Әулиекөл өңіріндегі табиғи апат салдарынан үй-қорасы өртеніп кеткен 91 отбасы таяуда ғана аудан орталығының шетінен бой түзеген жаңа шағын ауданға қоныстанған еді. Республика күні қарсаңында облыс әкімінің қолынан жаңа үйдің кілтін алып, қоныс тойын тойлаған тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармады.
Жаңа үйге кірген тұрғындар бірнеше күннен кейін ауладағы септиктің іші суға толып кеткенін байқаған. Әлеуметтік желіде тарап, елдің наразылығын туғызған видеода «Бірлік» шағын ауданындағы №83 үйдің тұрғыны өз отбасында 9 адам бар екенін, мұнда осыдан екі күн бұрын ғана көшіп келгенін, ал септигіндегі судың құдықтың ернеуінен асып есіктің алдына жайылайын деп тұрғанын айтады.
Оған көршілес үйлердің де жағдайы мәз емес. Бұған дейін түскен қар 1 қарашада еріп, ауланы су басып кеткен.
«Мынау №69 үй – менің үйім. Ауламызды телегей-теңіз су басып қалды. Балаларыма үйдегі судың шүмегін ашпаңдар дедім. Онсыз да су толып кеткен септигімді көрсетейін десем, жақындап бара алмай тұрмын», дейді видеодағы әйел адам.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықовтың айтуынша, бұл үйлердің әу бастағы құрылыс жобасында септик қазу қарастырылмаған. Ал ауладағы уақытша септиктерді мердігерлер орнатыпты.
«Күн жылып, бірнеше күн қатарынан қар аралас жаңбыр жауды. Нәтижесінде, тұрғын үйлердің аулаларына су жиналып қалды. Инженерлік-геологиялық зерттеу бойынша, үйлердің іргетасы ылғал өткізбейтін қорғанышпен қапталған, үйлерге су кірмейді, су басу қаупі жоқ», делінген басқарма басшысының атынан келген хабарламада.
Артынша Әулиекөл ауданының әкімі Ерлан Теменов су басқан аулаларда су сорғыту жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.
«91 үйлі «Бірлік» шағын ауданында 12 үйдің ауласын су басып қалды. Бұл үйлердің іргетасы ылғал өткізбейді. Үйге су кіреді деп алаңдауға негіз жоқ. Қазір 4 техника, 2 мотосорғы, оған қоса 25 адам су сорғыту жұмыстарымен айналысып жатыр», деді Әулиекөл ауданының әкімі Ерлан Теменов.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы алдағы уақытта «Бірлік» шағын ауданындағы үйлерге кәріз құбырлары тартылатынын, қазір оның сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын айтты.
Қостанай облысы