Қостанайда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көшелер арасында өткен байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Соңғы отыз жыл ішінде облыс аумағында оннан астам көшеге ұлт ұстазының есімі беріліпті. Облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған салтанатты іс-шараға осы көшелердің тұрғындары, өңір зиялылары мен ауыл әкімдері қатысты.
«Ахмет көшелерінің керуені» деп аталатын облыстық байқау биыл сәуір-қазан айлары аралығында өтті. Ұйымдастырушылар конкурсқа қатысқан әр көшенің тазалығы мен әсемдігіне, тұрғын үйлердің сыртқы келбеті мен аула көркіне, ұлт ұстазының қайраткерлік ғұмырнамасы мен бай мұрасының ауыл тұрғындары арасында насихатталуына баса мән берген.
Байқау қорытындысы бойынша Торғай ауылындағы А.Байтұрсынұлы атындағы көше бас жүлдені жеңіп алды. Ал «Ең әсем, ең таза көше» аталымы бойынша Әулиекөл тұрғындары жеңіске жетті.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов байқау жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті.
– Ұлт ұстазының есімімен байланысты мектеп, университет, мекеме, көшелердің қай-қайсысының да атына заты сай болғаны маңызды. Біз байқауды көпке үлгі болсын, биыл ЮНЕСКО көлемінде әлемдік деңгейде аталып өтіп жатқан ұлт ұстазының тойын шалғай ауылдардың тұрғындары да сезінсін, ой түйіп өнеге жұқтырсын деген оймен ұйымдастырдық. Жеңімпаз көшелерге табыс етіліп жатқан ақшалай сыйлықтар нақты бір адамның қалтасында кетпейді. Бұл қаржы белсенді тұрғындардың қалауымен сол көшенің кем-кетігін түзетуге жұмсалатын болады. Мысалы, Қостанай қаласындағы А.Байтұрсынұлы және Әл-Фараби көшелерінің қиылысында Алаш арыстарының есімдері жазылған белгі тақта бар. Жазуы көмескіленіп кеткен. Көшелер байқауының арнайы сыйлығына ие болған А.Никифоров атындағы дарынды балаларға арналған бейнелеу өнері мектебінің басшысы Татьяна Кузьменкова Ақаң көшесіндегі осы олқылықтың орнын толтырамыз деп отыр, – деді басқарма басшысы.
Науырзым ауданының орталығы – Қарамеңді ауылындағы Ақаң атындағы көше «Ынтымағы жарасқан көше» аталымы бойынша үздік шықты. Бұл көшеде екі мектеп, мешіт, жиырма шақты тұрғын үй орналасқан.
– Көшеміз орталықта, өте таза, кең әрі жарық. Облыстық байқауға тұрғындар аса жауапкершілікпен белсене қатысты. Сәуір айынан бастап абаттандыру жұмыстарын жүргіздік. Жаңағы екі мектептің ұстаздар ұжымы мен оқушылары, ауылдағы күллі мекемелердің қызметкерлері, өзіміз тұрғындар болып ерте көктемнен бастап қар түскенше он шақты рет сенбілік жасадық. Осы көшеде орналасқан ең әдемі үй, ең таза аула байқауларын өткіздік. Ескі қоршауларды ауыстырып, көше жағалай тал отырғызып, гүл ектік. Осы шаралардың бәрі 19 тамыз күні қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Осыған орай көшемізде үлкен мереке ұйымдастырылып, екі киізүй тігілді, сахна безендірілді. Оған мектеп оқушылары, ауылдың қарапайым тұрғындары, аудан әкімшілігі мен жергілікті шаруашылықтардың басшылары, еңбек ардагерлері қатысты. Ахмет көшесі мерекесінің аясында ұлт ұстазының өлеңдері оқылып, ән байқауы, мүшәйра өтті. Аудандық кітапхана арнайы кітап көрмесін ұйымдастырып, жастар «Ұлт ұстазының ұлағаты» атты танымдық көріністі сахналады. Спорттық ойындар, жәрмеңке ұйымдастырылды. Өзіміздің ауылдан шыққан өнерпаздар тамаша концерт қойды. Жергілікті шаруа қожалықтарының демеуімен Ахмет Байтұрсынұлы көшесінің тұрғындарына үлгілі отбасы, көпбалалы отбасы, байырғы тұрғын, интернационал отбасы, сол күні шаңырақ көтерген жас отбасы деген сыйлықтар берілді, – дейді Қарамеңді ауылындағы А.Байтұрсынұлы атындағы көшенің тұрғыны Гүлнар Ахметова.
Салтанатты іс-шараның соңында халық ақыны Әсия Беркенова мен Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының басшысы Жанұзақ Аязбеков бастаған бір топ қаламгер ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы құрметіне шығарылған естелік медальмен марапатталды.
Қостанай облысы