Биыл 3 мыңға жуық бірінші топтағы мүгедектігі бар азамат пен жеке көмекшісіне курорттық шипажайға тегін жолдама берілді. Олар жолдаманы әлеуметтік қызметтер порталы арқылы алған.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәліметінше, әлеуметтік қызметтер порталында 60-тан аса шипажайдың тізімі бар.
– Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен бірінші топтағы мүгедектер мен ерекше балаларға, олардың жеке көмекшілеріне 14 күнге шипажайға жолдама берілді. Тегін жолдаманың бағасы 55 АЕК көлемін құрайды. Әлеуметтік қызметтер порталынан мүгедектігі бар барлық топтағы адамдар өздерінің электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы үйден шықпай-ақ жолдама алу мүмкіндігін пайдаланады. Оларға аудандық жұмыспен қамту бөлімдері мен округ әкімдіктеріндегі өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышының мамандары көмек береді, – дейді А.Мәмбетов.
Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы таңдаған шипажайына тегін жолдама алғандардың қатарында Наурызбек Шәкиев те бар. Ол – бірінші топтың мүгедектігі бар азамат.
– Бұрын шипажайға тегін жолдама тек өзіме ғана берілетін еді. Ал күтушіге жолдаманы өз қаражатымызға сатып алып келдік. Енді биыл жеке күтушіме де шипажайға жолдама бірге берілді. Бұрын қаражаттан қысылған кезде 14 күнге есептелген емнің жартысын ғана алуға мәжбүр болып жүрдік. Биыл облыстық әкімдіктің қолдауымен шипажайдағы емдік процедураларды толық алдым, – дейді Н.Шәкиев.
Енді өңірдегі жалғызбасты және зейнеткер жасындағы 100 қария шипажайда тегін ем алады. Егде жастағы адамдарға осындай мүмкіндік беру үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, өңірде жұмыс істейтін компания мен «Атырау шипажайы» АҚ арасында үшжақты келісімшартқа қол қойылды. Келісімшартқа сәйкесе аталған басқарма ем-домды қажет ететін 100 зейнеткердің тізімін ұсынады.
– Егде жастағы қарттарға қамқорлық көрсету мақсатында жалғызілікті және әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы ардагерлерге жергілікті шипажайға жолдама беруді жөн көрдік. Өйткені қарияларға өзге аймақтарда орналасқан курорттық шипажайларға барып-келу оңай емес. Сол себептен олар шипажайларға барудан бас тартады. Осыны ескеріп, «Атырау шипажайы» мен жергілікті компания басшыларына ұсынысымызды білдірдік. Олар бұл ұсынысқа қолдау білдіріп, 100 жолдама үшін қаржы бөлуге шешім қабылдады, – дейді А.Мәмбетов.
Оның айтуынша, қариялар жергілікті шипажайда балшықпен, парафинмен емделіп, минералды ванна, физиотерапия, емдік массаж және галотерапия секілді процедураларды алады. Емделуші қариялар стандартты бөлмеде жатып, төрт мезгіл тамақпен қамтылады.
Атырау облысы