• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2014

Игорь ШУВАЛОВ: Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси даналығына таң қаламыз

252 рет
көрсетілді

Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары И.И.Шуваловпен сұхбат – Құрметті Игорь Иван­о­вич! Осы күн­дер­­де жұ­мысы­ңыз­­­дың ерек­ше қау­ырт екенін білгендіктен де сұх­батқа келісім бер­геніңіз үшін алғысымды айта­мын. Ай­дың аяғында Еура­­зиялық экономикалық одақ құру туралы Шартқа қол қоя­ды деп күтіліп отыр. Сіз 2010 жылдың қаңтарынан бері Эко­­номика­лық даму мен ин­те­грация жөніндегі бір­лескен үкіметтік комиссияны бас­­қарып келесіз, Шарт жоба­сын дайындауға тікелей қатыс­қансыз. Әңгімеміздің ба­сында жалпы әлемдегі, со­ның ішінде кеңестен кейінгі кеңістіктегі ин­те­грациялық үдерістердің мән-маңызы туралы не айтар едіңіз? – ТМД кеңістігіндегі ин­те­грациялық бірлестіктердің жұмыс тәжірибесі ықпалдастық әлеуетін экономикалық дамудың елеулі факторы ретінде қарастыруға мүм­кіндік береді. Қазіргі таңда ТМД шеңберінде интеграцияның екі арнасы дамып жатқан сияқты. Олардың біріншісі – бүкіл ТМД көлемінде көпқырлы еркін сауда аймағының негізінде ынтымақтастықты нақ­ты тереңдету, екіншісі – инте­гра­цияны Кеден одағы мен Бір­тұтас экономикалық кеңістік тү­рінде үдемелі дамытудың өзе­гін қалыптастыру, бара-бара бұл үдеріске қатысушылардың құрамын басқа да мүдделес ел­дердің есебінен кеңейту. Мұндай көзқарас әртүрлі жыл­дамдықтағы немесе әртүрлі дең­гейдегі интеграция деген атау алды. Ол интеграцияны тереңдету бағытында алға жылжуға дайын елдердің озық пішімдерінің дамуын бірте-бірте Достастық мемлекеттерінің басқаларына да таратуға мүмкіндік береді. Тегінде, «кеңейтілген» тректің негізгі жетістігі тауарлармен өзара сауда жасаудағы кедергілерді жою мақсатымен толыққанды және көпқырлы еркін сауданың аймағын (бүгінде оған ТМД-ға мүше 9 мемлекет кіреді) құру болып табылады. Осы арқылы біз Достастықтың жалпы пішімінде қазірдің өзінде өз шешімін Ресейдің, Белоруссияның және Қазақстанның интеграциялық бірлестігінде тапқан мәселелер мен проблемаларға жақындап келеміз, онда еркін сауда қарым-қатынастарын ұстанумен қатар экономикалық өзара кең іс-қимыл жүзеге асырылады да, іс тәртібінің ортақ қағидалары қалыптасады. Сауда статистикасы бұл жұ­мыс­тың нақты нәтижелерін көр­сетіп отыр. Өткен 2013 жыл жалпы­әлемдік жағымсыз үрдістердің кесірінен аз индикативті болды, алайда, 3 жылдық кезеңнің қорытындысы бойынша біз Кеден одағына мүше елдердің өзара саудасы экономикалық тұрғыдан қолайлы жылдарда табысты өркендейді, сонымен бірге, қолайсыз жылдарда азаймайды деп қорытынды жасай аламыз. – Кеңестен кейінгі кеңіс­тік­тегі толыққанды еуразиялық интеграция идеясы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екендігі белгілі. Қазақстан Президенті тәуелсіздікке қол жеткен ал­ғаш­қы жылдардың өзінде оқшау­лану саясаты тығырыққа ті­рейтінін басын ашып айтқан еді. Біздің мемлекетіміздің басшысы Еуразиялық одақ идея­сын алғаш рет 1994 жылғы нау­рызда Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінде жария еткен. «Еуразиялық одақ идеясын ойластыра отырып, мен бұл он шақты жылдың ішінде біте қоятын шаруа еместігін біл­генмін», дейді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Соның өзінде бұл мақсатты жүзеге асыруға небәрі жиырма жыл ғана қажет болды. Сіз тарихи тұрғыдан салыстырмалы түрде алғанда қысқа ғана мерзімде осындай нәтижеге жеткізген үдерістегі Назарбаевтың рөлін қалай сипаттар едіңіз? – Қазір, 2014 жылы, Еуразия­лық экономикалық одақ құ­ру туралы шартқа қол қоюға та­қау келіп тұрған уақытта біз шын мәнінде Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақты ғы­лыми тұрғыдан болжау дарынына және терең саяси даналығына таң қаламыз. Бұрынғы кеңестік республикалардың өркениетті түрде айырылысуынан туған масайрау көңіл-күйі біздің бұ­рынғы бірге өткен өміріміздің артықшылықтарын да, сонымен қатар, нарықтық экономиканың артықшылықтарын жүзеге асыру барысында жаңадан қол жеткен дағдыларды да пайдаланудың негізінде интеграцияға ұмтылумен алмасуы мүмкін екенін және солай болуға тиіс екенін ол басқалардан бұрынырақ түсіне білді. Кеден одағын, Біртұтас эконо­ми­калық кеңістікті, ал қазір Еу­разиялық экономикалық одақ құру жөніндегі бүкіл жұмыстың ба­рысында біз Н.