АСТАНА. 28 мамыр. Еуразиялық экономикалық одақ аясында мұнай өнімдерінің бағасын әр мемлекет өзі белгілейді. Бұл туралы бүгін Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлімдеді.
«Еуразиялық экономикалық одақ аясында мұнай өнімдерінің бағасын анықтауға келсек, одақтың негізі мен қағидаларын айқындайтын құжаттарда әрбір ел мұнай өнімдерінің бағасын өз заңнамасына сай белгілейтіні айтылған», - деді министр өзінің сөзінде.
Оның пайымынша, бұл мәселеде әрбір мемлекет тәуелсіздігін сақтап қалады. Яғни, ол өз еркімен қимылдап, шешім қабылдайды. «Уақыт өте келе, бірыңғай экономикалық одақ болғаннан кейін мүше мемлекеттер мұнай өнімдерінің бағасын сәйкестендіруге тырысады. Бұл дұрыс бағыт. Бірақ 2025 жылға дейін біз қазіргі жағдайдағы шарттар бойынша жұмыс жасаймыз», - деді ол ақырында.
Мұрат Айтқожа.
Дереккөз: Ақорданың сайты.
Фото: Ақорданың сайты.