Адам саудасына қатысты елімізде жылына шамамен 100-ден астам қылмыс тіркеледі екен. Биыл 4 айда адам саудасы бойынша 30-ға жуық факті тіркеліп, 3 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталған. Ал БҰҰ мәліметіне сәйкес, әлемдегі адам саудасы құрбандарының 70 пайызы – әйелдер мен жас қыздар. Ал әрбір үшіншісі – балалар.
Ештен кеш жақсы
Жуырда елордада Қазақстандағы адам саудасымен күрес туралы құқықтық форум өтті. Жиынға қатысқан құзырлы орган өкілдері, сарапшылар өз ойларын ортаға салып, ғаламдық проблемамен күресудің жолын іздеді. Ғаламдық деуіміз бекер емес. Адамды құлдыққа мәжбүрлеу, қинап ұстау, «зат» ретінде сату ең дамыған мемлекеттердің өзін айналып өткен жоқ.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, министрлікте ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасын қайта құрған соң мұндай қылмыстардың анықталу қарқыны жоғарылады. Бірақ мойындау керек! Бұл тек салдарымен ғана күрес.
– Статистикалық деректер проблеманы айқын көрсетпейді. Халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың мәліметінше, сексуалды және еңбек қанау көрсеткіші қылмыстық істерден бірнеше есе көп. Шыны керек, соңғы жылдарда мәселенің мәнісіне үңіліп, нақты жұмыстар атқарылған жоқ. Талдау жүргізілмеді. Соның салдарынан біз бүгін адам саудасы бойынша толыққанды мәліметке ие емеспіз. «Қармаққа» қалай түседі? Неге сол жолды таңдайды? Неге құтыла алмайды? Неге өз құқықтарын білмейді? Неге еңбек мигранттары «көлеңкеде» жүру құлдыққа апаратын жол екенін түсінбейді? Осы сияқты сауалдардың себебін анықтау маңызды. Бұл ретте, министрлік жұмыс бағытын өзгертті. Бүгінде қоғамдық институттармен, құзырлы мемлекеттік органдармен қоян-қолтық жұмыс істеуге көштік.
Бүгінде Қазақстан – адам құқығы бойынша 60-қа жуық көптарапты келісімнің қатысушысы. Оның 13-і адам саудасына тікелей қатысты. Қала берді, түрлі заңдар мен мемлекеттік органдардың бұйрықтары бар. Бірақ нақты заң жоқ. Зардап шегуші былай тұрсын, мемлекеттік орган мамандарының өзі толық ақпараттан бейхабар. Осы және өзге де проблемалардың шешу жолдарын қарастыру уақыт күттірмейді, – деді М.Ахметжанов.
Заң жобасынан не күтеміз?
Елімізде алғаш рет Адам саудасына қарсы күрес туралы заң жобасы әзірленуде. Форумда жоба көпшілікке ұсынылып, бұл іске қатысы бар сала мамандары ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жария етті. 2023 жылдың сәуір айында заң жобасы Мәжілістің талқылауына ұсынылмақ.
Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішевтің айтуынша, заң жобасында шетелдік мигранттардың еңбек қатынастарын реттеу мәселесі қарастырылып, өзге де маңызды бағыттар қамтылған. Заң қолданысқа енгізілсе, адам құқығы туралы ережелер халықаралық стандарттарға сай болмақ. Адам саудасының алдын алу және аталған қылмысқа қарсы ымырасыз күресте әлемдік тәжірибенің маңызы зор. Елімізде 2016 жылдан бері адам саудасының құрбандарына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Алайда бұл көмекті тек Қазақстан азаматтары, елімізде тұрғылықты тұрып жатқан шетелдік азаматтар мен қандастар ала алады. Ал түрлі себептермен Қазақстанға уақытша келген еңбек мигранттары адам саудасының құрбаны болғанда атаулы әлеуметтік көмек ала алмайды. Халықаралық сарапшылар бұл мәселені жиі көтеріп жүр. Жалпы, бұл бағыттағы заңнамалық құжаттардың болмауы Қазақстанның кейбір халықаралық рейтингтерде төменгі сатыдан көрінуіне себеп болып отыр. Білікті мамандардың қатысуымен әзірленіп жатқан заң жобасы осы сияқты түйткілдердің түйінін тарқатады деген сенім мол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында адам саудасы проблемасының өзектілігін, мұндай қылмыстарды тергеу және кінәлілерді сот тәртібімен жазалау рәсімін жақсарту қажеттігін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Осыны негізге ала отырып, бүгінде уәкілетті органдар дәйекті жұмыс жүргізуде. Ішкі істер министрлігі жүйелі негізде осындай факторларды анықтауға бағытталған республикалық жедел алдын алу іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Елімізде адам саудасының ең көп таралған түрі – әйелдерді жыныстық қанау, сондай-ақ притондар ұйымдастыру мен жеңгетайлық жасау. Ер адамдар әдетте, еңбек нарығында жапа шегеді. Сонымен қатар жаңа туған нәрестелер мен жас балаларды сату фактілері анықталады.
