Қазақстан мен Түркия арасындағы келісімге сәйкес енді біздің тауарлар ірі түркиялық маркетплейс – Trendyol арқылы сатылатын болды. Бұл жайлы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұл идея Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға мемлекеттік сапары аясында басталған.
«Осы елдің бірқатар компаниясымен келіссөздер жүргізіп, отандық IT-компанияларды таныстырған болатынмын. Солардың бірі – бауырлас елдің нарығында онлайн-сауда бойынша көшбасшы компания саналатын Trendyol болатын. Trendyol – Түркия аумағында интернет-дүкен арқылы, яғни өздерінің электронды платформасы арқылы тауар жеткізумен және сатумен айналысады (күніне шамамен 1,5 млн тауар сатады). Trendyol-ды Түркияда жергілікті Amazon немесе Alibaba деп атайды. Компанияның құны шамамен 16 млрд доллар қаржыны құрайды», дейді Б.Мусин.
Оның айтуынша, сапар кезінде олардың тауарын Қазақстанға жеткізу мәселесі бойынша логистика жағдайы пысықталған. Сәйкесінше, қазақстандық тауарларды аталған маркетплейс көмегімен Түркия нарығына шығару туралы да келісім жасалған.
«Көптеген қазақстандық Trendyol-мен таныс және көбінесе делдалдар арқылы тауарларға тапсырыс беруге тырысады. Бұл, әрине, Қазақстаннан келген клиент үшін жеткізу мерзімі мен бағасына әсер етеді. Енді, міне, бұл бастама Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоғанның Қазақстанға сапары аясында өз нәтижесін көрсетті. Бүгін аймақтық маркетплейстерге қызмет көрсететін қазақстандық логистикалық компаниялардың бірі – Big Way KZ түркиялық Trendyol компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Big Way KZ – отандық нарықта логистикалық тауар айналымын жүзеге асырумен айналысып келе жатқан компания. Олардың шетелдік нарыққа шығуына әлеуеті айтарлықтай зор. Бірлескен келісімнің нәтижесінде енді қазақстандық тауарлар Түркия нарығына тікелей, делдалсыз сатылады», деді.
Аталған бастаманың алдағы уақытта нәтижелі боларына сенім білдірген министр осы ретте түрік тарапымен келіссөздер өткізуге қолдау көрсеткен Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығына және Бас консул Әлім Байелге ризашылығын білдіретінін де жеткізді.
Қазір екі ел арасында сауда-экономикалық байланыстар үлкен қарқынмен дамып келе жатыр. Мемлекетаралық тауар айналымы 2022 жылы 3,5 млрд долларды құраған. Сарапшылардың айтуынша, бұл цифр әлі жоғары қарқынмен өсе түседі деп болжанады.
Қазақстан мен Түркия өңірлік және халықаралық байланыстарды берік өркендетуде. Қазіргі таңда екі ел арасында 140 инвестициялық жоба бойынша келісім бар. Олардың жалпы сомасы – 6 млрд доллар.