбасы банкімен бірлесіп іске асырды.

Бүгін Астана әкімі Алтай Көлгінов пен Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова барша қазақстандықтарды Республика күні мерекесімен, ал жаңа баспана иелерін қоныс тойымен құттықтады.

«Республика күнімен және көптен күткен қоныс тойымен құттықтаймын! Үйлеріңіз құрылыс қарқынды жүріп жатқан жаңа ауданда (Жағалау шағын ауданы, Е-20 көшесі) орналасқан. Мұнда біз жақында 4 мың оқушыға арналған 2 ауысымды мектеп аштық. Көктемде біз ауданды абаттандыруды жалғастырамыз, әлеуметтік нысандар саламыз.

Мемлекет тұрғын үй мәселесіне ерекше назар аударады. Жыл сайын қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй саламыз. Мысалы 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы осындай 2900 пәтер салынса, соңғы екі жылда 17 мыңға жуық әлеуметтік пәтер қолданысқа берілді. Сонымен қатар, тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылар санаты кеңейді, тұрғын үй сертификатының сомасы 1 миллионнан 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайды», деп атап өтті елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Жыл басынан бері Астанада барлығы 19 335 осындай несие берілді. Күн сайын елорданың 80-ге жуық тұрғыны өз пәтерін немесе үйін Отбасы банкі арқылы сатып алу үшін несие алады. Сол сияқты күн сайын 100-130 адам жылжымайтын мүлікті одан әрі сатып алу үшін жаңа депозиттер ашады.

«Жаңа қоныстанушыларымыздың бүгін жаңа өмірі басталды - жаңа пәтерлерде олар енді жайлы өмірде ұрпақ тәрбиелеп, алдағы өмірлеріне жоспар құрып, қонақ күтетін болады. Баспана кілтін табыстау ұлттық мерекеге сәйкес келгені мерекенің маңызын арттыра түседі. Мемлекет өз азаматтарының баспана мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлетіні маңызды. Тек «Шаңырақ» бағдарламасы аясында екі жыл ішінде біз 16 722 қазақстандыққа жеке тұрғын үй сатып алуға көмектестік, оның ішінде Астанада 4 363 адам қоныс тойын атап өтті. Жақын арада отбасы банкі мемлекеттік бағдарламалар аясында азаматтарға кредит беруді жалғастыру үшін 49,9 млрд теңге көлемінде қаражат түсуін күтіп отыр», деді Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Жыл басынан бері Отбасы Банкі 67 390 қазақстандыққа қоныс тойын атап өтуге көмектесті.