Астана мен Павлодардың арасы жақындай түсті. Qazaq Air компаниясы аптасына төрт мәрте қатынайтын әуе кемесін іске қосып, жылға жуық уақыт тоқтап қалған жолаушылар байланысын қалпына келтірді. Билет құны ересек азаматтар үшін небәрі 10 мың теңгені құрап отыр.
Qazaq Air қызмет көрсететін жолаушылар рейсі 2 қарашадан бастап іске кірісті. Бұл күні елордадан шыққан алғашқы ұшақ Павлодар әуежайына келіп қонды. Бұған дейін аталған бағыттағы әуе байланысын түрлі компаниялар жүзеге асырып, соңында жолаушылар ағыны азайды деген себеппен тоқтап қалған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуықта өңірімізге жұмыс сапарымен келгенде Астана мен Керекуді қосатын әуе рейсін қалпына келтіру туралы тапсырма берді. Президенттің тапсырмасы, осылайша, ай өтпей жатып өміршең етілгеніне куә болып отырмыз. Енді өңір азаматтары бас қалаға тек автокөлікпен немесе пойызбен ғана емес, ұшақпен де жете алады. Әуе кемесінің кестені тұрақты сақтауы мемлекет бюджетінен субсидияланбақ.
«Павлодар әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Ескендір Жандәулетовтің айтуынша, бір бағытқа сатылатын билеттің құны – 10 мың теңге. «15 жасқа дейінгі балаларға жеңілдік қарастырылған, билет құнына 20 килограмға дейінгі багаж және 5 килограмға дейінгі қол жүгін тегін алып жүру кіреді. Астанадан ұшу уақыты сағат 15.05-те. Ұшақ Павлодарға 16.05-те қонып, 16.35-те келген жағына ұшып кетеді. Яғни екі ортаға әуе кемесі шамамен 1 сағаттай уақыт жұмсайды», дейді әуежай басшысы.
Әуежайдағылар жолаушылар нөпірі алғашқы күннен-ақ байқалғанын атап өтті. Бір аптаның билеттері бір күнде сатылып кеткен. Жалпы рейс дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері қызмет көрсетеді. Жолаушыларды Bombardier Q400 ұшағы тасымалдайды, оған 76-дан 82-ге дейін адам сыяды.
Айта кетелік, пандемия кезеңінде ұшақ билетінің құны 12-40 мың теңге аралығында болып келген. Өмірдің барлық саласы қымбаттап жатқан кезеңде бұл бағыттағы әуе рейсімен жүру құны небәрі 10 мың теңгені құрауы өңір халқын қуантып отыр. Бүгінде Павлодардан Астанаға жұмыс бабымен жиі баратын, вахталық ауысым үшін елорда арқылы ұшатын азаматтар әуе кемесінің тиімді болатынын айтады.
ПАВЛОДАР