Қазан айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 468,23 теңгеге дейін, 1,7 пайызға нығайды. Ұлттық банктің хабарлауынша, Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 91 млн доллардан 121 млн долларға дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,4 млрд долларды құраған.
Өткен айда квазимемлекеттік сектор субъектілері 528,6 млн доллар көлемінде валюталық түсімді сатқан. Айта кетейік, аталған сектордағы компаниялар екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сатуды өз бетінше жүзеге асырады.
«Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату қазан айында 362 млн долларды құрады. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 15 пайызын және күніне 30 млн доллардан аспайтын мөлшерде болды. Ұлттық қордан валютаны сату жөніндегі операцияларды жүзеге асыру кезінде Ұлттық банк нарықтық трендті қалыптастыруға араласпау қағидатын ұстанып, «price-taker» қалпында қалатынын атап өткен жөн. Осылайша, валюта нарығындағы қазіргі жағдайларды сақтау мақсатында Ұлттық банк валютаны сатуға өз өтінімдерін бермегенімен, нарыққа қатысушылар берген бұрыннан бар өтінімдерді қанағаттандырады. Бұл тәжірибе Ұлттық қордан валюта нарығына операциялардың тигізетін әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.
Сондай-ақ қазан айында Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізбеген. Сонымен бірге БЖЗҚ зейнетақы активтері мен сенімгерлік басқарудағы басқа қорлар үшін шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша операцияларды да жүзеге асырмаған.
«Қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болады. Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режімін ұстануды жалғастырады», деп мәлімдеді Ұлттық банк өкілдері.