• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 09 Қараша, 2022

Солтүстік шаруалары бағындырған белес

220 рет
көрсетілді

Осы жылдың 9 айындағы мәліметке сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша республикада бірінші орынға шықты. Тұтастай алғанда жылдың соңына дейін облыс 1 трлн теңгенің өнімін шығарады деп межеленген. Жер көлемі басқалармен салыстырғанда шағын облыс бұл жетістікке еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері бірінші рет қол жеткізіп отыр.

Жылдың соңына дейін ауыл шаруа­шы­лығына құйылған инвестиция көлемі де 160 млрд теңгеге жетеді деп бол­жанған. Әзірге 133 млрд теңге өндіріске құ­йылды. Облыс биыл да әдеттегідей 4 млн тонна астық жинап, елдің астық қамбасының 20 пайызын толтыр­ды. Сөйтіп, Солтүстік Қазақстан облысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев­ Жолдауындағы «Агро­өнеркәсіп кешенінің басты міндеті – елді негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ету» деген талапты орындап отыр деп айтуға болады.

Ауыл шаруашылығына құйылған инвестицияның басым бөлігі ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өңдеу бағытына жұм­салуда. Соның ішінде тауарлы-сүт фермаларын салу, өндірісті жаңғырту, фермерлік шаруашылықтарды дамыту, өнімді технологияларға қол жеткізуге бағытталды.

Бірнеше жылдан бері облыс диқан­да­ры өсімдік шаруашылығын әртарап­тан­дыруға көңіл бөліп келеді. Соңғы жылдары барлық егістіктің 1 млн гектарына майлы дақылдар егілуде.

Сондай-ақ соңғы төрт жыл бойы облыс мал шаруашылығын дамытуға ден қойып келеді. Соның нәтижесінде қазір ет-сүт өнімдерінің көлемі артуда. Әсіресе сүт және сүт өнімдерін өндіру саласына деген назар облыс бас­шы­лығының күнделікті жоспарынан түспейді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің әр түкпірінде ашылып жатқан тауарлы-сүт фермаларының іске кірісуін ауыл шаруашылығы өндірісінің басым бағыты ретінде қадағалап, көзден таса қылмайды. Жоғары өнімді заманауи цифрлы өндіріс шынында да саланың драйверіне айналып отыр.

Осыдан 3-4 жыл бұрын кейбір жоба­лардың уақтылы қаржылан­ды­рыл­ма­ғаны бұл іске де қолбайлау болған еді. Кейбір жобаларды қаржыландыруды қарастырудың өзі 2-3 жылға созылып кететін. Мәселен, «Қызылжар сүт» ЖШС жобасы осының кесірінен тежелді. Екі ор­та­да баға өзгеріп, келісімшарттар орын­далмай қалды. Әрине, бұдан кейін жо­ба­ны іске асыруға деген құлшыныс та аяқ­сыз қалды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің айтуынша, мұндай кедергіні жою үшін облыс «Солтүстік» ӘКК жарғылық қорын арттырып, соның нәтижесінде жеңілдетілген қаржыландыру бойынша пилоттық жобаны іске қосқан. Аталған механизмнің тиімділігін республикалық деңгейде дәлелдеп, оны Солтүстік Қазақстанды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының құрамына енгізген. Соның нәтижесінде республикалық бюджеттен қосымша 35 млрд теңге бөлінген. Оның 15 млрд теңгесі былтыр, ал 20 млрд теңгесі биылға қарастырылды.

Енді бұл амалдың қалай жүзеге асатынына тоқтала кетелік. Алдымен аграр­лық салада ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп, қаржылық және әлеуметтік дағдарысқа ұшырамай келе жатқан ірі шаруашылықтар таңдалып алынады. Ондайлар алдымен ауданның, сосын облыстың сынынан өтіп, соңында «Солтүстік» ӘКК мамандарының сарап­тауына жіберіледі. Сынның бәрінен мүдір­мей өткен шаруашылықтарға ал­дың­ғы екі жылын есептемегенде 8 жылға 4 пайыздық өсіммен займ бері­леді. Ал кепілге сатып алған малдары мен құрал-жабдықтары қойылады. Бұл шаруа­шы­лықтарға тиімді әрі пайдалы.

