Келесі кезекте брифингке Израильдің Абсорбция министрлігінің бас ғалымы Зеэв Ханин және осы елдің Инфрақұрылым министрлігінің үйлестірушісі, саяси технолог Юрий Бочаров қатысты.
Кездесуде сөз алған Зеэв Ханин өзге елдермен экономикалық, дипломатиялық, саяси ынтымақтастық орнату тұрғысындағы мәселе бойынша өз ойын былайша жеткізді. «Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің интеграциялық үдерісі, әсіресе, экономикалық интеграция үдерісі бәрімізге қызықты және пайдалы деп ойлаймын. Біріншіден, біз «жеңіл емес» өңірде орналасқандықтан, Израильдің ірі халықаралық ұйымдармен, «мықты экономикалармен» өзара интеграцияда аса бай тәжірибесі бар. Ол – АҚШ. Себебі, бұл ел біздің ірі серіктесіміз. Одан кейін – Еуроодақ. Израиль соңғы уақытта жаңа нарықтарға шыға бастады. Ең бастысы, жоғары технологиялық нарыққа қадам басып келеміз».
Сондай-ақ,ол экономикалық ынтымақтастықтың сан түрлі салалары бойынша, мәселен, индустрияландыру, медицина салаларының аспектілері аясында ықпалдасып келе жатқандарын айтты. «Қазақстан және басқа да елдер біздің әріптесіміз саналады. Қазіргі таңда біз Латын Америкасының, Оңтүстік және Шығыс Азия елдерінің нарығына шыға бастадық. Бұған қоса, Африка бағыты бойынша да қадам жасап келеміз. Әрине, бұл ретте бәрімізді, сарапшылық қауымдастықты, ғылыми-сараптамалық қауымдастықты, Израиль үкіметіне қарасты салаларда жұмыс істейтін ғалымдар шоғырын бір сауал толғандырады. Ол сұрақ: «Еуразиялық одақ дегеніміз қандай одақ, бұл, өңірде біздің алатын орнымыз қандай?» дегенге саяды. Бұл ең алдымен, кезінде Ресей империясы болған, Кеңес Одағы болған, посткеңестік кеңістік болған «Шығыс Еуропаның жандануы». Ал Израиль оның саяси мәдениетінің белгілі бір бөлшегі, Израиль халқының үштен бір бөлігі өзінің тамырымен дәл осы өңір арқылы байланысып жатыр. Сондықтан, еуразиялық өңір біз үшін тек қана «тағы бір мемлекеттер тобы» емес, бұл біздің тарихымыз, біздің жадымыз, бұл өңір – көптеген израильдіктердің шыққан, олардың туған немесе осы жермен қандай да бір тамырластық байланысы бар өңір», – деді ол.
Сондықтан, біздің мұндай интеграциялық үдеріс аясында өзара қарым-қатынасымыз қалай болуы тиіс деген жаңағы сипаттағы сауалымыздың өзегінде бірнеше мәселе жатыр деп есептеймін, деп жалғады сөзін З.Ханин. Біріншіден, Израильдің Еуроодақ сынды ірі ұйымдармен, еуропалық интеграциялық институттармен олардың ассоциацияланған мүшесі ретінде әріптестік орнатуда өз тәжірибесі бар. Біз соңғы уақытта бұл өңірде болып жатқан үдерістер жөнінде көп естіп, көп оқып жүрміз. Ең алдымен, Кеден одағы құрылды, енді, міне, экономикалық одақ құру үдерісі басталды. Бұдан кейін жоғары деңгейдегі Еуразиялық одақ құру, осы елдер арасындағы саяси үйлестіру мәселелері тұр. Мұны, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде айтқан болатын. Бұл орайда, әрине, Кеңес Одағының қайта құрылуы мүмкін деген қауіптену тұрғысындағы мәселе қоғамды толғандырғанын білеміз. Үш елдің мемлекет басшылары қандай шешімді қабылдағанына қарамастан, бұл Одақтың ықтимал серіктестері мен шынайы серіктестері үшін қазіргі таңда «қырғи-қабақ соғыс» алдындағыдай қандай да саяси текетірес аясында қандай бір жаққа жақтасып шығу секілді ешқандай қажеттілік жоқ. Саяси интеграция мен экономикалық интеграция арасында қандай да бір таңдау жасауға болады.
