Астаналық тұрғын 102 нөміріне 99 рет хабарласқан. Алайда мамандардың араласуына қатысты бір-екі іс ғана нақты анықталып, қалғаны жалған болып шыққан.
Анықталғандай, 40 жастағы азамат бұл қадамды мас күйде жасаған.
«Барлық қоңыраулар бойынша дереу қызмет көрсетілді, алайда қоңыраулардың бір-екеуі ғана полицияның араласуы қажет оқиғаларға қатысты болған. Қоңыраулардың көп бөлігі жалған болып шықты, бірақ әрбір шалынған қоңырау бойынша полицияның кешенді күштері, кейбір жағдайда жедел-тергеу топтары қызмет көрсетуге шыққан. Мәселен, жоғарыда аталған азаматтан полицияның 102 арнасына сағат 04.24-те Абай даңғылындағы супермаркеттің жанында белгісіз ер адам пышақпен жүріп, адамдарға қауіп төндіріп жүргені туралы бірнеше қоңырау келіп түсті. Қоңырау шалушы тез әрекет етуді сұраған. Оқиға орнына дереу полиция жасағы шыққан. Алайда тексеру барысында факті расталмады», деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Оқиға бойынша құқық бұзушының жеке басы анықталып, оған 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған.