• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қараша, 2022

Ақмола облысының тұрғындары тұмауға қарсы екпе алды

230 рет
көрсетілді

Ақмола облысында 71 мыңнан астам адамға тұмауға қарсы екпе салынды, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған басқарманың мәліметіне сүйенсек, 73,7 миллион теңгеге тұмауға қарсы 73 138 доза «Гриппол Плюс» вакцинасы сатып алынған. Облыста бұл вакцина 5 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Алайда аталған мөлшер өңір халқының тек 9,8 пайызына жетеді. Сол себепті қосымша тағы 2 500 вакцина сатып алынады.

«Қазірдің өзінде 71 361 мың ақмолалық тұмауға және маусымдық ауруларға қарсы екпе алды, оның 8 265-і – 2-10 жас аралығындағы балалар. Сонымен бірге жабық үлгідегі мекемелерде (балалар үйі, мектеп интернаттары, балаларға/мүгедектерге арналған интернаттар) – 416 адам, 284 – жүкті әйел егілді, ал қарттар мен мүгедектер үйлерінің контингенті – 1 040, созылмалы аурулары бар ересектер – 21 342. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасады», делінген хабарламада.

Вакцинациядан кейінгі қорғаныс әсері әдетте 8-12 күннен кейін пайда болып, 12 айға дейін сақталады. Адамның жас ерекшелігіне қарай вакцинациядан кейін тұмау вирусына қарсы антиденелердің қорғаныс титрлерінің деңгейі 75-95 пайыз болуы тиіс.

«Облыста есепте тұрған 73 138 адамның барлығы да екпе алуы тиіс. Бұл – созылмалы аурулары бар адамдар, медицина қызметкерлері және жүктіліктің 2-3 триместріндегі әйелдер, жабық мекемелердегі адамдар», деп қосты басқарманың баспасөз қызметі.

Тұмаудың алдын алудың ең ұтымды жолы – вакцинация. Халық арасында тұмаудың жаппай таралуын болдырмау және организмде «иммундық қабат» құрылуы үшін жалпы халықтың кемінде 10 пайыз екпе алуы қажет. Вакцина тұмауға қарсы иммунитеттің жоғары деңгейін қалыптастырады.