• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қараша, 2022

Шағын қаланың шырайы

245 рет
көрсетілді

Степногор қаласында спортты жаны сүйетіндер үшін жақсы жағдай жасалған. Бүгінде қала тұрғындары қамқорлықтың игілігін көріп отыр.

Степногор қаласында мүгедектерге арналған демалыс орталығы ашылды. 260 шаршы метрлік спорт залы арнайы көпфункционалды тренажерлармен, жүгіру жолдарымен жабдықталған, сонымен қатар теннис­ке арналған үстелдер бар. Күн сайын кесте бойынша 20-ға жуық адам айналысады.

– Жыл сайын кәсіби спортпен шұғылданғысы келетіндердің саны көбейіп келеді. Биыл арамыздан 5 спорт шебері мен спорт шеберіне үміткер шықты. Біз балаларды әлі қабылдай алмаймыз, оларға «Спешиал Олимпикс» жеке бағдарламасы қажет, – деп қала әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Станислав Мұхамадиев қамқорлықтан қағыс қалдырмаған жанашырларға өз алғысын білдірді.

Осы бір жағымды жаңалық жалға­сын тауып, қаладағы алтыншы шағын ауданның аумағы абаттандырылды. Жазғы кезеңде жалпы ауданы 11,5 мың шаршы метр, ұзындығы 750 метрлік төрт балалар алаңы, футбол және волей­бол алаңдары, воркаут аймағы жаса­лып, тротуарлар салынды, жолдар ас­фальтталып, тұрақ орындары ұлғайтылды. 

Сөз арасында шағын қала үшінші жыл қатарынан қарқынды дамып келе жатқандығын айта кетуіміз керек. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табатын болады.

 

Ақмола облысы,

Степногор қаласы