“Қазақстан Республикасы-Еуропалық Одақ” Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 9-шы отырысы болып өтті
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде ұйымдастырылған осы маңызды халықаралық басқосуға Еуропарламент делегациясы, Мәжіліс пен Сенат депутаттары, күн тәртібіндегі мәселемен айналысатын еліміздің барлық мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Басқосудың алғашқы күні отырыстың тең төрағалары – Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Бобров осы палата атынан және Паоло Бартолоцци Еуропалық Парламент атынан құттықтау сөз сөйледі.
Владимир Бобров өз сөзінде биылғы жылы қазан айында Еуроодақ басшылығының шақыруымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Брюссель қаласына сапары жоспарланып отырғанын жеткізді. Онда еліміздің ЕҚЫҰ-ға жетекшілік етуі және басқа мәселелер сөз болады деп күтілуде. Осы орайда “Қазақстан Республикасы-Еуропалық Одақ” Парламенттік ынтымақтастық комитетінің де айтарлықтай рөл атқаратыны белгілі.
Отырыста Қазақстан-Еуроодақ қарым-қатынасы және “Қазақстан Республикасы- Еуропалық Одақтың” әріптестігі мен ынтымақтастығы туралы келісімнің жүзеге асуы жөнінде пікір алмасылды. Сонымен қатар, 2009-2011 жылдарға арналған “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы мен 2009-2013 жылдарды қамтитын ЕО-ның Орталық Азиядағы стратегиясы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мәселелері талқыға салынды.
Екінші күнгі отырыста да бірқатар мәселелер қаралды. Атап айтқанда, Қазақстандағы және Еуроодақтағы саяси үдерістердің дамуы: демократия, адам құқығы және конституциялық даму, саяси плюрализм, заңдардың рөлі, БАҚ бостандығы, қоғамдағы әйелдердің жағдайы мен басқа да мәселелер күн тәртібіне шығарылды. Адам саудасы, есірткімен күрес, лаңкестік және ұйымдасқан қылмыстарға қарсы күрес мәселелері сөз болды.
Қазақстан Республикасының 2009-2012 жылдарға арналған Адам құқықтары саласындағы ұлттық жоспары таныстырылды. Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы туралы ұлттық жоспар жөнінде әңгімеледі.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.