З.Ханин келесі кезекте Израиль үшін осы үш елдің әрқайсысымен, я болмаса олардың барлығымен бірге экономикалық серіктес болу қарапайым, қалыпты қабылданатын прагматикалық таңдау екенін атап көрсетті. «Яғни, бұл жерде мәселені қиындатудың немесе ғаламдық-саяси қабылдауларға сәйкес, жаңа бір мәселе туындатудың еш ретін көріп тұрған жоқпын. Екіншіден, Израиль көлемі жағынан шағын мемлекет болғанымен, технологиялық тұрғыда «супердержава» болып саналады. Біз еуразиялық интеграцияға байланысты танысып, білуге мүмкіндік берілген қолда бар қандай да бір құжаттарды шолып шыққанымызда, не болмаса қандай да бір пікірлерге, құжат жобаларына қатысты сараптама жүргізгенімізде Израильді қызықтыратын салалар бар екенін де байқадық. Ол салалар – индустриялық экономикадан постиндустриялық экономикаға өту үдерісі, жоғары технологиялар жүйесіне жаңа элементтер енгізу. Ал егер, үш мемлекет өзара бірігетін болса, ал оларға болашақта басқа да экономикалық серіктестер ретінде басқа да мемлекеттер келіп қосылатын болса, бұл өз кезегінде дәл осы постиндустриялық экономикаға қажетті әлеуетті кеңейтіп қана қоймай, сондай-ақ, ғылымға негізделген, жоғары технологиялық өндіріс орындарының жандануына да сеп болады. Бұл мәселе Израильді айрықша қызықтырады», деді Зеэв Ханин.
Үшінші кезекте ол Израильдің жаңа өңірлік ұйыммен байланысы аясында Қазақстан-Израиль қарым-қатынасын пайдалануға мүмкін болатындығын, себебі, бұл тәжірибе оң ауанға құрылғандығын атап өтті. «Маған сан түрлі себептерге байланысты бұл мәселені жақынырақ бақылауға мүмкіндік туған болатын. Мәселен, соңғы жылдары біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2 есеге дейін өсті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бұл Израильдің тауар айналымы энергия тасымалдаушыларды сатып алуына ғана байланысты емес, себебі, бүгінде Израиль – қазақстандық энергия көздерін тұтынатын ірі мемлекеттердің бірі. Алайда, ара-қатынас тек бұл саламен ғана шектеліп қалған жоқ. Қазір медициналық технология, биотехнология, хайтек, электроника, жаңа ақпараттық технологиялар салаларында да әріптестіктің жандануына қызығушылық та, мүдделілік те бар. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның экономикалық интеграцияның алаңы болғаны назар аудартарлық жағдай. Демек, Израиль бұл бастаманы құптайды, сондықтан, біздің бәріміз үшін «мүмкіндіктер терезесінің» ашылуын мейлінше пайдалану маңызды деп санаймын», деді ол өзінің сөзінде.
Брифингке келген спикерлерге журналистер, сарапшылар тарапынан әртүрлі сауалдар да қойылып жатты.
Мәселен, сондай бір сауал: «Әлемде бәрібір де геосаясат пен экономика бір-бірімен байланыста болады. Яғни, алшақ жатпайды. Демек, алдағы уақытта, яғни Еуразиялық одақ аясында Қазақстан өзінің сыртқы саяси тәуелсіздігін, көпвекторлы саясатын, өзінің тәуелсіз ұстанымын қалай сақтауы керек? Бұл ретте Израильдің көзқарасы қандай?», деген тұрғыда қойылды.
Юрий Бочаров бұл сұраққа былайша жауап берді: «Біздің қоғамда да дәл осындай мәселе туындап жатады. Егер сіздерде Қазақстан мен Ресей болса, бізде Израиль мен АҚШ. Көптеген БАҚ-тарда бұл мәселелер ашық түрде жазылып, «бұл ел өзге елдің шылауына айналды» немесе «бұл ел АҚШ-тың айтқанына көніп, олардың айтқанымен жүретін ел» деген сипатта сынайтын сан түрлі пікірлер де ауық-ауық айтылып қалып жатады. Алайда, еліміздің ішкі дамуын саралай және бақылай келе, еліміздегі көптеген үдерістердің Израильдің үкіметі мен премьер-министрінің бастамасымен, қолға алуымен жүргізіліп келе жатқанын аңғарамын. Демек, бәрі де ел халқының ішкі күш-жігеріне, мемлекет басшылығының күш-жігері мен мүмкіндігіне байланысты болады. Қазақстан туралы да осыны айтуға болады деп есептеймін. Бір ғана мысал. Мәселен, мен бүгін сіздердің Тәуелсіздік сарайларыңыздың жоғары қабатына көтеріліп, Астана қаласының даму жоспарын көріп, бақылаған кезде ол жерде Қазақстан басшылығының әр кезде әлем бойынша, өңір бойынша үнемі алда болу тұрғысындағы бар арман-мақсаты, тілегі, мүмкіндігі көрініс тапқандай екен. Бұл, әрине, құптарлық жағдай. Менің ойымша, Қазақстан Президентінің күш-жігері осыны жүзеге асыруға, белгілі бір елдің шылауына айналмауына толықтай жетеді деп ойлаймын және соған үмітім бар».
