АСТАНА. 29 мамыр. Еуразиялық экономикалық одақ бірлескен кәсіпорындар ашуға оңтайлы болады деп мәлімдеді Ақтөбе облысындағы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрлыбек Мұқанов. Сұхбатты BNews.kz тілшісі алды
«Еуразиялық экономикалық одақ аясында көрші елдермен бірлесіп, өндіріс орындарын ашу тиімді болайын деп тұр. Сонымен қатар отандық тауарларды сыртқы нарыққа еркін шығаруға да жол ашылады. Қазақстан болашақта Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше болуды жоспарлауда. Ал ол үшін Еуразиялық экономикалық аймақ аясында отандық бизнес бәсекелестікке төтеп беруге тәжірбие жинақтайды», - дейді Нұрлыбек Мұқанов.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасарының айтуынша, жаңа одақтың игілігін халық та көретін болады. Ал қазіргі таңда тек шикізат экспорты арқылы негізгі экономиканы ұстап отырған еліміз үшін отандық өндірісті қарқынды дамытуға мүмкіндік туады.
«Қазіргі таңда Қазақстан, Ресей мен Белоруссия біріккен Кеден одағымен салыстырғанда, Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық интеграциялық әлеуетінің көлемі анағұрлым кең болады. Қазақстандық өндірушілер үшін одақтас екі елдегі әріптестерпімен қатар Ресей мен Белоруссиядағы нарықта бір деңгейде жұмыс істейді.Тауарларының қауіпсіздігі де, қызметі мен сапасы да жақсара түседі», - деді Н. Мұқанов.
Мұрат Айтқожа.
Дереккөз: BNews.kz.
Фото: agencyrating.kz.