Ә.Назар­баев­тың қызу мүдде­лі­лігі мен нақ­ты қолдауын ұдайы се­зі­ніп отыр­ғанымызды қадап айтқым келеді. Көптеген күрде­лі экономикалық түйіндер келіс­сөз­дерге нақ оның тікелей қатысуының арқасында тарқатылды. Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қатысуынсыз бұл жобаның жүзеге асуы неғайбіл еді десем, мұным артық айтқандық болмайды. – Сіздің ойыңызша, үш ел­дің интеграциясынан келетін жалпы макроэкономикалық тиімділік қандай? Қазіргі қолда бары және ең бастысы – ЕЭО құрылғаннан кейін күтетініміз? – Біздің интеграциямыздың макроэкономикалық тиімділігін сараптамалық бағалаулар аз емес. Әдетте, әңгіме көптеген миллиард доллар туралы болады, алайда, бұл сандарды «таза» күйінде айта қою қиын, неге десеңіз – әлемдік конъюнктура факторларының ықпалы әсер етеді. Біз үшін интеграцияның басты нәтижесі – алда. Ол нәтиженің мәні біздің елдеріміз азаматтарының өмірі, бизнес жүргізу жағдайы қолайлы да ыңғайлы бола түсетіндігінде. – Еуразиялық эконо­ми­ка­лық одақтың еңбек рыно­гын кеңейтуге, қозғалыс еркіндігін арт­тыруға байтақ жағдай жасай­тынына, саудада кең мүмкін­діктер ашатынына күмән жоқ. Бұл Қазақстан үшін, халқы­ның саны небәрі 17 миллион, яғни базары тар ел үшін ерекше маңызды. Ал Ресей үшін бұл орайдағы пайда қандай? Ресей Федерациясының Прези­денті В.В.Путиннің ЕЭО-ны барынша қолдайтынының және еуразиялық интеграция үшін көп іс атқаратынының себебі неде? – Сіз өз сұрағыңызбен Қа­зақ­станның маңызын кемітіп көрсетіп тұрсыз деп ойлаймын, мұныңыз дұрыс емес. Бүгінде Қазақстан – серпінді дамып келе жатқан, үлкен беделі және әлеуеті бар, экономикалық тұр­ғы­дан қуатты мемлекет. Синер­ге­тикалық тиімділіктің есебінен біздің ресурс­тарымыз бен рыноктарымызды қосудың нәтижесі ресейліктер үшін де нақты білі­нетін болады. БСҰ-ның, бірқатар өңірлік интеграциялық құрылымдардың, жекелеген елдердің тарапынан Кеден одағына қызығушылық жайдан-жай емес. Біздің инте­грациялық құрылымымыз барған сайын халықаралық экономикалық қатынастардың тікелей қатысушысы ретінде танылып, барынша еркін сауда режімдерін белгілеу жөніндегі жекелеген елдермен және олардың бірлестіктерімен келіссөздер шеңберін кеңейтіп келеді. Бұл бағытта да алдағы жылда біз нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп үміттенемін. – Біздің Президентіміз Еу­ра­зиялық экономикалық одақ­ты саясаттандыруға нақпа-нақ қарсы болып келеді. Нұр­сұл­тан Әбішұлы: «Бізден халық­тарымыз талап етіп отырған нәрсені істейік те. Бұл орайда бастысы – саяси тәуелсіздік, еге­­мендік, мемлекеттің тұрақ­ты­­лығы. Біз тәуелсіз және еге­мен мемлекеттер болуымыз керек», деп мәлімдеді. Осы­дан екі жылдай бұрын Ре­сей­де аяқ астынан ұлтүстілік пар­ла­мент құру жөнінде әңгіме қоз­ғалды, рас, бұл идея Қазақ­стан мен Белоруссия парла­мент­а­рийлерінің тарапынан тиісті қолдау таба қойған жоқ. Сіздің бұл жөніндегі пікіріңіз қандай? – Бүгінгі әлемде мемлекеттік тә­уел­сіздік пен егемендікті эконо­микалық интеграциялық бір­лестіктерге қатыса отырып сақ­таудың жалпы сұлбасы жап-жақсы пысықталған. Сондықтан, Қазақстанның бұл мәселелердегі көзқарасы бізге түсінікті, оның үстіне Ресей де осыған ұқ­сас қағидаттарды ұстанады. Эко­номика мен экономикаға жат­пайтынның шекарасын ажырату әжептәуір күрделі болатыны басқа мәселе. Мысалы, экономикалық одақтың бір