Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ямада Джун Ұлттық қорғаныс университетінде болып, тыңдаушыларға дәріс оқыды, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрметті қонақ университет тарихымен, оқу-материалдық базасымен танысып, сонымен қатар Түркия, АҚШ, БАӘ, Иран, Пәкістан, ҚХР және Үндістан әскерлерінің аудиторияларында болды.
Дипломат Ямада Джун әлемдік қауымдастықтың алдында тұрған қауіптер мен климаттың өзгеруіне байланысты мәселелер туралы айтты. Тыңдаушылар әскери ғылым мен техниканы дамыту мәселелеріне және ғарыш пен кибернетика салаларындағы жаңа бағыттарға ерекше қызығушылық танытты.
Қазақстан мен Жапонияның қорғаныс ведомстволары арасындағы ынтымақтастық жаңа серпінмен ілгерілеп, бірқатар қарым-қатынас аясында тәжірибе алмасу реттелгенін айта кеткен жөн.