Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының жұртшылығымен кездесу барысында коммуналдық инфрақұрылым мәселесін қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына баса мән беру қажет. Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырамын», деді Президент.
Мемлекет басшысы атап өткендей, алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғы іске қосылады. Сондай-ақ Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салынады. Соның арқасында 150 мың алматылыққа су беріледі.
«Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір сапасы тікелей суға байланысты. Сондықтан, сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, ескілерін жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керек. Мен Алматының тарихи орталығында коммуналдық инфрақұрылымның тозып бара жатқанын айттым. Әкімдік ондағы ескірген желіні уақтылы жаңғыртып отыруы керек. Мысалы, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бар, соны тиімді пайдаланған жөн. Баршаңызға белгілі, қала халқының саны күн өткен сайын өсіп келеді. Сондықтан, тұрғын-үй құрылысына айрықша мән беріледі», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.