Отбасы институтын дамыту маңызды
Деректерге сүйенсек, еліміздегі адам саудасына қатысты қылмыстар көбіне жезөкшелік, притондарды ұйымдастыру және ұстау, «жеңгетайлыққа» байланысты. Жезөкшелікке салынған қыздардың орташа жасы – 18-25 жас аралығында. Отандастарымыз көбіне Бахрейн, Түркия және БАӘ елдерінде от басады екен. Сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларда жезөкшелік деректері жиі тіркелуде.
Естеріңізде болса, 2016-2020 жылдар аралығында қыздарды Бахрейн Корольдігіне жезөкшелікке тартумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ былтыр құрықталған еді. Қазақстан, Ресей және Бахрейн азаматтарынан құралған топтың құрамында 19 адам болған. Ал жәбірленуші ретінде 39 нәзік жан танылды. Олар – Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары. Белгілі болғандай, 6 әйел қылмыскерлерден қашып кеткенімен, елге орала алмаған. Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктері бірлесе отырып, отандастарымызды Бахрейн, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінен елге қайтарған-ды.
– Бізді бөтен адам қарсы алды. Сосын қонақүйге апарды. Қонақүйге жайғастырғаннан кейін: «Құжаттарың менің қолымда болады. Мен сені сатып алғанмын», деді. Менен кейін де көптеген қыздың жезөкшеліктің жетегінде кеткеніне куә болдым. Олардың арасында кәмелет жасына толмағандар да бар. Әбден қиналып, өздеріне қол жұмсап, тамырларын кескен жағдайлар болған, – деп еске алады жәбірленушілердің бірі.
Әттеген-айы сол, кейбір қыздар шетелге не үшін бара жатқанын алдын ала білген. Яғни мұндай қадамға өз еркімен баратындар да кездеседі. Осы ретте, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова әлеуметтік саясат бағытындағы жұмыстарды жандандыруға шақырды.
Әлеуметтік әлсіз топтың мүшелері, қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектер қоғамнан алшақтап, оңай олжаға кенелгісі келеді. Көбіне бұл жолға алкогольге тәуелді және еркін жүріске салынған әйелдер түседі екен. Әлеуметттік саясат дегеннен шығады, еліміздегі отбасы институтын әлі де жандандыру керек. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын ұйымдастырумен іс бітпес. Ерте жүктілік, жасанды түсік, суицид сияқты деректердің көп тіркелуі кәмелет жасқа толмаған қыздардың мектеп қабырғасында жүргенде-ақ зорлық-зомбылыққа ұрынатынына дәлел. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, көбіне жалғызбасты аналар жезөкшелік, ал әкелер ішкілік жолды таңдап жатады. Толық отбасында өспей, ерте жастан психикалық қысымға ұрынғандардың басым бөлігінің де болашағы бұлыңғыр. Көбіне ондай отбасынан шыққандар жезөкшелік жолды таңдайды немесе ішімдік, есірткі секілді тағы басқа теріс қылықтарға бой ұрады. Сондықтан да әлеуметтік саясат, отбасылық институт бағытындағы жұмыстарды жетілдіре түскен абзал.
Құжатсыз құлға айналғандар
Ауылдың әкімі түгілі жақын туысы бара бермейтін шаруа қожалықтарында зорлықпен жұмысқа жегілген жігіттер жетерлік. Көбінің құжаты жоқ, ішкілікке салынған. Бұрын сотталғандар, балалар үйінен шыққандар, ақыл-есі кем не дұрыс жетілмегендер. Алланың назарынан тыс қалдым деп қаланың базарында жүрген өмірге өкпелі қаңғыбастар. «Жататын жерің болады, тамақ ағыл-тегіл» деген шаруашылық басшысының «қамқорлық» сөзіне иланып, ақ «Ниваның» салонына өздері-ақ секіріп мінеді. Әккі шаруалар әу баста жұмыскердің жағдайын жасайды. Уақыт өте келе арасында таңғы сағат 6-да тұрғыза бастайды. Содан түн ортасына дейін жұмыс істетеді. Сенбі мен жексенбі күндері қарастырылған демалысты жояды. Ауырып, жатып қалса дәрігерге қаратпайды. Ақша беру былай тұрсын, тамақ бермейді де. Бұл – құлдық! Кейбір полицейлер: «Жұмыстың қиындығына қарамастан өзі істеуге келісті. Ұнамаса кетіп қалмай ма, қашып кетпей ме?» деп сылтауратады екен. Бірақ ол адамдар қайда қашады? Жапан далаға ма? Қашып, ауылдың біреуіне көмек сұрап барса да, оны иесіне тапсырады. Ашуланған иесі өлердей сабап тастайды. 2020 жылғы деректерге сенсек, мұндай жағдайлар Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Балқаш, Шу өңірлерінде, Түркістан облысында жиі тіркелген.
