• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Спорт 30 Қазан, 2022

Қазақ балуандары – «Turan barysy» жеңімпазы

379 рет
көрсетілді

Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт сарайында алғаш рет қазақ күресінен «Turan Barysy» Азия кубогі өтті. Жарысқа Түркі мемле­кеттері ұйымының мүшелері – Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан ­балуандары қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Дүбірлі сында балуандар екі топқа бө­лініп, айналмалы жүйеде күресті. Екі топтан іріктелген Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан құрама командалары жүлделі орындарға таласты. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Түркістан төрін­дегі жарыстың маңызына тоқталды. Ұлттық спортты дамытуға министрлік тарапынан қолдау әрдайым жалғаса беретінін жеткізді. Ал Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды балуандарға сәттілік тіледі. «Қа­зақ күресі» – ұлттық спорт түрлерінің ішінде өзіндік орны бар ерекше спорттың түрі. Қазіргі уақытта әлемнің 40-тан аса мемлекетінде ұлттық күресімізден федерациялар құрылып, жұмыс атқаруда.

Өздеріңізге белгілі, ұлт­тық спортымыз – қазақ күре­сінен әлем, Азия, Африка және Еуропа чемпионаттары өткі­зіліп, дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Кейінгі он жыл беде­рінде жоғары деңгейде ұйым­дастырылып, өткізілетін «Қазақ­стан барысы», «Еуразия барысы» және «Әлем барысы» додалары да бүгінде көрермен көз­айымына айналып отыр. Міне, бүгін қасиетті Түркістанда ересектер арасындағы қазақ күресінен «Тұран барысы» Азия кубогі өтеді. Бұл іс-шаралардың барлығы бұқара халық арасында саламатты өмір салтын насихаттауға, спорттық дәстүр мен әдет-ғұ­рып­тарды сақтауға өзіндік зор үлесін қосуда. Аталған бағыттардағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады», деді облыс әкімі.

Ұлттық спортты насихаттау мақсатында шетелдерде 30-дан астам Қазақ күресі федерациясы жұмыс істейді. Бүгінде елімізде осы спорт түрімен 120 мыңнан астам жас шұғылданады. Елімізде түрлі деңгейде 800-ден астам жарыс өткізіледі. Сонымен бірге халықаралық деңгейде Азия кубогі, Азия және әлем чемпионаттары секілді ха­лықаралық турнирлер өтеді.

Мәдениет және спорт министр­лігі мен облыс әкімдігінің, сондай-ақ «Qazaq kuresi» ассоциациясы, «Qazaqstan barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қорының ұйым­дастыруымен өткен турнирдің бас серік­тестері – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ пен «Туризм мен спортты қолдау және дамыту қоры».

Дүбірлі додаға түркі елдерінің ең мықты спортшылары қатысты. Олардың арасында қазақ күресімен қоса, басқа да күрес түр­лерінен халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген спортшылар бар. Мысалы, Әзербайжан құрамасы атынан самбодан екі дүркін әлем чемпионы Эйваз Бақшиев (60 кг) бақ сынады. Ал Мажарстан құрамасы сапында дзюдодан Еуропа чемпионы Эндре Гунич (82 кг), дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы Барна Бооур (+90 кг) Азия кубогінде жеңіс тұғырынан көрінуге барын салды. Дзюдодан Еуропа чемпионы атанған түркиялық Фуркан Гүнер да аянып қалмады.

Қазақ күресінен өтіп жүрген халықара­лық жарыстарда жақсы өнер көрсеткен Өзбекстан құрамасы сапында әлем чем­пионы Умид Есанов (82 кг), әлем чемпио­ны, дзюдодан Азия чемпионы Еркін Козоков (90 кг), үш дүркін әлем чемпионы, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Мухсин Хисомиддинов (+90 кг) бозкілемге шықты. Ал Қазақстан сапында 90 кило салмақта белдескен Айдарбек Тоқтарбек былтыр қа­зақ күресінен әлем чемпионы атанған болатын. 90 килодан жоғары салмақта Ғалым­жан Қырықбай – «Қазақстан барысы» рес­публикалық турнирінің 2021 жылғы күміс, 2022 жылғы қола жүлдегері.

Еліміздегі ұлттық спорт түрін дамыту және қолдау мақсатында ұйымдастырылған, тартысқа толы күрес бәсекесінің жартылай финалында Әзербайжан балуандарын қапы қалдырған қырғыз өрендері қола жүлдені иеленді. Ал ақтық айқас Қазақстан мен Өзбекстан балуандары арасында өтті. Айтулы доданың ақтық бәсекесінде 4:3 есе­бімен Қазақстан балуандары басым түсіп, «Turan barysy» додасының жеңім­пазы ­атанды. Алғаш рет ұйымдастырылған кү­рес са­йысында бірінші орын алған команда ­­ 10 000 000 теңге көлемінде қаржылай сый­лық алса, екінші орынға – 6 000 000, үшінші орынға 4 000 000 қаржылай сыйлық және арнайы кубок табыс етілді.

 

ТҮРКІСТАН