• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Мамыр, 2014

Одақ аясында 2019 жылы ортақ энергетика нарығы құрылады

229 рет
көрсетілді

АСТАНА. 27 мамыр. Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ электр энергетикасы нарығын құру туралы халықаралық келісімге 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін қол қойылады. Бұл туралы Bnews.kz тілшісіне берген сұхбатында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев мәлімдеді. «Қазіргі уақытта Кеден одағы мен БЭК аясында ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша, оның ішінде электр энергетикасы саласында да ықпалдасу үдерістері жүргізіліп жатыр», - дейді Б.Жақсалиев. Министрдің орынбасарының айтуынша, үш елдің электр энергетикасы саласы тарихи тұрғыдан алғанда ықпалдасқан. Дегенмен, қазіргі уақытта ортақ электр энергетикасы туралы сөз қозғау әлі ертелеу. Оған себеп – электр энергетикасы нарықтары модельдерінің әр түрлі болуында. «Қазақстанда ырықтандырылған электр нарығы болса, Беларусьте мемлекеттік сатылас біріктірілген компания, ал Ресейде электр энергиясы мен қуаттар нарығы торапты бағаны белгілейді. Жыл ішінде сарапшылар электр энергетикасы саласындағы мәселелерді қарастырды. Қатарлас жұмыс істейтін электр энергетикасы жүйелерінің негізінде одақтың ортақ электр энергетикасы нарығын кезең-кезеңмен құру бойынша қол жеткізілген келісімдер, ұстанымдардың барлығы келісілді», - деді Б.Жақсалиев. Оның айтуына қарағанда, 2015 жылғың 1 шілдеге дейін ортақ электр энергетикасы нарығын құру тұжырымдамасы әзірленеді. 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін ортақ нарықты құру бағдарламасы жасалады. «Бағдарлама іс-шараларын іске асыруды аяқтағаннан кейін одаққа мүше мемлекеттер 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін ортақ электр энергетикасы нарығын құру туралы халықаралық келісімге қол қояды. Онда желілерді қолданудың бірыңғай ережелері де қарастырылады», - деді вице-министр. Қазіргі таңда 2019 жылға дейін одаққа мүше мемлекеттердің ішкі қажеттіліктерін қамту үшін электр энергиясын қолдану шарттарында техникалық мүмкіндіктер аясында мемлекетаралық алмасуды іске асыру үшін желілерге кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету туралы шешім қабылданған. Мұрат Айтқожа. Дереккөз: Bnews.kz. Фото: 168.am.