Орал қаласындағы зағип және нашар көретін жандарға арналған кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Асантемір Қаршығаұлының нүктелі-бедерлі қаріп түрінде және аудионұсқада шыққан «Шідерлі шер» кітабының таныстырылымы өтті.
13 қараша – Халықаралық зағиптар күніне орай ұйымдастырылған кездесуге кітап авторы және жергілікті зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары қатысты.
«Кештің мақсаты – Халықаралық зағиптар күнінің мәні мен маңызы туралы кеңінен насихаттау және кітапхана оқырмандарына өлкеміздің ақын-жазушыларының шығармашылығын қолжетімді ету еді. Осыған орай біздің кітапханада «Өлке қаламгерлерінің шығармашылығы – Брайль қарпінде» жаңа ақпараттық-кітапханалық жоба қолға алынған. Міне, бүгін осы жоба аясында жарық көрген тұңғыш кітапты таныстырып отырмыз. Асантемір Қаршығаұлының «Шідерлі шер» кітабы – біздің кітапхана қорына қосылған қазыналы туынды», деді кітапхана директоры Марфуға Айтқалиева.
Шырайлы шараға қатысқан ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі Талап Таймасұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұнайдар Балмолда, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған Батыс Қазақстан облыстық арнаулы мектеп-интернатының қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Айжан Бекетаева және басқалары кештің шырайын кіргізіп, жаңа кітап туралы өз ойларымен бөлісті.
Ең әсерлі сәт кітап авторы ортаға шыққанда болды. Асантемір Қаршығаұлы өзінің шығармашылық жолы, жаңа кітаптың мазмұны жайлы айтып, оқырмандардың сұрақтарына жауап берді. Ақынның өлеңдерін өз аузынан тыңдаған жұртшылық қызу қол соқты. Көзі көрмейтін оқырмандар жаңа кітаптан ақынның өлеңдерін саусақпен «танып» оқып, жылы әсерге бөленді.
– Бұл кездесу өзіме де ерекше әсер етті. Біз он екі мүшеміз сау бола тұра, екі аяғымызбен қара жерді нық басып жүрсек те көп нәрсенің қадіріне жете бермейміз. Бір-бірімізді көре алмай, күстаналауға әзір тұрамыз кейде. Ал мына жердегі ортаның сезімталдығы, бір-біріне құрметі көп ойға қалдырды. Бізге қарағанда осы жердегі адамдар әлдеқайда бақыттырақ па деп ойладым, – дейді Асантемір.
Кездесу қонақтары кітапхана қорына келіп түскен арнаулы әдебиеттерден жасақталған «БиблиоNews» кітап көрмесін де тамашалады. Кітапхана басшылығының айтуынша, «Өлке қаламгерлерінің шығармашылығы – Брайль қарпінде» жобасы алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Батыс Қазақстан облысы