• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 26 Қазан, 2022

Қаржы секторының даму қарқыны

733 рет
көрсетілді

Қазақстанның қаржы секторы өткелектерден аман өтіп келе жатқан, тәуел­сіздік алғалы 30 жылдың ішінде шарықтауды да, құлдырауды да бастан кеш­кен, жұмысы жүйеленген салаға айналды. Егемендік алғаннан кейінгі бастапқы жылдарда бұл салада кідіріс көп болғаны рас. Тек 2000 жылдан кейін жұмыс бір ізге түсіп, банк секторы қарқын ала бастады. Сақтандыру, микроқаржы ­ұйымы және қор нарығы да біртіндеп төрт аяғын тең басқан салаға айналып келеді. Отандық қаржы секторы қазір дамудың қалыпты жолына түсті десек болады.

Қазір банк секторында 22 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Сектор активі 2022 жылы тамызда 1,2 трлн тең­геге ұлғайып, 41,5 трлн теңгені құ­рады. Өтімділігі жоғары активтер 12,6 трлн теңгеге жетті. Экономикаға берілген кредит көлемі 20,7 трлн теңге болды. Несие портфелінің де жағдайы біршама жақсарды. 2022 жылғы 1 қыркүйекте банк секторы бойынша NPL қарыздарының деңгейі бір айда 41 млрд теңгеге аза­йып, 787 млрд теңгені немесе жалпы несие портфелінің 3,6%-ын құраған. Банктің бір міндеті – салым жинау. Мұны клиенттерді қаржы институтынан алшақтатпай ұстап тұратын басты көзір десе де болғандай. Биыл тамызда ұлттық валютадағы депозиттер 18,0 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында депозиттер 10,3 трлн теңгеге дейін өсті.

Сондай-ақ биыл банк саласында бір­қатар өзгеріс басталды. Олар жыл соңына дейін бітер-бітпес, алайда сектор және клиент үшін қолайлы болары сөзсіз. Әңгіме – жеке тұлғалардың банкроттығы және стрестік активтер туралы болып отыр. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы қазір талқыланып жатыр. Заң қабылданған жағдайда азаматтар үш тәсілмен банкрот бола алады: соттан тыс, сот банкроттығы және төлем қабілетін қалпына келтіру. Оның шарттары мен талаптары жайында осыған дейінгі бірқатар мақалада тарқатып айттық. Ең бастысы, жаңа заң қоғамда несие жүктемесі тым көбейіп кеткен азаматтар санын азайтып, экономикалық тепе-теңдікті қалыпқа келтіруге сеп болады деген сенім бар. Стрестік активтерді айналымға тарту да өте өзекті мәселе. Қазіргі уақытта стрестік актив көлемі 2,4 трлн теңгеге бағаланады, бұл – банк жүйесіндегі бүкіл активтің 6,1 пайызы. Жаңа бастамаға сәйкес стрестік активтерді бұдан былай жеке инвесторлар да сатып алады. Бірақ тек заңды тұлғаларға тиесілі актив­терді ғана. Осылайша, проблемалық займдардың мөлшерін төмендету, оларды экономикалық айналымға енгізу мәселесі қолға алынбақ.

Банктер қазір экожүйені дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Ол түсінікті де. Себебі банк тек қана банк қызметімен шектелсе, онда оның тұтынушылары азаяды. Қазір банк кең ауқымды қызмет көрсететін, өмірдің түрлі саласы бойынша сервисі бар құрылымға айналуға тиіс. Бұл жауапкершілік тұрғысынан да қа­жет. Себебі мемлекет 2013-2014 жылдар­дан бергі уақыттың өзінде банк жүйе­сін сауықтыруға 5 трлн теңгеден астам қаражат бөлді. Мемлекеттің банктер­ді сақтап қалуға деген ынта-ықыласы акцио­­нерлерді де еркінсітіп жіберген сы­­ңайлы. Ендігі кезекте банк иелері де, акционерлер де әділ бәсеке арқылы нарықта қалатынын түсінуге тиіс.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмам­бетовтің айтуынша, тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы жылдары Қазақстанның қаржы жүйесі ТМД-да үздік болды, кейін біраз төмендеді.

«Әсіресе 2007-2008 жылдардағы дағ­дарыс кезінде біраз құлдырадық. Енді қазір Ресейдің қаржы жүйесі құрдымға кете бастағаннан кейін, біздің жүйеміз қайтадан жақсылардың бірі бола бастады. Қазір бізде жүйені одан әрі дамытатын мүмкіндік бар. Прогресс бар, банк­тер цифрландыруды белсенді жүргізіп жатыр. Кейінгі 2-3 жылда көптеген банк IT-жүйелерін жақсы дамытты. Кейбір банк­тер нарықтан кетуі ықтимал. Деген­мен бәсеке жақсы дамып жатыр. Бұрын олар сервистік қызметке мән бермеген болса, пандемиядан кейін бұған барын сала кірісті. Алдағы екі жылда біздің банк секторы үздік салаға айналады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде ТМД-да жетекшіміз», дейді сарапшы.