бөлігі – ортақ еңбек рыногы. Біздің елдеріміз азаматтарының мүдделеріне осыдан артық сай келетін саланы табу қиын: рынок үлкейген сайын мүмкіндік те көбейеді, әл-ауқат та арта түседі. Алайда, мұндай рынок білім саласында (біліктілікті тану), әлеуметтік және зейнетақылық қамтамасыз ету ісінде нақты интеграциялық шешімдерді талап етеді. Жасырмай айтайын, біз өзіміз ұсынып отырған шешімдер елдің егемендігіне нұқсан кел­тір­мейтініне қазақстандық әріптес­теріміздің көзін жеткізу үшін едәуір уақытымызды жұмсадық. Парламенттік органға келетін болсақ, ол белгілі бір кезеңде біз­ге экономикалық даму бағыт­тары­ның халықтарымыздың мүд­делеріне сәйкес келуін талқы­лаудың форумы ретінде қажет болуы мүмкін деп санаймын. – Экономикалық одақты құ­ру барысында қандай келіс­пеу­шіліктер көрінді? Оларды қалай еңсердіңіздер? Үш мемлекет басшыларының наурыздағы кез­десуінде Президент Назар­баев келісілмей қалған мәсе­ле­лерді табанды түрде реттеу қажеттілігін айтқан еді. Мұнда не ескеріліп тұр? Ол мәселелер қазір реттелді ме? – Бүгінде, мерекенің қар­саңында – мұндайлық аса ауқым­ды жұмыстың аяқталуы оған қа­тысушылар үшін үлкен мереке деп білемін – бұған дейін еңсеріліп қойылған келіспеушіліктер туралы айтып жатқым келмес еді. Тек келіссөздерге қатысушылардың бәрі де өз елдерінің көзқарастарын қызғыштай қорғағанын ғана баса айтқым келеді. Рас, біз Қа­зақ­станда интеграцияның жақтау­шыларымен қатар оны онша қолдамайтындар да бар еке­ніне назар аудардық. Біздің жұ­мы­сымыздың экономикалық нә­тижелері тұтастай алғанда Одақ­тың әрбір елі оны құрудан пайда табатынына ондайлардың да көзін жеткізеді деп үміттенемін. – Еуразиялық экономика­лық одақтың төртінші қаты­су­шысы, тегінде, Армения болатын шы­ғар деушілер бар. Сіз­діңше, ЕЭО-ны кеңейтудің перспек­тива­сы қандай? Оны қазір­дің өзінде кеңейтудің қажеті бар ма? – Кеден одағына кіру ние­тін Армения мен Қырғыз Рес­пуб­ликасы берік айтып отыр. Қыруар нақты жұмыс атқарылды, «жол картасы» пішінінде қажетті іс-шаралардың тізбесі анықталды. Әңгіме қазірше нақ Кеден одағы туралы болып тұрғанын қадап айтайын. Әр жағдайда бізге қалыптан тыс міндеттердің тұтас кешенін шешуге тура келеді. Одақты құру жөніндегі шартқа қол қойылғаннан кейін біз бұл мәселеге жақынырақ келеміз ғой деп ойлаймын. – Астанада жақында ор­тақ тарих және ортақ кеңіс­тік біріктіретін біздің халық­тары­мыздың алдынан үлкен көк­жиек ашатын құжатқа қол қою арқылы шын мәнінде тари­хи оқиға болатынына сенім­діміз. Бәрі де жақсы болады деп үміттенеміз. Шартқа қол қой­ған­нан кейін және ЕЭО құры­латын 2015 жылғы 1 қаңтардан кейін қандай жұмыс алда тұр? – Соны ойлауға да қор­қа­мын, бірақ Одақты құру жөнін­дегі негізгі жұмыс мереке аяқта­лысымен басталады. Одақты құру туралы шарт – қосымшаларымен есептегенде оның көлемі 1000 бетке жуықтайды – барлық ел­дер парламенттерінде ратифика­ция­лануға тиіс. Осымен қабат біз Үкімет пен Комиссия арасын­дағы өкілеттіктерді қайта бөлу ыңғайында басқару жүйесіне өзгеріс енгізуге, Комиссияны Одақтың нақты іс жүргізетін органы ретінде нығайту жөнінде бірлескен жұмысты жалғастыруға тиіспіз. Қазақстан тарапының Ко­миссия аппаратындағы «өз пози­цияларын күшейтуге» ұмты­лысына өте қызыға қарай­мын. Кейде бұл жөнінде біз Б.Ә.Са­ғынтаевпен айтысып та қаламыз, бірақ қағидатты түрде алғанда қазақстандық әріптестеріміздің Одақ аппаратында лайықты орын­дарды барынша көбірек ием­денуге деген ұмтылысы мені қуантады. Оның үстіне біз ағым­дағы шешімдердің көпшілігі қабылданатын Кеңестің мәжіліс­терін жүйелі түрде өткізіп тұруға тиіспіз, ал ол мәжілістерде біздің ал­дымызға Президенттер қандай жа­ңа міндеттер қоятынын кім біл­сін? –  Ол міндеттердің бәрі жүзе­­ге асатынына сенеміз. Ортақ жұ­мыс­та табыс тілейміз.  Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.