Солтүстік Қазақстан облысының орталығында осы жылғы алғашқы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған облыстың 13 ауданының өкілдері келіп, ауылшаруашылық өнімдерін саудалады.
Жәрмеңкеге облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, қала басшысы Руслан Аңбаев барып, сауда-саттықтың барысын көріп, азық-түлік бағаларымен танысты.
Қаз-қатар тігілген шатырлардың сөресінде ет-сүт өнімдерінен басқа жеміс-көкөніс, бал сияқты өнімдер де бар. Тіпті түрлі жемістердің тұқымдары да сатылды. Қызылжарлықтар да бұл күні арзандау азық-түлік тауарларын алуға тайлы-таяғымен асығып жетті.
Жәрмеңке жайлы ақпарат берген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Мейрам Меңдібаев өнімдердің қала базарларынан кем дегенде 15-20 пайызға арзан екенін айтты. «Өйткені бұл жерде делдалдар жоқ, өндірушілер тұтынушылармен тікелей байланысып тұр. Сондықтан екі жақ та разы», деді ол.
Шынында да, өнімдер қала дүкендері мен базарларға қарағанда әжептәуір арзан. «Жұмыртқаның бағасы дүкендерде шарықтап кетті, 10 данасы 500 теңгеден жоғары, кейбір дүкендерде одан да қымбат. Ал мұнда 350 теңгеге де алуға болады екен», дейді қала тұрғыны Салтанат Жақыпова. Ет пен сүт өнімдеріне де қатысты сондай пікірлерді байқап қалдық. Базардағы баға 3 мыңнан кем болмаса, мұнда семіз жылқы етін 2 700, сиыр етін 1 800, қой етін 2 200 теңгеге сатып алуға болады. Ұн, қарақұмық жармасы сияқтылардың бағасы да базарға қарағанда әлдеқайда арзан.
Ауылдықтар тамақ өнімдерін ғана емес, мал азығын да әкеліпті. Жекеменшік қорасында шағын мал ұстайтын қалалықтар мен қала маңындағы үлкен елді мекен тұрғындары үшін бұл үлкен олжа болды. Салмағы 3 центрдей болатын шөп орамасын 5 мың, сабан орамасын 2 мың теңгеге алып жатқан тұрғындарды да көрдік. «Мал азығы үшін жеткізілген 60 орам шөп пен 40 орам сабанды пышақ үсті сатып алып кетті», дейді Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Қожаев.
Осындай жәрмеңкелер алдағы уақытта да қалада сенбі сайын ұйымдастырылып тұрады. Олар жергілікті өкіметке қарайтын «Шапағат», «Дария», «Алтын арман» базарларында өтеді.
ПЕТРОПАВЛ