• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Қараша, 2022

Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығы құрылуы мүмкін

204 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Самарқанда өтіп жатқан саммитте Түркі мемлекеттеріне ортақ Цифрландыру орталығын құруды ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми парақшасына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі елдерінің ІТ-саласындағы қарым-қатынасын жандандыру жөн екенін атап өтті.

«Соңғы кезде геосаяси ахуалға байланысты мемлекеттер бір-бірінен технологиялық тұрғыдан оқшауланып жатыр. Түркі елдерінің IT-саласына қатысты тың тәсілдер әзірлеуі айрықша маңызды. Бұл біздің цифрлық дамуымызға жол ашады» деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Астанада өткен «Digital Bridge» халықаралық іс-шарасы туралы да айтып өтті.

«Онда ІТ-саласында жұмыс істейтін креативті жастарымыз бас қосып, озық идеяларын ұсынды. Сондай-ақ, мемлекеттеріміздің IT-хабтары арасындағы өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынды.

«Бұл құрылым сауда, көлік, су ресурстары, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салаларға қажетті цифрлық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді» деді Президент.

Бұл үшін Түркі елдерінің Венчурлық қорын құрып, сол арқылы маңызды старт-ап жобаларға инвестиция тартуға мүмкіндік болатыны айтылды.