Жылдық мөлшерлемесі 4 пайызбен автонесие беретін жеңілдетілген бағдарлама биыл 20 қарашадан бастап қайта жалғасады. Өнеркәсіпті дамыту қорының хабарлауынша, қазір мамандар процесс ашық болу үшін тек онлайн өтінім қабылдайтын арнайы порталдың жұмысын тексеріп жатыр. Өтінім беру алгоритмі кейінірек белгілі болмақ.
«Азаматтарға револьверлік жолмен қайтқан, яғни жазда қарыз алып, ай сайын төлеп отырған тұрғындардан түскен ақша беріледі. Сондықтан бұл жолы көп өтінім қабылданбайды. Қаражат таусылған соң портал жабылады да, бір айдан кейін қайта қосылады. Ол ашылатын күнді оператор алдын ала хабарлайды», делінген ақпарда.
Біршама уақыт бұрын Өнеркәсіпті дамыту қоры бағдарлама бойынша биыл 1 қыркүйекке дейін банктер 13 307 несие мақұлдап, 11 мың автомобильдің кілтін иелеріне бергенін хабарлаған болатын. Ақшаның револьверлік жолмен қайтуы жыл сайын 7,7 млн теңгелік – 1 858 авто, 10 млн теңге тұратын 1 430 машина алуға мүмкіндік береді. Осылайша, 30 жылда елімізде 60 мыңға жуық автокөлік жаңарады.
Еске салайық, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы биыл елімізде 16 мамырда басталды. Оның шарттары – пайыздық мөлшерлемесі 4 пайыздан аспайды, несие сомасы – 10 млн теңгеден артық емес. Бұл ретте тұтынушылардан алғашқы төлем талап етілмейді, ал қарызды қайтару мерзімі 7 жылдан аспайды. Транспорт құны 15 млн теңгеден артық болмауға тиіс.