Қор нарығы да күн санап қоң жиып келеді. Қазір азаматтар арасында инвестиция туралы таным-түсінік біршама артты. Нарыққа жаңа ойыншылардың көптеп келуі де нарықтың жауапкершілігін арттырды. 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қор нарығын капиталдандыру 0,8 трлн теңгеге (жыл басынан бері 14%-ға төмендеу) өсімді көрсете отырып, 38 трлн теңгені құрап­ты. Акциялар нарығын капиталдандыру индекстік компаниялардың акциялары бағасының ұлғаюы есебінен 0,9 трлн теңгеге дейін артып, жалпы көлемі 22,7 трлн теңгеге дейін жетті.

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) сауда тізімдерінде 105 эмитенттің 120 акциясы болды, олардың 46 шығарылымы KASE Global секторында айналысқа жіберілді. Тамыз айында акциялармен сауда-саттық көлемі шілде айымен салыстырғанда 0,9 млрд теңгеге артып, 7,8 млрд теңгені құраған. Елімізде KASE-дан бөлек «Астана» халықаралық қаржы орталығы» да жұмыс істейді. Бұл Қазақстандағы инвестиция кеңістігінің ауқымды бола түсуіне мүмкіндік беруде.

– «Астана» халықаралық қаржы ор­та­лығы» әзірге керемет табыс әкеліп жатпаса да, мұны өте қызықты жоба деп қарастыруға болады. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс басталып, Ресейге санкция салына бастағаннан кейін АХҚО-ның маңыздылығы арта түсті. Жеке өзім АХҚО-ның кейбір қызметтерін тұтынамын. Өйткені сервисі жақсы және оларға деген сенім де жо­ғары. Әрине, мұндай әділдік, ашықтық прак­тикасын бүкіл Қазақстан бойынша дамытқан дұрыс болады. Қор нарығын дамыту әрқашан жоғары деңгейдегі қаржылық сауаттылықты талап етеді. Бұл деген депозитке ақша салып қойып, сосын ұмытып кету емес. Аз-аздан экономиканы, бизнесті түсіну қажет. Не болмаса жөн білетін консультант қызметін пайдаланған жөн, – дейді Р.Рысмамбетов.

Қаржы секторының маңызды бөлігі саналатын сақтандыру саласының жиын­тық активі биыл 2 трлн теңгеге дейін өсті. Салада 27 сақтандыру ұйымы жұмыс істесе, соның 9-ы өмірді сақтандыру­мен айналысады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауын­ша, активтер құрылымында бағалы қа­ғаздарға – 1,4 трлн теңге, екінші дең­гейдегі банктердегі ақшалай қаражат пен салымдарға – 127 млрд теңге, сақтандыру дебиторлық берешекке 100 млрд теңге тиесілі.

«2022 жылғы тамызда сақтандыру нарығы бойынша таза пайда 6,9 млрд теңге болды. 1 146 995 жеке және заңды тұлғалар бойынша сақтандыру шарты жасалды. Жыл басынан бері 8 186 448 шарт жасалды. 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,0%-ға артық. Негізгі өсім көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру (249 053 шарт), туристі сақтандыру (176 224) және ауырған жағдайда сақтандыру (158 829) бойынша шарттарға келеді», деп мәлімдейді агенттік.

Сектор туралы айтқанда, микроқар­жы ұйымдарын да аттап кете алмаймыз. Қазір мұндай ұйымдардың әлеуеті артты. Тіпті бизнесті несиелеуде де айрықша маңызға ие. Соңғы бір жылдың өзінде МҚҰ-лардың қарыз портфелі 58 пайызға өскен. Әсіресе KMF, MyCar Finance, «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» секілді микроқаржы ұйымдары көптеген позиция бойынша көш бастайды. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша KMF-тің қарыз портфелі 191,3 млрд теңгені құрады. Бұл ретте MyCar Finance қарыз портфелі – 124,5 млрд теңге, «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» – 123,1 млрд теңге. «Жалпы алғанда, МҚҰ нарығы жыл сайын займ көлемі бойынша динамикалық өсім көрсетіп жатыр. Жылдың бірінші жартысының қорытындысында МҚҰ қарыз портфелі 58 пайызға өсіп, 838,3 млрд теңгеге жет­ті», деп ақпарат береді Ranking.kz.