Сәбиді саудалайтындар азаймай тұр
Сәби сату мен сатып алуға қатыстылар – жеке адамдар, яғни баланың анасы мен заңсыз жолмен балалы болғысы келгендер. Бала саудасымен айналысамын деп басы бәлеге қалған медицина қызметкерлері де кездеседі. Мамандардың айтуынша, көбіне жас қыз-келіншектер баласын саудалайды. Ал «тірі тауарды» сатып алушылардың дені – ана болу бақытынан айырылғандар. Құқық қорғау органдары дүние есігін енді ашқан сәбилерді саудаға салғандардың кінәлары толығымен дәлелденсе, екі жақ та жазасыз қалмайтынын ескертеді. Иә, жаңа туған нәрестелерді сату ауыр қылмысқа жатады. 2019 жылы елімізде адам саудасымен айналысқандар үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша Қылмыстық кодекске бірқатар өзгерту мен толықтыру енгізілген. Мәселен, кодекстің 135-бабы бойынша қаралатын істер ауыр қылмыстар санатына жатқызылып, кәмелетке толмағандарды саудаға салып, пайда көздегендерді он сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді.
Бұл іске қатысты деректерді сүзіп шықсақ, жаңа туған нәрестелердің құны 1 миллионнан басталып, 3-4 миллион теңгеге дейін бағаланады екен. «Әлі жарық дүниеге келмеген сәбиін анасы интернеттегі түрлі сайттар, әлеуметтік желілер арқылы сатып, ақша тапқысы келеді. Бала асырап алудың сан талаптарын орындап, уақытын жоғалтқысы келмейтін сатып алушылар да көбіне осы тәсіл арқылы «болашақ баласын» іздейді», дейді мамандар. Бала асырап алу үшін тиісті құжаттарды рәсімдеу керек. Бұл – заң талабы. Оның үстіне кезекке тұру және біраз уақытқа созылатын бюрократиялық кедергілерден өту қажет. Қамқоршы органдар онсыз да туа салып, тағдырдан теперіш көрген сәбиді кім көрінгеннің қолына ұстата салмайтыны тағы түсінікті. Осындай кедергілерді аттап алу үшін ана бақытын сезіне алмай жүргендер түрлі қулыққа барады. Баласын асырай алмайтынына көзі жеткен қыз-келіншектер де сол жолды таңдайды.
Бұрындары әлеуметтік желілердің бірінде мынадай хабарлама жарияланыпты: «Үшінші баламды көтеріп едім, асырай алмаймын. Күйеуім жоқ. Балалар үйіне өткізіп, далаға тастағаннан гөрі бір мейірімді жан асырап алса деймін. Екі балама нан болуы үшін қаржылай көмек болса» депті. Астына «Мен алайыншы», «Бала асырай алмай жүрміз, маған беріңізші», «ЭКО-дан жол болмады, мен алайын, қаражатпен көмектесемін» деген мәндегі пікірлер көп жазылыпты. Соған қарағанда бала сату бір бөлек, заңсыз жолмен сатып алғысы келетіндер аз емес сияқты.
Жоғарыда шетел жайлы айттық. Шетелде мұндай оқиға күн санап тіркеледі. Тіпті криминогендік ахуал тұрақсыз мекендерде сәби саудасы негізгі табыстың көзі болып саналады. Біздің ойымызға бала бақытын сезіне алмай отырғандар асырап алады деген ой сақ ете қалады. Шын мәнінде арам пиғылды жандар сәбиді ағзасын сату үшін, құлдыққа салу үшін, сексуалдық мақсатта пайдалану үшін асырап алуы да әбден мүмкін. Осы ретте, БҰҰ-ның балалар саудасының жолын кесу бағдарламалары шеңберінде көптеген мемлекетте кешенді жұмыстар қолға алынып жатыр.
ТҮЙІН: Адам саудасына қарсы күрес туралы заң жобасы қолданысқа енсе, күрмеулі мәселелердің түйіні тарқатылады деген үміт зор. Адам саудасымен күресетін уәкілетті орган ретінде екі бірдей министрлік бекітілуі мүмкін. Атап айтсақ, заң деңгейінде алғаш рет Ішкі істер министрлігі мен Еңбек министрлігі адам саудасымен күресетін уәкілетті орган болып айқындалмақ. Соның негізінде уәкілетті органдардың функциялары нақты бекітіледі. Қалған 12 мемлекеттік орган мен әкімдіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың функциясы да нақтыланады. Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиялардың құқықтық мәртебесі артады. Оларға осы саладағы қоғамдық қатынастарға құқықтық ықпал ету құзыреті беріліп, ұсыныстары Үкімет деңгейінде ескеріледі. Бұл нақты мерзімдер, орындаушылар және жауапкершілік деген сөз.