Батыс Қазақстан облысындағы 505 сайлау учаскесінде дауыс беру қызу жүруде. Орал қаласында бұл күні автобустар мен инвотаксилер тегін қызмет көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов 20 қараша күні таңғы 7-ден түскі 12 сағатқа дейін барлық бағыттағы автобустар және арнайы дайындалған «Инвотакси» қызметінің 35 көлігі жолаушыларды барар жеріне тегін жеткізеіп жатқанын айтады.
Сондай-ақ Орал қаласында Ықсанов және Жәңгір хан көшелерінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылған.
Өңір басшысы Ғали Есқалиев №450 сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып дауыс берді.
«Бүгін біздің отбасының үш буыны ел болашағы үшін дауыс беріп, өз таңдауын жасады. Ел үшін таңдау жасау қашан да маңызды. Сондықтан барлық жерлестерімді саяси мәдениетін көрсетіп, дауыс беруге шақырамын», деді облыс әкімі.
Жалпы Батыс Қазақстан облысында 447 мыңнан аса сайлаушы тіркелген. Орал қаласының өзінде 123 сайлау учаскесі бар. Барлық сайлау учаскесі жұмысын өз уақытында бастады, дауыс беру қалыпты жүруде.
Облыстық көпбейінді перинаталдық орталығы сайлау күні егіз сәби дүниеге келгенін хабарлады. Осындай айтулы күні шаңырағына қуаныш ала келген нәрестелердің ата-анасы ерекше қуанышты. Қазіргі таңда перинаталдық орталық ұжымының дәрігерлері нәрестелер мен анасының денсаулығын бақылауда.