Сенат отырысында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев шенеуніктердің құмар ойынға жұмсаған ақшасы қайдан алынғаны тексеріліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
БАҚ өкілдері «Мемлекеттік қызметкерлердің осыншама ақшаны қайдан алғанын Бас прокуратура тексере ме?» деген сауал қойды. Расында да, бұған дейін Алматы облысының прокуратурасы 307 мемлекеттік қызметкердің ойынханада 507 миллион теңге жұмсағанын хабарлаған болатын.
«Әрбір факті бойынша мемлекеттік қызметкерлерге тиісті мемлекеттік органдар тексеру жүргізеді. Сондай-ақ қызметкерлер ақшаны қайдан алғаны туралы да анықтау жұмыстарын жүргізеді. Тексеру қорытындысы бойынша ең қатал шаралар қабылданады деп ойлаймын», деді Әсет Шындалиев.
2022 жылдың 19 қазанында Алматы облысындағы құмар ойындарына мемлекеттік қызметкерлер 507 миллион теңге жұмсағаны белгілі болды.
Қарашаның 2-сі күні Ішкі істер министрлігінің басшысы оның ведомствосы шенеуніктердің ойынханаға жұмсаған ақшасының шығу тегін тексеріп жатқанын хабарлады.