Саналы адам үшін денсаулыққа жететін байлық жоқ. Еліміз түгілі әлемді әбігерге салған індет іргемізге келгенде сау күніміздің қадірін одан сайын түсінгендей болдық. Қалай десек те, ауру атаулының жақсысы болмас. Бұрын тек қана үлкендерде кездесетін дерт, бүгінгі таңда жастар арасында да етек алып жатқаны алаңдатады. Дейтұрғанмен, сан түрлі аурудың емдеу жолдары да дамыған. Соның бірі – донор болу. Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы мамандарының мәліметінше, биыл Астана қаласы бойынша 97 жылжымалы акция ұйымдастырылып, оған 3 678 адам қатысып, қан тапсырған.
Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының Донорлар кадрларын жинақтау бөлімінің меңгерушісі, трансфузиолог-терапевт дәрігер Әйгерім Қабдывахитқызы жасы 18-ге толған, донорлыққа қарсы көрсетілімдері жоқ, салмағы 50 килодан артық кез келген дені сау адам донор бола алатынын айтады.
«Қан тапсыру алдында донор терапевттің қабылдауы мен алдын ала медициналық зерттеуді қамтитын медициналық тексеруден өтеді. Қан тапсырудан бұрын өлшенген дене температурасы 37°С-тан жоғары болмағаны жөн. Рұқсат етілген систоликалық қан қысымы – 90-160 мм.сын.бағ., диастоликалық – 60-100 мм.сын.бағ., тамыр соққысы – минутына 50-100 соққыдан аспауы қажет. Егер төменде келтірілген тізімге кірмеген сырқаты бар немесе қандай да бір дәрілерді қабылдайтын болсаңыз, бұл туралы дәрігерге хабарлаңыз. Ол қан және оның компоненттерін тапсыру жайында шешім қабылдауға үлкен септігін тигізеді. Дәрігердің тексеріп-қарағаны мен донор мен дәрігердің әңгімесі – қан және оның компоненттерін тапсыру алдындағы міндетті шаралар. Өзіңізді жайсыз сезінгеніңізді дәрігерден жасырмаңыз. Сауалдама сұрақтарына шынайы жауап беріңіз, сонда ғана донорлық сіз және қан мен оның компоненттерін қажет ететін пациенттер үшін қауіпсіз болады», деді маман.
Айта кететін жайт, жуық арада ауырған түрлі сырқаттар, операциялар, әлемнің кейбір жерлеріне бару – осының барлығы донорлықтан уақытша немесе мүлдем шеттету үшін негіз бола алады. АИТВ инфекциясы, мерез, вирустық гепатиттер, туберкулез, қан аурулары, онкологиялық аурулар және тағы басқалар сияқты күрделі аурулардың болуы абсолюттік қарсы көрсетілім болып саналады. Уақытша қарсы көрсетілімдердің себебіне қарай түрлі мерзімдері бар. Кең таралған тыйымдардың бірі – тіс жұлу (10 күн), татуировка, пирсинг немесе акупунктура (4 ай), ангина (1 ай), тұмау, ЖРВИ (сауығу сәтінен бастап 2 апта), жүктілік (босанудан кейін 1 жыл), егулер (егудің түріне байланысты). Осының бәрі қан және оның компоненттерін тапсырудың белгілі қарсы көрсетілімдері деуге болады.
Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының қан орталығының доноры болу жолдарын да көрсетті.
«Егер сіз донор болуға бел бусаңыз, мына ақпаратпен танысып шығыңыз. Қабылдау сағаты – 08:30-дан 17:00-ге дейін. Донорлар ғимаратқа кірген кезде алдымен оларды донор залының әкімшісі қарсы алады. Ол донор сауалдамасын беріп, оны толтыруға көмектеседі. Содан кейін зал әкімшісі тіркеу орнына баруыңызды сұрайды. Өзіңізбен бірге міндетті түрде жеке куәлік болуға тиіс», деді маман.
Тіркеу орнында донор донорлардың бірыңғай деректер базасы арқылы тексеріледі, онда барлық донациялар, зертханалық зерттеудің нәтижелері, донорлықтан шеттету, сондай-ақ тіркелген инфекциялық аурулар туралы ақпарат енгізіледі.
«Тіркеуден кейін донорлар зертханалық зерттеу үшін екінші қабатқа жолданады. Бір рет пайдаланылатын скарификатор арқылы саусақтан бірнеше тамшы қан алынады. Бұл қанға бастапқы клиникалық-биохимиялық талдау жүргізуге мүмкіндік береді (қан тобы мен резус фактор, гемоглобин. АЛТ және Ке11 антиген). Бұдан кейін осы қабатта сізді трансфузиолог (терапевт) тексеріп-қарау үшін шақырады. Дәрігер дене қызуын, тамыр соғуын, артериялық қан қысымын өлшейді, құпия түрде әңгімелеседі және донорлардың сұрақтарына жауап береді, қанды және оның компоненттерін тапсырудың тәртібі туралы айтады. Дәрігер зертханалық және медициналық зерттеудің нәтижесінде донорды донациялауға жіберу мен оның түрі туралы шешім қабылдайды. Қан тапсыруға жіберілген донорлар шайханаға барады, онда оларға тәтті шай мен нан ұсынылады. Бұдан кейін 3 қабаттағы демалыс бөлмесіне көтерілу керек. Онда ыңғайлы қалқаны бар орындық, теледидар, кулер бар. Демалыс бөлмесінде донация залына шақырылатын донордың аты-жөні көрсететін монитор орнатылған. Қан тапсырғаннан кейін донорлар бірінші қабатқа түседі және тіркеу орнынан қанды және оның компоненттерін тапсырғаны туралы анықтама алады», деді Донорлар кадрларын жинақтау бөлімінің меңгерушісі, трансфузиолог-терапевт дәрігер Әйгерім Қабдывахитқызы.
Сонымен қатар ол қан донорларына қатысты бірқатар жайтты атап өтті.
«Қан тапсырғаннан кейін, қан бірнеше компонентке бөлінеді. Соның бір компоненті – плазма 4 айға карантинге салынатынын ескертеміз. Бұл уақыт плазманың толық қауіпсіздігін растау мақсатында сақталып, донор қайта қан талдау рәсімі үшін шақырылады. Плазманы емдік мекемелерге донорды қайта тексергеннен кейін ғана жөнелтеді. Егер сіз қандай да бір себептермен карантинге анализ тапсыру шарасына келе алмайтын болсаңыз, басқа күні келуіңізге болады. Осылайша, перзентханалар мен балалар мекемелері үшін аса қажетті болатын карантинделген плазма медицина ұйымдарына дер кезінде беріледі. Егер де донор қайта қан талдауы үшін келмеген жағдайда қан-компоненттері жойылады.
Тромбоциттер сияқты донорлық жасушалардың жарамдылық мерзімі 5-7 күн болғандықтан, бұл шараға донорлар емдік мекемелердің сұрауы бойынша ғана жіберіледі. Денсаулықтары жіті қадағалауда болғандықтан, тұрақты донорлар қауіпсіз контингент болып саналады. Өйткені олардың арасында инфекциялардың таралу қаупі өте төмен және олар үнемі қан талдау нәтежелерін көріп отырғандықтан, өзінің денсаулығына жіті қарайды», деді Донорлар кадрларын жинақтау бөлімінің меңгерушісі.