Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшылары Астанада өткен семинарда Қазақстан мен Орталық Азиядағы сауда байланыстарын дамыту жобасының аралық нәтижелерін ұсынды. Іс-шараға экспортты қолдау және саудаға жәрдемдесу бойынша мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдері қатысты.
Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, зерттеудің негізгі бағыты – сауда рәсімдерін жеңілдету және экспортты ілгерілету. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, сауда рәсімдерін жеңілдетудегі шағын жетістіктердің өзі дамудың кез келген деңгейіндегі елдерде шағын және орта бизнесті экспорттаушыға айналдыру мүмкіндігін 3 пайызға дейін жеделдетуі мүмкін. Кедендік рәсімдерді автоматтандыру сияқты салалар ШОБ кәсіпорындарының экспортын 4,4-6,5 пайызға дейін арттырмақ.
Соңғы сегіз айдағы геосаяси өзгерістерге және дәстүрлі логистикалық тізбектердің үзілуіне қарамастан, Орталық Азиядағы сауда байланыстары берік болып қала береді. 2022 жылдың 8 айында Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 4,8 млрд долларды құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,8 пайызға жоғары.
Орталық Азия елдеріне үш жалпы үрдіс тән. Бұл – өңірішілік сауданы күшейту, трансшекаралық қағазсыз саудаға көшуді қоса алғанда, сауда рәсімдерін оңайлату және экспортты қолдаудың толыққанды экожүйесін қалыптастыру.
ЭЫДҰ сарапшылары өз жұмысында Орталық Азия елдеріндегі сауда рәсімдерін жеңілдетуді 11 индикатор бойынша бағалады. ЭЫДҰ сауда саясаты бөлімшесінің, сауда және ауыл шаруашылығы бөлімінің талдаушысы Сильвия Сореску Қазақстанның ашықтығы мен болжамдылығы, кедендік рәсімдерді автоматтандыру, баждар мен алымдар сияқты көптеген позиция бойынша көрсеткіштері орта деңгейден жоғары және өңірдегі көршілерден озық екенін атап өтті. Құжаттарды ұсынуға қойылатын талаптарды оңтайландыру, оларды электронды түрде беру және сауда саласында «бір терезе» қызметін құру саласында айтарлықтай прогреске қол жеткізілген. Сондай-ақ семинар барысында ол сауда рәсімдерін оңтайландыру үшін күш салудың негізгі мәселелері мен перспективалық нүктелерін де айтты.
Қазір салалық ведомство сауда рәсімдерін оңайлату бойынша белсенді жұмыс жүргізуде және Орталық Азия елдерімен сауда ынтымақтастығын дамытуға елеулі көңіл бөліп жатыр.
Еске салып өтейік, жобаның екінші кезеңі Орталық Азия елдері арасындағы сауда қатынастарын нығайтуға бағытталған. Жобаның мақсаты Орталық Азияның алты еліне – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Ауғанстанмен сауда байланыстары мен халықаралық интеграцияны кеңейту үшін өз мүмкіндіктерін барынша пайдалануға жағдай жасайтын саясат пен құралдар бойынша талдамалық және практикалық басшылықты беру. Жобаны ЭЫДҰ Сауда және интеграция министрлігімен және «QazTrade» АҚ-мен ынтымақтастықта іске асыруда. Жобаның ұзақтығы – 2 жыл.