Осы әдістің нәтижесінде былтыр алты түрлі бағытпен жұмыс істейтін 17 жоба іске асырылса, биыл 7 түрлі бағыттағы 25 жоба қолға алынды. Соның ішінде 17 тауарлы-сүт фермасы биыл іске қосылды және тағы 8-і жылдың соңына дейін пай­далануға берілмек.

Жеңілдетілген несиемен шаруашы­лығын шарықтатып отырған кәсіп­кер­лер­ге қойылатын талап – кемінде 40-50 жаңа жұмыс орнын ашу. Осынша жұмысшыға фермадан орын табылмаса әлеуметтік инфрақұрылымды да­мыту арқылы басқа салалардан жұмыс табу керек. Мәселен, Мамлют ауданындағы «Мамбетов и К» командиттік серіктестігі қазір 50-ден астам адамға жұмыс орнын ашып, әр сауын сиырдан жылына 7 619 литрден сүт алып, республикадағы алдыңғы көрсеткіштердің біріне қол жеткізіп отыр. Оның сүті өңдеуге жіберіледі. Шаруашылық осы саланың өзінен бюд­жет­ке жылына 150 млн теңге салық тө­лейді.

Аққайың ауданындағы «Дайындық АГРО» ЖШС былтыр 600 бас сиырға арналған тауарлы-сүт фермасын іске қосты. Шаруашылық ауылдағы 40 адамға жұмыс беріп отыр. Ол биыл әкімдіктің атсалысуымен Дайындық ауылына дейінгі тас жолды күрделі жөндеуден өткізді. Сондай-ақ өз қызметкерлеріне 18 жаңа үй, қоғамдық монша, мал соятын алаң тұрғызып берді.

Жеңілдетілген несие арқылы тұр­ғы­зыл­­ған тауарлы-сүт фермасының нәтиже­сінде шаруашылығын шарық­татып қана қоймай, ауылдың әлеуметтік мәселелерін де шешіп отырған шаруашылықтар барлық дерлік аудан­дарда бар. Мысалы, Уәлиханов ауданындағы «Жолдасбай Агро» ЖШС облыстағы ең үлкен та­уар­лы-сүт фермасын тұрғызды. Оның фермасында 1 мың сиыр сауылады. «Солтүстік» ӘКК арқылы алған 1 млрд теңгеге Даниядан голдьштейн тұқымды сүтті сиырларды жеткізген. Ауылына өз қаражатына электр желісін тартқызып және су құбырларын жаңалап берді.

Облыстағы озық шаруашылықтардың бірі «Зенченко и К» командиттік серік­тес­тігін де айтпай кетуге болмайды. Соңғы жылдары серіктестік әрқайсысы 600 бас сиырға шақталған 3 тауарлы-сүт фермасын салған. Тағы бір фермасында бір мың сиыр сауылады. Сауылған сүттің бәрі шаруашылықтың өз зауытына жеткізіліп, өңделеді. Былтыр әр сиырдан 7 163 литр­ден сүт алған. Қазір шаруашылық сүт өндіру бойынша елімізде бірінші орында тұр. Оның шаруашылықтарында жүздеген адам жұмыс істейді.

Жалпы айтқанда, Солтүстік Қазақ­стан­ның ауыл шаруашылығы саласына соңғы бес жылда барлығы 600 млрд тең­гедей инвестиция тартылып, үш мыңдай жұмыс орындары ашылды, са­лық көлемі 1,5 есе артты. Тиімді жобаларды іске асырудың нәтижесінде ет пен сүт өнімдерінің импорты азаюда. Бұған шаруаны ұтқырлықпен ұйымдастыру арқылы қол жетіп отыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы