«Коронавирус зертханадан шыққан» деген әңгіме кейінгі кезде қайта қызу талқылана бастады. Кейінгі бір аптада BioRxiv сайтында екі зерттеу жұмысы жарияланып, мақалада жер-жаһанды жайлаған індеттің қолдан жасалғаны туралы айтылған-ды.
BioRxiv сайтында әдетте тексеруден өтпеген алдын ала зерттеу нәтижесі жарияланады. Содан кейін сол салаға қатысты ғалымдар ғылыми жұмысты зерделеп, кем-кетігіне үңіліп, peer review жасайды, яғни сараптамалық баға береді. Алда-жалда мақалада айтылған мәліметтер дұрыс болса, оны ғылыми журналға жариялауға рұқсат етеді. Сондықтан аталған сайтқа салынған зерттеулерді нақты мәлімет деп қарауға әлі ерте. Дегенмен мұндай тақырыптың қайта-қайта көтерілуі COVID-тің қайдан шыққанына қатысты түпкілікті шешімнің әлі де нақты табылмай тұрғанымен байланысты болса керек.
Академиялық ортаны дүр сілкіндірген бұл ақпаратты жақтаушылар да, сынайтындар да жетерлік. Мәселен, зерттеу авторлары вирустың қолдан жасалғанына сенімді. Мұны кейбір профессорлар да қолдап отыр. Бірақ басқа ғалымдар зерттеу кезінде көптеген кемшілік жіберілгенін алға тартады.
Ғылыми жұмысты жүргізгендердің бірі Алекс Уошберннің айтуынша, зертханада коронавирусты бөліп, ДНҚ-ны қайта жасақтаған. Соның салдарынан індет адамға жұғатындай қалыпқа келген.
«Біз SARS-CoV-2 зертханада синтезделді ме деген сұраққа жауап іздедік. Зертханада оны синтездеудің жалпы әдісін тексердік. Әдетте мұндай әдіс із қалдырмайды деп есептелді. Бірақ қолдан жасалғанына дәлел болатын белгі таптық. Яғни SARS-CoV-2 геномында мұндай із қалған», дейді А.Уошберн.
Коронавирустың қайдан шыққаны туралы кітаптың авторы Виконт Мэтт Ридли жаңа жұмысты «өте маңызды зерттеу» деп атады. «SARS-CoV-2 адамның әрекеті екенін дәлелдейтін мәлімет бұрыннан көрінбейтін жерде жасырылған болуы мүмкін», дейді ол.
UCL генетика институтының директоры, профессор Франсуа Баллу зерттеуді SARS-CoV-2 вирусы табиғи жолмен жұққан деген сценарийге қарсы тұруға лайық дәлел деп есептеп отыр.
Бірақ ғылыми жұмысқа күдікпен қарайтындар да жетерлік. Олардың пайымдауынша, авторлар вирустың зертханада жасалуының дәлелі деп мәлімдеген деректер сенімді емес. Өйткені мұндай генетикалық іздер табиғи түрде көптеген вируста, соның ішінде тұмаудың вирусында да кездеседі.
Лондондағы Кингс колледжінің (KCL) вирусология профессоры, профессор Стюарт Нил зерттеу авторларын өздеріне қажет мәліметті ғана алып, қалған деректерге мән бермеген деп айыптайды. Осылайша, «мақаланы өздерін қанағаттандыру үшін ғана әзірлеген» деген пікірде.
«Дау туғызған мақала АҚШ пен Ұлыбританияның бұқаралық ақпарат құралдарында пікірталасқа айналу үшін жасалған әрекет», дейді С.Нил.
Глазго университетінің Вирустарды зерттеу орталығының вирустық геномика жетекшісі профессор Дэвид Робертсон зерттеуді «түкке тұрмайды әрі адамдарды жаңылыстырады» деп есептейді.
Скриппс ғылыми-зерттеу институтының иммунология және микробиология бөлімінің профессоры, эволюциялық биолог және профессор Кристиан Андерсен бұл жұмысты «ғылым атын жамылған жазбадан басқа ештеңе емес» деп атады. «Жалпақ тілмен айтқанда, бұл түкке тұрмайды, онымен айналысудың қажеті жоқ», дейді ол. Сондай-ақ зерттеуді балабақшадағы молекулярлық биология деңгейінен де төмен деп мәлімдеді.
Жалпы, коронавирустың шығу тегі туралы дау індет шартарапты шарпығаннан бері айтылып келеді. Естеріңізде болса, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп вирустың Уханьдағы зертханада жасалғанын мәлімдеген еді. Вице-президент Майк Пенсе де індеттің өршуіне Қытай кінәлі деп, барлау қызметінің қолында сенімді деректер бар екеніне екпін берді.
Қытай тарапы қауіпті дерттің шаһардағы теңіз жәндіктерін сататын базардан тарағанын алға тартқан-ды. 2020 жылғы қаңтарда әлеуметтік желілерде жаңа коронавирустың түрі Уханьдағы зертханада жасалғаны туралы алып-қашпа әңгіме кең тарады. Көп ұзамай, қаңтардың аяғында The Lancet журналында қауіпті дерттің тырнағына ілінгендерді зерттеген ғалымдардың мақаласы жарияланды. Онда бастапқыда ауырған 41 науқастың 13-і Уханьдағы теңіз жәндіктерін саудалайтын базарға мүлдем бармағаны анықталды. Мұны бір деп қойыңыз.
