• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қараша, 2022

Ұлт ұстазына жолданған хат

425 рет
көрсетілді

Астанадағы Ақселеу Сейдімбек атын­дағы №54 мектеп-лицейде «Қара­ ша­­ңырақ» ұлттық тәрбие беру мек­тебінің ұйымдастыруымен Ахмет Бай­тұрсынұлының 150 жылдығына орай елордалық мектеп оқушылары арасында «Ел – бүгіншіл, менікі ертең үшін» атты шығармашылық сайыс өтті.

Мазмұнды іс-шараның ашылуында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас­шысы Сәкен Есіркеп Алаш ар­дақтысының шығар­ма­шы­лығы мен қайраткерлігі туралы сөз қозғап, өнегелі ша­раның маңызына тоқталды.

– Біз айтулы тұлғалары­мыздың өмір жолдарынан тағылым алып, жас ұрпақтың бойына дарытып, насихаттай беруіміз керек. Биыл ұлт ұстазының мерейтойы ха­лықаралық деңгейде тойланды. Жыл соңына таман Астана қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен Анкара қаласында Алаш арысының ескерткіш бой көтереді деп жоспарлап отырмыз. Бүгінгі іс-шара­ның да жөні бөлек. Ахмет Бай­тұрсынұлының өлеңдерін оқып, мысалдарын айтумен қатар оны театрландырылған қойылым арқылы көрсету ба­лаларға ерекше әсер қал­ды­рады, – дей келіп, сайысқа қатысушыларға сәттілік ті­леді.

«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің же­текшісі Тұрар Шәкеннің айтуынша, сайыстың басты мақ­саты – көрнекті тұлғаның ағар­тушылық бағыттағы мұра­сын насихаттап, жас ұрпақ­ты ана тіліміз бен ұлттық құн­дылықтарды құрметтеуге тәр­биелеу.

Сайысқа елорда мектеп­терінен 100-ге жуық оқушы қатысып, олар «Ұлтқа қызмет – әр қазақ баласына міндет», «Ұлт ұстазына хат» деп атал­ған екі бөлім бойынша сынға түсті. Бірінші бөлімде балалар А.Байтұрсынұлының шығармаларынан қойылым әзірлесе, екінші бөлімде ұлт ұстазына арнап жазған ха­­­ты арқылы болашаққа көз­қарасын жеткізді. Оған тарих ғылымдарының канди­даты Изатхан Медешова, ардагер ұстаз Қажымұрат Нә­сиұлы, Астана қаласы Тіл­дерді дамыту және архив ісі бас­қармасы басшысының орын­басары Айгерім Мол­да­-

баева, Білім бас­­қар­масының әдіскері Әлия Жаңабаева және «Қара ша­ңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетек­шісі Тұрар Шәкен қазылық етті.

Сонымен, ұлт ұстазының шығармаларын дәріптеген сайыстың бас жүлдесін Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы же­ңіп алды. Бірінші орынды Жұмекен Нәжімеденов атындағы №93 мектеп-лицейі иеленсе, екінші орын Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейге бұйырды. Ал үшінші орынды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «binom school» мектеп-лицейі қанағат тұтты. Сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясы «Көрермен көзайымы» аталымымен марапатталды.