Орал қаласында апат жағдайында болған көне үйдің орнына тұрғызылған жаңа үй пайдалануға берілді.
Республика күні қарсаңында Орал қаласында 52 пәтерлік тұрғын үй өзінің жаңа иелерін тапты. Төрт қабатты ғимаратты мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде «Даму Жол Орал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып шықты.
Бұрын бұл жерде тұрған үйді мамандар әбден тозығы жетіп, апат жағдайына келді деп бағалаған. Оны реновация, яғни жаңарту үрдісінде қалпына келтіруге шешім қабылданды. Сөйтіп ғимараттың бұрынғы бет-бейнесі сақталып, жаңартылды. Жалпы ауданы 3 476 шаршы метрлік ғимарат 1,5 жыл ішінде қайта салынды.
Жаңа пәтерлердің кілтін тапсыру салтанатына Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов арнайы келді. Ол жиылған жұртты Республика күнімен құттықтап, қос қуанышы қатар келген жаңа пәтер иелеріне ізгі тілектерін жолдады. Сондай-ақ құрылыс нарығындағы күрделі өзгерістерге, баға нарығындағы ауытқуға қарамастан құрылысты сапалы жүргізіп шыққаны үшін мердігер фирма құрылысшыларына алғыс айтты.
Жаңа үйдің 12 пәтері бұрын осы жерде болған апатты үй тұрғындарына берілді.
Расымен, Республика күні мерекесі ауыл тұрғындарына да қуаныш әкелуде. Мәселен, шалғайдағы Қазталов ауданының Жаңажол ауылдық округіндегі Әбіш, Көктерек ауылдық округіне қарасты Еламан және Саралжын елді мекендеріне көгілдір отын құбыры тартылды. Айта кетейік, бұл – бұрын совхоз бөлімшесі болған кіші елді мекендер.
Батыс Қазақстан облысы