Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты гашишті аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау фактісі бойынша облыс орталығының 48 жастағы тұрғынына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ақмола облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Көкшетау қаласының тұрғыны есірткі заттарын пайдаланатыны, сондай-ақ оларды тұрғылықты жеріне жеткізумен және өткізумен айналысатыны туралы ақпарат алды.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полицейлер күдіктіні ұстады. Нәтижесінде одан 1,5 келіге жуық гашиш, сондай-ақ бөлшек сауданы жүзеге асыруға арналған құрылғылар тәркіленді.
Сот отырысы барысында ер адам кінәсін мойындады. Сот үкімімен 48 жастағы сотталушы ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, төтенше қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.