• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Қараша, 2022

Елордада Қазақстан-Қытай дипломатиясы туралы жаңа кітап таныстырылды

375 рет
көрсетілді

Астанада Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

2022 жылдың 9 қарашада елордада ҚР мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған «Қазақстан-Қытай: тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықтың үш онжылдығы» атты мерейтойлық кітаптың тұсаукесері өтті.

Іс-шараны Қытайды зерттеу орталығы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қазақстандағы ҚҰМК Интернационал, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі, Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі бірлесіп ұйымдастырған.

Тұсаукесерге ҚР-дың ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев, ҚХР-ның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, Қазақстан және Қытай Сыртқы істер министрліктері, аналитикалық құрылымдарының өкілдері, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Кітап Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігі мен ҚХР-дың Қазақстандағы Елшілігінің, Қытайды зерттеу орталығының тығыз және жемісті шығармашылық ынтымақтастығы нәтижесінде дүниеге келген.

Басылымның басты ерекшелігі – қазақ, орыс және қытай тілдеріндегі үш блоктан тұруы. Ондағы ұсынылып отырған ресми құжаттардың басым бөлігі алғаш рет мемлекеттік тілге аударылғанын ерекше атап өткен жөн.

 «Биыл Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде біздің қарым-қатынасымыз жоғары сенім мен шынайы стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Бүгін біздің мемлекеттеріміз өз дамуының жаңа дәуіріне аяқ басып отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, онда бізді ынтымақтастығымыздың келесі «алтын 30 жылдығы» күтуде. Мерейтойлық басылымда 1992-2022 жылдардағы екіжақты қатынастар зерттелген. Онда ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы, ҚР Сыртқы істер министрлігі, «Казахстанская правда» газеті редакциясының мұрағат материалдарының негізінде бірегей анықтамалық деректер, аса маңызды ресми құжаттар, сирек фотосуреттер жиналып, 30 жыл ішінде қол қойылған қолданыстағы келісімдер мен шарттардың тізімі жасалынды. Басылымның халықаралық саясатқа арналған ғылыми әдебиеттер қатарында лайықты орын алатынына сенімдімін», деді жиынның модераторы, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

ҚР-дың ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышевтың айтуынша, Бұл кітаптың ішінде бұрын басылмаған екі тарап қол қойған құжаттардың толық тізілімі және негізгі стартегиялық құжаттардың мәтіндері берілген

«Көпшілікке және екіжақты қатынастарды зерттеушілерге қызықты болатын 30 жыл ішіндегі мемлекет басшылары деңгейіндегі өзара сапарлардың жылнамасы, ҚР және ҚХР арасындағы қазіргі кездегі мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуды көздейтін түрлі деңгейдегі тетіктер туралы ақпарат ұсынылған. Қытай – еліміздің ең ірі сауда серіктестерінің бірі. 2021 жылы екіжақты сауда айналымы 18,2 миллиард АҚШ долларына жетсе, осы жылдың 8 айының статистикасы бойынша бұл көрсеткіш 26%-ға өсіп, 15,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Яғни жылдың қорытындысы бойынша сауда айналымы жаңа биік межеге жету ықтималдығы жоғары», дейді ол. 

«Кітаптың идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болды, бұл аса маңызды, әрі титаникалық жұмыс еді. Өткен онжылдықтар тарихи маңызы бар ірі жарқын оқиғаларға толы. 1992 жылғы 3 қаңтарда Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында дипломатиялық қатынастарды орнату туралы бірлескен коммюникеге, 1994 жылғы 26 сәуірде Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы келісімге, 2005 жылғы 4 шілдеде Стратегиялық әріптестікті орнату және дамыту туралы бірлескен декларацияға қол қойылды, 2013 жылғы 7 қыркүйекте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасын жариялады, ал ағымдағы жылдың 14 қыркүйегінде ҚХР Төрағасы екі жылдық үзілістен кейін алғашқы шетелдік сапарын Астанаға  жасады. Бұл іссапар екіжақты қарым-қатынастардың жаңа алтын 30 жылдығының басталуын белгілейді»,  деді өз сөзінде Қытайдың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының басшысы Чжан Сяо.

Басылым халықаралық қатынастар, шығыстану саласындағы дипломаттарға, мамандар мен студенттерге және Қазақстанның заманауи сыртқы саясаты мен Қазақстан-Қытай қатынастарының дамуына қызығушылық танытатындардың барлығына арналған.

Кітаптың авторлық ұжымының өкілі Тимур Шаймергенов ұсынылған мерейтойлық басылымның өзі біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз арасындағы 30 жылдағы өзара тиімді ынтымақтастықтың көрінісі екенін айтады.

«Кітаптың бөлімдерінде көршілес екі мемлекеттің бірін-бірі сенімді серіктес, тиімді мүмкіндіктер көзі ретінде қабылдап, бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін бірлесе жұмыс істейтіні нақты мысалдармен көрсетілген. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастар төртінші онжылдыққа сенімді қадам басып, жаңа тарихи биікке дәйекті түрде ұмтыла отырып, жан-жақты дамып келеді», деді ол.

«Осыдан бір жыл бұрын біздің қазақстандық мамандардың маған жолығып, «Казахстанская правда» газетінің мұрағатына рұқсат сұрағаны есімде. Біздің басылым Қазақстандағы барлық сыртқы саяси оқиғаларды ақпараттық қамтуға әрқашан үлкен көңіл бөледі. Демек, осыдан отыз жыл бұрын болған күндер туралы материалдар қажет болған кезде газет мұрағаты шынымен де деректердің, цифрлардың, есімдер мен оқиғалардың сенімді дереккөзіне айналғаны кездейсоқ емес. Қазақстандық және қытайлық мамандар, тәжірибелі дипломаттар бірлесіп атқарған осынау үлкен шығармашылық және зерттеу жұмысының нәтижесін бүгінде көріп отырмыз. Бұған дейін Бейжіңде «Казахстанская правда» газетінің арнайы тілшісі ретінде бірнеше рет жұмыс істеуге, мемлекет басшылығының Қытайға ресми сапарларын жариялауға мүмкіндік алдым. Мен басылымдардың авторы ретінде олардың мұрағатта жоғалмай, осы кітапты дайындауда пайдаланылғанына екі есе қуаныштымын. Авторлар ұжымына жаңа жетістіктер мен табыстар тілеймін! Алда жаңа қызықты шығармашылық жобалар болатынына сенімдімін. Газетіміздің редакциясы жемісті ынтымақтастыққа әрдайым дайын», деді «Egemen Qazaqstan» РГ ЖШС бас директордың бірінші орынбасары Владимир Курятов.

Іс-шара соңында басылымның көшірмелерін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің қорларына тапсыру рәсімі өтті.