Бүкіл әлем Қытайдағы «жұмбақ дерт» туралы талқылап жатқанда, АҚШ сенаторы Том Коттон COVID-19 Уханьдағы зертханадан таралуы ықтимал деп мәлімдеді. Айта кетерлігі, Оңтүстік Қытай технология университетінің профессоры Ботао Сяо елең-алаң тұста мақала жариялап, вирустың қолдан жасалғаны туралы әңгімені одан сайын күшейте түсті. Рас, көп ұзамай-ақ ғалым мақаласын өшіріп тастады. Бірақ бұл желдей ескен қауесетті тоқтатқан жоқ.
Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны белгілі. COVID-19 вирусының өздігінен пайда болмағанына сенетіндер көп. Бұған негіз де бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын Nature Medicine журналында коронавирусқа жасалған тәжірибе туралы ғылыми мақала жарияланды. Соған сүйенсек, ғалымдар жарқанатта кездесетін SHC014 коронавирусын гендік тұрғыда өзгертіп көрген екен. Нәтижесінде, аталған вирус адамның тыныс алу жолдарын зақымдайтыны, жарқанаттан тікелей адамға жұға беретіні анықталған. Бір қызығы, бұл зерттеуді Солтүстік Каролина университеті мен Уханьдағы биологиялық институт ғалымдары бірлесіп жүргізген. Алты жыл бұрын жасалған тәжірибе вирустың шығу тегіне күмәнмен қарайтындар санын арттыра түспесе, кеміткен жоқ.
Расын айту керек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың табиғи жолмен тарағанына сенімді. Бұған қатысты ұйым басшысы да талай рет мәлімдеме жасады. Аталған мәселені түпкілікті шешу мақсатында ДДҰ бірнеше мәрте ғалымдарын Уханьға жіберді. Бірақ жергілікті биліктің толыққанды зерттеу жүргізуіне мүмкіндік бермеуіне байланысты кесімді шешім шықпай отыр. Дегенмен ДДҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирустың пайда болуына қатысты мәселенің әлі де басы ашық деп айтты.
Негізі вирустың зертханадан «қашып» кетуі сенімсіз жағдай емес. Economist журналы мұндай жағдай біз ойлағаннан да жиі кездесетінін алға тартады. Мысалы, 1977 жылы кең таралған тұмау эпидемиясы кезінде оның вирусы зертхана қызметкеріне жұққан. Содан кейін басқаларға таралған.
Осы орайда, сарапшылар індеттің таралуына қатысты бірнеше нұсқа ұсынып отыр. Оның бірінде Уханьдағы зертхана қызметкері табиғатта жан-жануарларға сынақ жүргізіп жүргенде, вирусты «іле» кетуі мүмкін. Сөйтіп, басқаларға да таратқан. Келесі нұсқада қызметкер вирусты зертханада жүргенде абайсызда жұқтырған. Бірақ әзірге қай тараптың да сценарийі көңілге сенім ұялатып отырған жоқ. Тіпті халықаралық консенсусқа ие жануардан адамға табиғи жолмен жұқты дейтін пікір әлі де бұлтартпас дәлелді қажет етеді. Өйткені COVID-19 алғашқыда Уханьдағы жабайы базарда таралды дейтін деректің өзі нақты емес.
COVID-19-дың зертханада жасалғаны жөніндегі әңгіменің академиялық ортада талқылануына мына жайт та әсер етіп отыр. Бастапқыда вирус жарқанаттан адамға жұққаны айтылды. Кейінірек ғалымдар ортада бір жануардың болғанын алға тартты. Мәселен, жылан немесе панголин тасымалдағыш атануы мүмкін десті. Тіпті сусар, борсық деген де болжамдар айтылды.
Бірақ әлі күнге дейін ауру тасымалдағыш жануар нақты анықталған жоқ. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2002 жылғы SARS эпидемиясы кезінде коронавирустың жарқанаттан циветаға жұққаны, одан адамға өткені 4 ай ішінде белгілі болды. 2012 жылғы MERS эпидемиясында да ауру тасымалдағыш жануар түйе екені 9 айда анықталды. Ал COVID-19 індетінің басталғанына екі жылдан асса да, әлі күнге дейін ауру тасымалдаушы аң табылар емес.
Вирустың қайдан шыққанына «бас қатырған» Қытай ғалымдары бір қызықтың бетін ашты. Юньнань провинциясында жарқанаттардың генін зерттеп жүріп, үңгірлердің бірінен шыққан құста RpYN06 вирусы бар екенін анықтапты. Сөйтсе, аталған вирустың генетикалық құрылымы COVID-19-ға 94,5 пайыз сәйкес көрінеді.
Картаға көз жүгіртсек, Юньнань провинциясы мен Ухань қаласының арасы әжептеуір алшақ жатқанын аңғарамыз. Қазіргі коронавирустың арғы атасы RpYN06 вирусы болса әрі оны Юньнаньнан тапса, ол қалайша тып-тыныш қалпында 1500 шақырымды басып өткен деген заңды сұрақ туындайды. Алда-жалда вирус табиғи жолмен жұқса, эпидемия Уханьда емес, Юньнаньда басталуы керек еді ғой деген заңды сауал тағы алдан шығады.
Осылайша, коронавирустың қайдан шыққаны туралы дау әлі де басылар емес. Жер-жаһанды әбігерге салған індет кейінгі кезде саябырсыды. Бірақ қауіпті дерттен біржола құтылдық деп айтуға ерте. Әлемді былай қойғанда, Қазақстанда да күн сайын жұқтырғандар саны анықталады. Мәселен, бүгінге дейін елімізде 1,4 миллион адамның тесті оң нәтиже көрсеткен. Тәулігіне 40-50 адамның науқастанғаны анықталады.