Келесі кезекте журналистер тарапынан: «Ресейге жұмыс миграциясының көп тартылатыны, тиісінше, бұл елге миграцияның көптеп ағылатыны белгілі. Бұл орайда, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы жұмыс миграциясы ағынының, еңбек ресурстарын пайдалану жүйесінің өзгеруіне, яғни оның күшеюі мен азаюына әсер ете ме?» деген сауал қойылды. Бұл сұраққа Зеэв Ханин: «Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртер болсақ, әрине, азаматтар әлеуеті төмен елдерден гөрі, әлеуеті жоғары елдерге көптеп ағылатынын білеміз. Сондықтан, 3 елдің ірі индустриялық орталықтарына миграциялық ағын көптеп тартылуы мүмкін. Бұл, әсіресе, осыған әсер ететін тетік тиімді және дұрыс ұйымдастырылған жағдайда, заңдық тұрғыда қамтамасыз етілген жағдайда кең етек алуы мүмкін. Екінші жағынан алғанда, егер, Израиль мен Еуропа әріптестігінің тәжрибесіне көз жүгіртер болсақ, бұл мәселеде кедергілер неғұрлым аз болса, бірінші кезеңде миграциялық ағын көбейіп, одан кейін ол жағдай тұрақталып, артынша кері ағын орын алуы мүмкін. Мәселен, Израильден 1970, 1980, 1990-жылдары, әсіресе, кәсіби кадрларға байланысты күрделі миграциялық үдеріс болған еді. Олар көбінесе, АҚШ-қа, Еуропаға, Ресейге ағылды. Алайда, 2008 жылдан кейін біз кері үдерістің орын алғанын, яғни мықты израиль мамандарының өз елімізге қайта оралу үдерісін көптеп байқап келеміз. Олардың артынан шетелдік мамандар да тартылуда. Сондықтан, миграцияға «біржақты қозғалыс» ретінде қарауға болмайды. Демек, Еуразиялық экономикалық одақ тудыратын мүмкіндіктер бұл мәселені де жүйелеуге де жол ашады деп есептеймін», деп жауап берді.
Брифинг барысында спикерлерге алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдер санының артуы, мәселен, Израильдің де осындай интеграциялық үдеріске тартылу мүмкіндігі тұрғысында да сауалдар қойылды. Бұл орайда, өз ойын білдірген Юрий Бочаров: «Егер, сіздерде барлығы жақсы болса, тиісінше, көп елдердің тартылу мүмкіндігі де жоғары болады. Иә, Израильді осындай нарықтың, осындай экономикалық мүмкіндіктердің қызықтырмай қоймайтыны сөзсіз. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуының астарында тек экономикалық кедергілерді шешу жолдары ғана жатқан жоқ, оның астарында елдердің өз ішіндегі саяси, заңдық-нормативтік, бюрократтық мәселелерді де шешу бар. Қазір әлемде асқынып тұрған мәселелердің бірі – ол бюрократия. Кез келген президент, кез келген премьер қазіргі кезде өз еліне тиімді шешімді қабылдағысы келеді. Ал бұл шешімді іс жүзінде жүзеге асыру өте қиын. Ал қазір сіздер дәл осындай сипаттағы мәселелерді шешіп жатырсыздар, осындай мәселелермен күресіп жатырсыздар. Ал сіздер осындай кедергілерді жойып, ішкі мәселелерді толықтай шешетін болсаңыздар, онда сөзсіз, Таяу Шығысқа ғана емес, әлемнің басқа елдеріне де қызығушылық тудыратын боласыздар. Ол кезде сіздерге барлығы тартылатын болады», деді.