• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Қараша, 2022

Тұлға тағылымы

329 рет
көрсетілді

Астанадағы Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясында «Ұлты үшін туған ұлы тұлға – Мұстафа» атты тағылымды кеш өтті. Оған Парламент депутаттары Нұртөре Жүсіп, Қазыбек Иса, Түркиядағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдуақап Қара, саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір қатысты.

Алдымен қонақтар мектеп мұра­жайындағы түркі әлемінің айтулы тұлғасының саяси көз­қарасының қалып­тасуына әсер еткен тари­хи оқиғалар мен шет­елде эми­гра­цияда жүрген кезеңдегі қоғамдық қызметі туралы баяндаған деректермен танысты. Одан соң қайраткердің өмірі мен сая­си жолы және Түр­кістан, Түр­кия, Франция елде­рін­дегі тағдыры мен сонда көр­ген қиындықтары туралы жаз­ған туындысынан үзінді тама­шалады.

Іс-шара дөңгелек үстел мә­жілісі форматында өткендік­тен мектеп оқушылары қонақ­тар­мен еркін әңгімелесіп, олар­ға ұлт күрескерінің өмірі мен сая­­си қызметі туралы сұрақ­та­рын қойып, тұшымды жауап алды.

– Мұстафа Шоқай түркі дүниесінің ұлы тұлғасы саналады. Оның дәлелі ретінде, биыл Түркияның Мәдениет министрлігі «Түркияның 100 ұлы тұлғасы» арнайы сериясын бастады. Осы серияның ал­ғашқы томдығына Мұстафа Шоқай еніп отыр. Сонымен қатар Францияда қайраткерге ескерткіш қойылып, саябақ ашылды. Сондықтан біз осындай ұлы тұлғаларымызды ұлық­тай білсек, оның еліміз үшін де, ұрпағымыз үшін рухани пай­дасы зор болады, – деді шоқай­танушы ғалым Әбдуақап Қара.

Сондай-ақ Нұртөре Жүсіп, Қазыбек Иса, Әбдіжәлел Бәкір және тағы басқа да зия­лы қауым өкілдері ардақты азаматтың қайраткерлігі мен күрескерлігі туралы парасатты ой қозғады. Содан кейін тағылымды шара мектеп ұжы­мы дайындаған әдеби-сазды кешке ұласып, онда оқушылар көрнекті тұл­ға өмірінен шағын көрініс қойып, оның жары Мария Шоқайдың монологін оқыды. Кеш соңында аталған білім ордасына Мұстафа Шо­қай есімінің берілуіне байланыс­ты шығарған мектептің жаңа әнұраны орындалды.