Сектордың әрі қарай да дами түсеріне сенгіміз келеді. Себебі жақында ғана Президенттің тікелей тапсырмасымен еліміздің қаржы секторын 2030 жылға дейін дамытудың тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдама қаржы­лық тұрақтылықты нығайтуға, эконо­миканы қаржыландыру өсімін ынта­ландыруға, тұтынушылар құқығын қор­ғауға бағытталған. Тұжырымдамада көр­сетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін 5 маңызды ұстаным айқындалды. Олар – қаржы секторы дамуының экономика­лық өсуге оң әсерін қамтамасыз ету, қар­жылық технологияларды дамыту және инновациялық өнімдер мен қызмет­тер­ді енгізу үшін жағдай жасау, қаржы инс­титуттары қызметінің тұрақтылығы ­мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге ба­ғыт­талған қаржылық тұрақтылықты қолдау, барлық қаржы ұйымы үшін теңдей жағдай жасау және бәсекені да­мыту, бесінші бағыт – қаржылық қамту­ды арттыру және барлық тұтынушы үшін қаржылық өнімдер мен қызметтерге қол жеткізуде тең жағдайларды қамтама­сыз ету.

Жалпы, тұжырымдамада 7 стра­те­гиялық бағыт бар, соның аясында 31 міндет пен 81 стратегиялық бастаманы жүзеге асыру көзделген. Мысалы, банк секторын дамытудағы маңызды стратегия­лық басымдық – қаржы ресурстарын тиімді үлестіру нәтижесінде экономикалық өсімді күшейту. Сонымен қатар бизнес-жобаларды қаржыландырудың балама құралдарын табу да бірегей мақсат. Ал сақтандыру секторын дамыту инклюзивті сипатқа ие. Ең бірінші кезекте сақтандыру ұйымдары өнім­дер ауқымын арттырып, азаматтар үшін жаңа инвестициялық құралдар енгізуі керек. Бұдан былай олар тек сақтандыру қызметін ұсынып қана қоймай, сонымен бірге азаматтардың инвестиция жасап, жинақ қалыптастыруына да жол ашуға тиіс. Қор нарығын дамыту үшін ең бірінші кезекте институционалдық және бөлшек сұранысты арттыра білу қажет. Микроқаржы ұйымдары болса, банк секторы қамтымай қалған тұтынушылар сұранысымен айналысуы қажет. Тұжырымдамада дәл осылай көрсетілгенімен, бара-бара МҚҰ әлеуеті дара сипатқа ие болады. Сөйтіп, тіпті банк секторымен бәсекелесе бастайды деген өз болжамымызды да қоса кетейік.

Тұжырымдамамен қатар биыл 12 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтан­ды­ру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қыз­меті мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақ­стан Республикасының Заңына қол қой­ды. Мұны отандық қаржы секторын дамытудағы маңызды белес деп бағалау­ға болады. Заң аясында қаржы нары­ғын ­реттеуде, тұтынушылар құқығын қорғауда және инфрақұрылымдық ­дамытуды қолға алуда жаңа тәсілдер қарастырылады. Жалпы, заңда негізгі үш блок бар. Біріншісі – сақтандыру секторын кешенді дамыту. Екіншісі – отандық қор нарығының жұмысын одан әрі жақсарту. Үшіншісі – банк қызме­тін жетілдіре түсу.

Әзірге халықаралық агенттіктер мен ұйымдардың біздің қаржы секторына деген көзқарасы түзу. Жақында ғана Халықаралық валюта қорының Қазақстан бойынша миссиясы тәуекелге негізделген қаржылық қадағалауды күшейту шараларының тиімділігін жоғары бағалады. Биыл Ресейге са­лынған ауыр санкцияларға байланыс­ты Қазақстанда жұмыс істейтін үш бірдей ресейлік еншілес банктің нарықтан кет­кені белгілі. «Альфа-Банкті» қазақ­стандық «Банк ЦентрКредит» сатып алды. «ВТБ (Қазақстан) Банк» Ресейдегі негізгі ВТБ Банктің қолдауымен әзір­ге жұмысын жалғастырып жатыр. «Бәй­терек» ұлттық басқарушы холдингі еліміздегі ең әлеуетті банктің бірі саналатын «Сбербанк Қазақстанды» сатып алып, оған толықтай ребрендинг жасап, Bereke Bank деген атау берді. ХВҚ банк секторының тұрақтылығын сақтау үшін үш ресейлік еншілес банкке қатысты жасаған Қазақстан тарапының әрекетін де оң деп бағалаған.

30 жыл мерзім Қазақстан қаржы жүйесі үшін сынаққа толы болды. Енді сектордың жаңа тынысы ашылады. Бұдан былай отандық қаржы секторы мүлде басқа деңгейдегі талаптарға жауап бере бастайды. Тұтынушылар үшін адал, әділ бәсеке басталады. Бұл бәсеке шынайы жоғары деңгейлі сервиске ұласады деген сенім бар.