Павлодар облысының Ақсу қаласында Eurasian Resources Group (ERG) басшылығы мен 14 арнайы кәсіби орта оқу орнының директорлары Колледждер альянсын құру туралы меморандумға қол қойды. Тараптар бұл одақ қазақстандық колледж түлектерінің біліктілігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тау-кен металлургия секторындағы компаниялардың кадрлық мәселелерін шешуге септігін тигізеді деген пайымда, деп жазады Egemen.kz.
Жыл сайын ERG кәсіпорындарында осы колледждердің жүздеген студенті өндірістік тәжірибеден өтеді. Олардың басым бөлігі оқуын тәмамдаған соң өнеркәсіптке еңбек етуге даяр. Топтың Қостанай, Павлодар және Ақтөбе облысындағы кәсіпорындарына 5 жылда колледждердің 3 мыңға жуық түлегі жұмысқа орналасқан. Соңғы сауалнама жастарды мұндағы еңбекақы мен қызметте өрлеу мүмкіндігі және тұрақтылық (52%, 45% және 45%) қызықтырғанын көрсетті.
– Әлем бір орында тұрмайды. Өндіріс пен ондағы қызметкерлерге қойылатын талап өзгеріп келеді. Сіздер мен біздің міндетіміз – студенттердің барынша өзекті білім мен қажетті дағдыларды меңгеруіне жағдай жасау, - деді Еуразиялық Топтың басқарма төрағасы Серік Шахажанов.
Оқу ордалары мен ERG-дің осы бағыттағы ұмтылысын бір арнаға шоғырландыру үшін Колледждер альянсы құрылды. Әзірге одаққа жалпы саны 14 техникалық және кәсіби білім беру ұйымы отыр.
Альянстың негізгі міндеттері:
Кәсіби, техникалық және орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын жетілдіру. Соның ішінде Қазақстандағы тау-кен металлургия саласының қажеттіліктері мен коледж түлектеріне қойылатын жоғары кәсіби қабілет талаптарын ескеру; Колледждердің салалық оқыту-әдістемелік орталығын құрып, дамыту; Колледждердің оқытушылары мен жетекшілеріне арналған көшбасшылық бағдарламаларын әзірлеп, іске асыру; ERG-дің қазақстандық кәсіпорындарынан бастамашыл, жоғары білікті мамандары арасынан тәлімгерлер пулын жасақтау;Бұдан бөлек, Альянс құрамына енген тағы бір компания – BTS Education колледждердің оқытушылары мен студенттеріне біліктілікті арттырудың онлайн курстарын ұсынады. Әрі өзінің жаңартылған білім беру бағдарламаларының әдістемесін береді.
– Кейінгі кезде техникалық және кәсіби білім беру саласында оң өзгерістер байқалады. Бүгінде білім беру бағдарламасының мазмұны мен оқыту мерзімдерін колледждер жұмыс берушімен бірлесе отырып, өздері айқындайды. 500 колледжде дуальді білім беру жүйесі енгізіліп, ол шамамен 68 мың студентті қамтыды. Жұмысқа орналасу міндеттерін ұсынса, кәсіпорындардың өтінімі бойынша мақсатты кадрлар даярлау ісі жүргізіледі. Альянс біздің бастамаларымызды нығайтып, техникалық мамандарды даярлау сапасын арттырады деген сенімдемін, - деді Оқу-ағарту министрлігінің басқарма басшысы Қаламқас Алғазинова.
ERG Топ кәсіпорындары орналасқан өңірлердегі колледждерді үнемі қолдап келеді. Мәселен, оқу ордаларының материалдық-техникалық базасын нығайтуға биыл 310 млн теңге бөлінген. 2021 жылдан бері барлық колледждердің студенттеріне ақылы практикалар ұйымдастырылып келеді. Аймақтарды дамытудың үшжылдық бағдарламасы аясында серіктес-колледждерге 700 млн теңгеден астам қаражат бөлу көзделген.